Дос деген кім
Тәрбие сағатының мазмұны
Бұл тәрбие сағаты достықтың адам өміріндегі маңызын ашуға, шынайы достықтың белгілерін түсіндіруге және оқушыларды адамгершілікке, адалдыққа, татулық пен мейірімге тәрбиелеуге бағытталған.
Мақсаттар
- Достың өмірдегі орны мен маңызын түсіндіру, шынайы достықтың белгісін таныту.
- Сұрақтарға толық әрі дәл жауап беруге үйрету.
- Адалдыққа, тату болуға, мейірімділікке баулу; әр оқушыға досының жақсы қасиеттерін үлгі етіп, бойына сіңіруге ықпал ету.
Түрі
Сайыс-сабақ (интерактивті тәрбие сағаты).
Көрнекілігі
- Нақыл сөздер
- Суреттер
- Түрлі түсті қағаздар
- Плакат
- Слайд
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасу, көңіл күйді қалыпқа келтіру, сабақ мақсатын қысқаша хабарлау.
2) «Шаттық шеңбері»
Әрқашан дос біргеміз,
Ажырамас іргеміз.
Ту ғып ұстап бірлікті,
Тату-тәтті жүреміз.
3) Топқа бөлу
«Атомдар мен молекулалар» жаттығуы арқылы оқушыларды шағын топтарға бөлу.
4) Ән тыңдау және тақырыпты ашу
«Достарым» әнін тыңдап, талқылау арқылы тақырыпқа шығу.
Талқылау сұрағы
Ән не туралы болды?
Талқылау сұрағы
Дос деген кім?
Қорытынды сұрақ
Бүгінгі тәрбие сағатында не туралы әңгімелейміз?
5) Кіріспе ой: «Достық деген не?»
Дос — ақылшы, көмекші, сырлас, жақын, адал, шыншыл жан. Достық — адам өміріндегі ең қызықты да қымбат сезімдердің бірі; қиын сәтте қасыңнан табылып, қолдау көрсететін адамның саған деген адал ниеті.
Адалдықсыз достық болмайды. Адалдық — рухани тазалық. Ал достық — адамдардың бір-бірін жүрек қалауымен жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес әрі мұраттас болуы.
Ой қозғайтын сұрақтар
- Сенің досың бар ма? Ол кім?
- Достық шынайы сезім бе, әлде жай ұғым ба?
- Достық жасқа байланысты ма?
- Қыз бала мен ер баланың арасында достық бола ма?
- Жақсы дос пен жаман дос қандай болады?
- Дос қандай болу керек?
6) «Ой шақыру» (2 минут)
Сөйлемді жалғастыр
Мен досыма сенемін, себебі мен…
Сөйлемді жалғастыр
Әрбір адамға дос керек, өйткені…
Сөйлемді жалғастыр
Сыйластық бар жерде…
7) Әңгіме: «Шын достың сыны»
Ертеде, Есім хан ел билеген заманда бір шағын қалашыққа Досымбек атты талантты да әділетті жігіт қазы болып сайланыпты. Ақкөңіл, адал ниетті жас ел сенімін ақтап, әділ билік жүргізеді.
Бір күні ол әкесіне: «Әке, қазір дос-жаран көбейді. Бәрі де “қиындықта қасыңнан табыламыз” дейді», — деп сырын ашады. Әкесі Сабыржан: «Оны келешекте Алла біледі. Ертең бір ғибрат көрсетейін», — дейді.
Келесі күні әкесі түйе жеккен арбаға бір серкені киіз сырмаққа орап, өлген кісіше жатқызып қояды. Сосын: «Сен үндемей тұр. Сөзді мен айтамын», — деп, әр досының үйіне бірге барады.
Үй иелеріне: «Балам істі болып қалды. Оқиғада бір адам өліп қалды. Шын дос болсаң, арбаны өлігімен бүгінше паналат», — дейді.
Бірі де келіспейді: «Пәлеңнен аулақ, мұны алып кетіңдер!» — деп кері қайтарады. Бір үй ғана: «Өлікті қалдырыңдар, арба мен көлікті алып жүре беріңдер» — деп әзер келіседі.
Ең соңғы досы болса: «Досым үшін жаным садаға! Арбаны да, көлікті де, өлікті де осында қалдырып, өздерің кете беріңдер», — дейді.
Сонда әкесі: «Балам, қиындық түскенде жаныңнан табылатын шын дос — жүз кісінің ішінен бірен-саран ғана», — деп түйін жасайды.
Талқылау
Оқушылардың пікірлері тыңдалып, «шын достық» пен «жалған жақындықтың» айырмасы қорытындыланады.
8) Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары арқылы сергіп, топтық жұмысқа қайта шоғырлану.
9) Топтық жұмыс: «Достық үйін қалау»
«Бес саусақ бірікпей, ине қолға ілікпейді» дегендей, бәріміз жұмыла әрекет етіп, достықтың негізін құрайтын қасиеттерден «үй» құрастырамыз: сыйластық, сенім, адалдық, қамқорлық, кешірім, жауапкершілік.
10) Қорытынды бөлім
Бүгін біз достықты берік сақтау және оны нығайту үшін қажетті жақсы қасиеттерді бойымызға сіңіруге талпындық, ал жаман әдеттерден арылудың маңызын түсіндік. Алдағы уақытта өмірімізге нәр беретін, сын сәтте қасымыздан табылатын достарымыз көбейе берсін.
«Алақан» тренингі
Әр оқушы алақан бейнесіне сыныптасына жылы тілек жазып, «мейірімді жүрекке» іледі.
Кері байланыс
Оқушылар смайликтер арқылы сабақтан алған әсерін, көңіл күйін білдіреді.
11) Әнмен аяқтау: «Дос туралы жыр»
Сабақ Т. Молдағалиевтің сөзіне, С. Бәйтерековтің әніне жазылған «Дос туралы жыр» әнімен қорытындыланады.
Іздегенде табылатын қасыңнан,
Көңілі бар қызғалдақтай ашылған.
Көріспесе сағыныштан жүдейтін,
Кім бар жақын бала күнгі досыңнан.
Жан досым, үстем болсын мерейің,
Әрқашан жеңісіңді көрейін.
Сырымыз да бітпесін,
Жырымыз да бітпесін.