Математика пәнін оқытуда сыни ойлауды дамыту

Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Досан негізгі орта мектебі (МКМ)

Математика пәнінің мұғалімі: Тайтелиева Ақмарал

Жаратылыстану-математикалық пәндер бірлестігі

Баяндаманың тақырыбы

Математика сабағында сыни ойлауды дамыту

Жоспар

  1. 1

    Кіріспе

    «Білім беруді дамытудың инновациялық әдіс-тәсілдері»

  2. 2

    Негізгі бөлім

    • 2.1.Математика пәнін оқытуда сыни ойлауды дамыту
    • 2.2.Блум таксономиясы бойынша жоспарлау
    • 2.3.Тізбектелген сабақтар топтамасы бойынша талдау
    • 2.4.Бірлескен оқу үдерісінің негізгі сипаттамасы
  3. 3

    Қорытынды бөлім

    «Оқыту және оқу сапасын арттыру — мұғалімнің басты міндеті»

Кіріспе

Білім беруді дамытудың инновациялық әдіс-тәсілдері

А. Байтұрсынұлы

«Басқа халықтардан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек».

Ертеңгі күннің бүгінгі күннен асып түсуіне ықпал етіп, адамзат қоғамын алға жетелейтін құдіретті күш — білім. Білім беру — оқыту, тәрбие және дамытудың үздіксіз үдерісі.

Білімді түрлендіруде және білім беру үдерісін реформалауда зерттеуші мұғалім мен көшбасшы мұғалім жаңа формация мұғалімі ретінде орталық тұлғаға айналады. Қазіргі мұғалімнің алдында оқушыларға сапалы білім беру үшін инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу міндеті тұр.

Дәстүрлі, өнімсіз оқыту стилін ығыстырып, оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін сындарлы білім беру моделіне көшу — әлемдік білім берудің стратегиялық бағыттарының бірі.

Жаңа формация мұғалімі қызметінің мақсаты

Оқушының өзін-өзі тұлғалық дамытуына жағдай жасау.

Қалай оқу керектігін үйрету

Оқу барысында туындаған проблемаларды шешу дағдыларын қалыптастыру.

Өмірлік мәселелерді саралау

Экологиялық, саяси, ұлтаралық және өзге де өзекті тақырыптарды талдай білу.

Рухани құндылықтарды меңгерту

Құндылықтарды бойына сіңіруіне ықпал ету.

Құқықтық мәдениет

Отбасында және мектепте жеке тұлғалық құқықтарын сақтай білуге тәрбиелеу.

Мамандық таңдауға бағыт беру

Дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін бағдар ұсыну.

Инновация (лат. innovatis) — «жаңалық», «жаңаша», «жаңалық енгізу» деген мағынаны білдіреді.

Технология — бағдарламаланған оқыту әдіс-тәсілдері, дидактикалық материалдар, құрал-жабдықтар сияқты оқытудың объективтік факторларының жиынтығын белгілі бір іс-әрекетте нәтижеге жету құралы ретінде қарастыру.

Педагогикалық технология — мұғалімнің кәсіби қызметін жаңартатын және жоспарланған нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін іс-әрекеттер жүйесі.

Әрбір технология өзіндік жаңа әдіс-тәсілдерімен ерекшеленеді. Мұғалім оларды ізденіс арқылы оқушының қабілетіне, қабылдау деңгейіне сай іріктеп қолданады. Осы арқылы оқушыны бастауыш сыныптардан бастап шығармашылық ойлауға, қалыптан тыс шешім қабылдауға және практикалық әрекеттерге дайын болуға үйретеміз.

Гуманистік ұстанымдар (Н. Ә. Назарбаев)

Жаңа формация мұғалімі — рухани дамыған, әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдарды шебер меңгерген, өзін-өзі үздіксіз жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастыру мен дамыту үшін жауапты.

