Азаматтық неке

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы, «Майдантал» жалпы орта мектеп КММ. Тарих пәні мұғалімі — Қамбарұлы Дархан.

Тақырып: Отбасы және жастар Сынып: 9 Сабақ түрі: аралас

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік

    Некеге тұру, оның заңдылықтары, отбасының мазмұны мен қызметтері, қазіргі отбасы туралы зерттеулер және отбасындағы қайшылықтар туралы түсінік қалыптастыру.

  • Дамытушылық

    Оқушыларды адамгершілікке баулу, отбасын сақтай білудің және дұрыс тәрбие алудың маңызын ұғындыру.

  • Тәрбиелік

    «Отбасы — шағын мемлекет» қағидасын негізге ала отырып, отбасы құрудағы жауапкершілікті сезінуге тәрбиелеу.

Құралдар, әдістер және байланыс

Көрнекілік

  • Оқулық және схема-кестелер
  • Шежіре тірегі туралы суреттер
  • Мақал-мәтелдер, нақыл сөздер
  • Заң нормаларына қатысты материалдар

Сабақ әдістері

  • Топтық жұмыс
  • Жекелей жұмыс
  • Шығармашылық ізденіс
  • Ой қозғау

Пәнаралық байланыс

  • Әдеп
  • Тарих
  • Әдебиет

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру және үй тапсырмасын қорытындылау

«Жедел сауалдар» ойыны арқылы жасырын сұрақтар қойылып, үй тапсырмасы бекітіледі.

  1. Автохтонды ұлт дегеніміз не?
  2. Ұлтаралық қатынастар дегеніміз не?
  3. Этносаралық қатынастар дегеніміз не?
  4. Жалпы қазақстандық отаншылдық дегеніміз не?
  5. Ұлт дегеніміз не?
  6. Қазақстанда қанша ұлт пен ұлыс мекендейді?

II. Отбасы құрудың басты мақсаты

Қазақстан Республикасының аумағының кеңдігі, табиғи ресурстарының молдығы және оларды игеру қажеттілігі тұрғындар санының тұрақты өсімін өзекті етеді. Әрбір жас азамат отбасы құрып, ұрпақ өрбітуге жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Конституциядағы «ең басты байлық — адам» деген ұстаным демографиялық саясатпен тікелей байланысты.

Халық санын өсіру жолдары

  • 1 Миграциялық: шетелдегі қазақтардың тарихи Отанына оралуына жағдай жасау.
  • 2 Табиғи өсім: отбасыларға толық мүмкіндік беретін әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту.

Отбасы ұғымы: негізгі тұжырымдар

Отбасы — шағын мемлекет. Ол ішкі тәртіп пен жауапкершілікке сүйенеді.

Отбасы — қоғамның тірегі, алғашқы ұясы.

Адам өмірінің мәні көбіне отбасының болуымен өлшенеді.

«Отбасынсыз адам — ормансыз бұлбұл» деген нақыл отбасының рухани маңызын айқындайды.

Отбасы — ерлі-зайыптылардың, ата-аналардың, балалардың және өзге туыстардың өзара қатынасын реттейтін нормалар мен тәртіп үлгілерінің жиынтығымен сипатталатын әлеуметтік институт.

Отбасының түрлері

Толық отбасы

Ата-анасы және балалары бар отбасы.

Толық емес отбасы

Ата-анасының біреуі ғана бар отбасы.

Күрделі отбасы

Ата-ана, бала және басқа да туыстар бірге өмір сүретін отбасы.

Кіндік отбасы

  • Ата-ана және балалары.
  • Тек ата-ана ғана.

Кеңейтілген отбасы

Ата-ана өзге туыстарымен бірге тұратын отбасы үлгісі.

Неке: ұғымы және құқықтық негізі

Неке дегеніміз не?

Неке — отбасын құру мақсатын көздеген ер мен әйелдің ерікті әрі тең одағы.

Заңды неке

Азаматтық хал актілерін тіркеу органында тіркелген неке заңды күшке ие.

Азаматтық неке (тұрмыстық бірге тұру)

Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, ресми тіркеусіз және діни рәсіммен ғана қиылған некенің құқықтық күші болмайды.

Отбасы құрудың негізгі ұстанымдары

  • Еріктілік

    Неке екі жақтың келісімімен жүзеге асады.

  • Құқықтарының теңдігі

    Ер мен әйелдің заң алдындағы тең құқығы сақталады.

  • Араласпау қағидасы

    Бөгде адамдардың отбасылық іске араласуына жол берілмейді.

  • Келісіммен шешу

    Ішкі мәселелер өзара келісім арқылы реттеледі.

  • Балаларға қамқорлық

    Бала құқығы мен қауіпсіздігі — басты құндылық.

  • Құқықтарды қорғау

    Отбасы мүшелерінің құқықтары сот арқылы қорғалады.

  • Салауатты өмір салты

    Денсаулық пен қауіпсіздікті қолдау — отбасы тұрақтылығының негізі.

  • Бір-біріне қамқор болу

    Қолдау, мейірім және өзара жауапкершілік күнделікті әрекеттен көрінеді.

Некеде тұрған тұлғалардың жеке азаматтық құқықтары толық сақталады.

Балалар мен ата-аналардың құқықтары мен міндеттері

Негізгі ереже

18 жасқа толмаған азаматтар бала болып есептеледі. Ата-ананың балалар алдындағы құқықтары мен міндеттері тең.

Ата-ананың басты міндеттері

  1. Балалардың денсаулығын қадағалау.
  2. Оларды тәрбиелеу.
  3. Орта білім алуын қамтамасыз ету.

Отбасының тұрпаттары және қарым-қатынас мәдениеті

Тұрпаттар

  • Моногамды отбасы
  • Полигамия
  • Полиандрия

Отбасындағы қарым-қатынастың тіректері

Теңдік

Екі адамның қадір-қасиеті мен құқығы бірдей бағаланады.

Сыйластық және махаббат

Отбасының негізі — өзара құрмет пен сүйіспеншілік.

Жауапкершілік

Шешім мен әрекет салдарын бірге көтере білу.

Сенім

Тұрақтылықтың ең мықты іргетасы.

Некеге рұқсат етілмейтін жағдайлар

  • 1) Егер некеге тұрғысы келген адам басқа біреумен некеде тұрса.
  • 2) Тікелей және жанама туыстар арасында некеге тұруға тыйым салынады.
  • 3) Асырап алынған (немесе бауырына салынған) ұл мен қыз бір отбасында бірге тәрбиеленсе, дәстүрлі түсінікте олар туыс деп саналады.
  • 4) Ақыл-есі ауысқан немесе ақылы кем адамдардың некелесуіне тыйым салынады.

«Ата салтың — асыл қазынаң»: шежіре туралы ой

Бір аңызда көрші отырған қазақ тайпаларымен Цинь империясы жиі соғысқаны айтылады. Қанша рет қырып-жойып, жерін басып алса да, қазақтың жас буыны өсіп жетілген сайын жанкешті күреске шығып, ата қонысын қайтара берген.

Цинь патшасына ұзақ жыл қазақ арасында жансыз болып жүріп, халықтың құдіретті күші неде екенін зерттеген бір ғұлама: «Бұл халықта шежіре деген қасиетті кітап бар. Ол құрымай, бұл халықты құрта алмайсыз. Өйткені шежіре ұрпаққа рух береді, ұлттық қасиетті сақтайды; ата-бабаның жерін, тілін, дәстүрін сол арқылы үйреніп, қуат алады», — деген екен.

Халық осы асыл қазынаны жадында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізіп отырған. Алайда бүгінде жеті атасын білмейтіндер көбейіп, туыстық байланыстар әлсіреп барады. Жесірін жылатпаған, жетімін жатқа телміртпеген, үлкенді қадір тұтып, кішіге қамқор болған қасиеттерді жаңғырту — уақыт талабы.

Термин сөздер: қысқа ойын

Төмендегі ұғымдарды түсіндіріп, күнделікті өмірмен байланыстырып көріңіз.

Отбасы Неке Моногамия Полигамия Сенім Жиен Бөле Нағашы Төркін Құда Бажа Бала

Өзіндік жұмыс: артықшылықтар мен кемшіліктер

Мақсаты — қоғамдағы ерлер мен әйелдерге қатысты айырмашылықтарды оқушылардың қалай қабылдайтынын түсінуге көмектесу.

Ер балаларға тапсырма

Қыз балалардың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы ойыңызды жазыңыз (жеке пікір, құрметті тіл).

Қыз балаларға тапсырма

Ер балалардың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы ойыңызды жазыңыз (жеке пікір, құрметті тіл).

Отбасындағы қайшылықтар

Талқылау сұрағы

«Отбасында қандай қайшылықтар болады?» — әр оқушы өз пікірін қысқа әрі нақты түрде айтады.

Мысалдар: ажырасу себептері

  • Ресей: ішімдікке салыну, мінездің сәйкес келмеуі.
  • Эстония: жұбайлардың опасыздығы.
  • Армения, Грузия, Өзбекстан: ата-анаға дұрыс қарамаушылық.

Осы деректерден кейін «Қазақстанда себептер қандай?» деген сұрақ талқылауға ұсынылады.

Қорытынды

Отбасы — ерекше әлеуметтік институт. Оның қалыптасуы мен дамуына қоғамның ықпалы зор: қоғамдағы дағдарыс отбасындағы дағдарысты күшейтеді, ал экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани тұрақтылық отбасының да тұрақтануына әсер етеді.

Үй тапсырмасы

§ 19–20. «Отбасы және жастар».