  • Бақылаудың орнына

    ынталандыру

  • Мәжбүрлеудің орнына

    кеңес беру

  • Ауыстырудың орнына

    сенім білдіру

  • Үгіттеудің орнына

    түсіндіру

  • Жоюдың орнына

    тегістеу

  • Басқарудың орнына

    қатысу

  • Мәжбүрлеудің орнына

    таңдау ұсыну

  • Айғайлаудың орнына

    әзіл мен жылы қарым-қатынас

  • Кінәлаудың орнына

    қорғау

  • Бұйрық беріп тексерудің орнына

    кәсіби көмек көрсету және қолдау

Негізгі бөлім

2.1. Математика пәнін оқытуда сыни ойлауды дамыту

Математика сабағында диалог арқылы оқыту тәсілін қолдану — сыни ойлауды дамытудың негізгі қозғаушы күші. Диалогтік әңгімені күшейтудің тиімді жолы — сұрақ қою әдісін әр сабақта жүйелі қолдану. Бұл жағдайда оқушылар шағын топтарда бірігіп, идеяларымен алмасады, талқылайды және бағалайды.

Мұғалім үшін ең маңызды міндет — оқушының білімге құштарлығын арттыру, өздігінен білім алуға жетектеу, еңбекке баулу және жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Ол үшін жаңартылған әдіс-тәсілдерді тұрақты, мақсатты қолдану қажет.

Зерттеу нысаны ретінде 6-сыныпта математика пәні бойынша «Бір айнымалысы бар сызықтық теңдеу» тақырыбын меңгертуде сыни ойлауды дамыту мақсатында Ж. Қараевтың деңгейлеп-саралап оқыту технологиясын қолдандым. Бұл жұмыс бір сабақпен шектелмей, 5 сағатқа бөлінген жоспар арқылы жүргізілді. Аталған технология оқушылардың ой-өрісін дамытып, өз бетінше ойлау қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Сабақтар топтамасында қолданылған әдіс-тәсілдер

Технологияның 4 деңгейден тұратын талаптарын іске асыру үшін төмендегі тәсілдер жүйелі қолданылды.

1) Сұрақ қою әдісі

Негізгі мақсат — бастапқы білім мен соңғы білімді байланыстыру.

Оқушыларды сыни ойлауға бағыттау үшін сұрақты қалай қою керектігі маңызды болды. Қате жауапқа бірден түзету бермей, қайта бағыттау арқылы диалог құру тиімді екенін байқадым. Мұндай сұрақтар оқушының ой-пікірін жүйелеуге және өзін-өзі реттеу дағдысын дамытуға ықпал етеді.

«Дұрыс деп ойлайсыңдар ма?»
«Тағы қандай пікір айтар едіңдер?»
«Жауаптың дұрыс екеніне сенімдісіңдер ме?»
«Неге сүйенесің?»
«Толықтыруға бола ма?»
«Мысал келтіре аласың ба?»

Есептерді еркін таңдау және шығару тәсілдерін талқылау барысында оқушылар өзін-өзі және сыныптастарын бағалауға мүмкіндік алды. Топтар арасындағы пікір алмасу кезінде бір-бірінің қателігін де, өз идеясының құндылығын да түсіне бастады.

2) Миға шабуыл әдісі

Brainstorming — белгілі бір проблеманы қарқынды талқылау арқылы шығармашылық белсенділікті ынталандыратын тәсіл. Бұл әдісте оқушылардың ойлауы мәселені шешуге арналған түрлі идеяларды ұсынуға және дамытуға бағытталады.

3) Джигсо (мозаика)

Jigsaw (Эллиот Аронсон) — оқушылардың білімдік міндеттерді шешу мақсатында ынтымақтасып жұмыс істеуін ұйымдастыратын оқыту әдісі.

4) Диалогтік оқыту

Dialogic teaching — оқу материалын түсіндіру және меңгерту үдерісін сұхбатқа негіздеп ұйымдастыру. Бұл тәсіл оқушыларды проблеманы анықтауға, шешім ұсынуға және оқу әрекетіне белсенді қатысуға жетелейді.

5) Белсенді оқу әдістері

Active learning methods — оқу материалының мәнін өз бетінше, бастама көтере отырып, шығармашылықпен игеруге бағытталған амалдар. Мысалы: дебат, пікірталас, рөлдік ойындар, жоба жүргізу және т.б.

6) Тактикалық оқыту

Tactical education — оқушыларды көбіне тестілеуден сәтті өтуге бағыттап даярлау арқылы жетістіктерін өлшеуге құрылған тәсіл.

Нәтиже

Зерттеу сабақтар топтамасын өткізу нәтижесінде сындарлы оқытуды жүзеге асыруға арналған жаңартылған әдіс-тәсілдердің кестесі құрастырылды.

Толық нұсқасы: «Толық нұсқасын жүктеу» бөлімі арқылы ұсынылады.

Толық нұсқасын жүктеу