Кері байланыс

5-сынып (5 «А») Қазақстан тарихы Оқу мақсаты: 5.3.1.1

Сақтар туралы тарихи мәліметтер

Зерттеу сұрағы: сақтар туралы мәлімет беретін дереккөздер қандай?

Мұғалім
Алькенова Г. Б.
Пәнаралық байланыс
География, дүниежүзі тарихы

Сабақтың негізгі идеясы

Бұл сабақта оқушылар сақтар туралы мәлімет беретін негізгі дереккөздерді (ежелгі авторлар жазбалары, парсы және иран деректері, карта және археологиялық материалдар) ажыратып, тайпалардың орналасуын карта арқылы дәлелдеуді үйренеді.

Оқу мақсаттары және күтілетін нәтиже

Барлық оқушылар

  • Сақтардың қоныстанған аймақтарын біледі.
  • Сақтар туралы жазған тарихшыларды атайды.

Оқушылардың басым бөлігі

  • Сақтардың атауларын ажыратады.
  • Дереккөздерге сүйеніп, дәлел келтіреді.

Кейбір оқушылар

  • Сақтардың орналасуын кескін картаға түсіреді және сипаттайды.
  • Дереккөздерге сүйеніп, тайпалардың айырмашылықтарын талдайды.

Бағалау критерийлері

Оқушылар жеке, жұптық және топтық тапсырмаларды орындай алады; пікірін дәлелдеп, карта мен деректерді қолданады.

Ресурстар мен әдістер

  • Оқулық, суреттер, кеспе қағаздар, стикерлер
  • Бейнематериал, топтық тапсырмалар, кері байланыс
  • Сұрақ-жауап, түсіндіру, ойын, көрнекілік

Сабақ барысы

Басталуы (шамамен 5 минут)

Психологиялық ахуал: «Жүректен – жүрекке»

Оқушылар шеңберге тұрып, қасындағы оқушысына жылы тілек айтады.

Ұйымдастыру және топқа бөлу

Оқушылар қаламдары арқылы топтарға бөлінеді. Топ атаулары тарихи тұлғалардың есімімен аталады: Геродот, Страбон, Арриан.

Миға шабуыл сұрақтары

  • Геродот, Страбон, Арриан кімдер?
  • «Дерек» деген ұғымды қалай түсінесіңдер?

Сабақтың мақсаты мен бағалау критерийлері түсіндіріледі. Оқушылар «Сақтар туралы мәліметтер» тақырыбындағы бейнематериалды тамашалайды.

«Ойлан, бөліс»

  • Бейнематериалдан нені байқадыңдар?
  • Онда кімдер туралы айтылды?

Үй тапсырмасын пысықтау: «Көпір» сұрақтары

  1. Сақтар қай жерлерді мекендеген?
    Б.з.б. I мыңжылдықта Жетісу мен Түркістаннан Қара теңіз бойына, Алтайдан Хорезмге дейінгі кең аумақты мекендеген.
  2. Сақ тайпаларының ішінде қанша билеуші әулет болды?
    Үш әулет.
  3. Жоғары билікке ие болған тұңғыш патша әулеті?
    Колаксай.
  4. Сақтардың қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарған институт?
    Халық жиналысы.
  5. Геродот сақтарды қалай атаған?
    Скифтер.
  6. Тарихи әдебиеттерде бұл дәуір қалай аталады?
    Ерте темір ғасыры, ерте көшпелілер кезеңі, сақ дәуірі.
  7. Сақтар қандай шаруашылық түрлерімен айналысты?
    Көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы мал шаруашылығы.
  8. Сақтар қандай жануарларды қолға үйретті?
    Жылқы, қой, ірі қара, түйе.
  9. Сақтардың негізгі баспанасы?
    Киіз үй.
  10. Сақ қоғамы нелерге табынған?
    Аруақтарға, отқа, күнге, жылқыға.

Топтық жұмыс (шамамен 10 минут)

1-топ: Деректерді реттеу

Оқушылар сақтар туралы өз ойларын жылдам айтып шығып, деректерді орын-орнына қояды.

  • Иран жазбаларында: «жүйрік атты турлар».
  • Ежелгі грек деректерінде: «азиялық скифтер».
  • Парсы деректерінде: «құдіретті еркектер».

2-топ: Сақтардың атаулары және қоныстануы

Шошақ бөрікті сақтар (тиграхауда)

Сырдарияның орта ағысы, Тянь-Шань, Жетісу.

Теңіздің арғы жағындағы сақтар (парадарайа)

Қара теңіздің солтүстігі, Арал маңы, Сырдария мен Әмударияның төменгі ағысы.

Хаома сусынын дайындайтын сақтар (хаумаварга)

Мұрғаб аңғары.

3-топ: Карта бойынша жұмыс

Оқушылар картадан сақ тайпаларының қоныстануын көрсетіп, қысқаша сипаттайды.

Тиграхауда

Жетісу, Тянь-Шань, Сырдарияның орта ағысы; қазіргі Ташкент аумағы, Солтүстік Қырғызстан, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу өңірлері.

Парадарайа

Қара теңіздің солтүстігі, Арал бойы, Сырдарияның төменгі ағысы.

Хаумаварга

Хаома сусынына байланысты аталған; Мұрғаб аңғарында (қазіргі Түрікменстан аумағы) өмір сүрген.

Білу: «Мұражайға саяхат»

Әр топқа сақтарға қатысты бірнеше сурет ұсынылады. Топтар өзіне ұнаған суретті таңдап, қысқаша мәлімет береді және «мұражай экспозициясына» орналастырады.

Томирис

Тарихи тұлға, сақтардың ерлік дәстүрін танытатын бейне.

Алтын киімді адам

Археологиялық олжа арқылы мәдениет пен идеологияны түсіндіру.

Сақ сарбаздары

Жауынгерлік дәстүр, қару-жарақ, әскери тәртіп туралы талдау.

Постер қорғау

1-топ: Сақтардың шаруашылығы

Мал шаруашылығының түрлері, тұрмыс және қоныстану ерекшеліктері.

2-топ: Сақтардың мәдениеті

Археологиялық деректер, өнер, киім үлгісі, символика.

3-топ: Сақтардың діні мен тілі

Наным-сенімдер, табыну нысандары және тарихи түсініктер.

Кері байланыс және бағалау

«Қол шапалақтау» әдісі арқылы топтар бірін-бірі бағалайды.

Қолдану: «Кімнің сөзі?» тапсырмасы

1-топ

«Киімі мен өмір сүру дағдысы скифтерге ұқсас. Олар егін екпейді, үй малдары мен өзеннен аулайтын балықтарды азық етеді. Сүт ішеді».

Жауабы: Геродот

2-топ

«Жазық жерде тұрғанымен, олар егіншілікпен айналыспайды; көшпелілер. Скифтер сияқты малшылықпен және балық аулаумен күн көреді».

Жауабы: Страбон

3-топ

«Спитаменнің атты әскері оларды қоршауға алып, садақпен атып, түгел қырып салды».

Жауабы: Арриан

Аяқталуы

Сабақты бекіту және кері байланыс

«Білім сандығы» әдісі: оқушылар сабақтан түйген ойларын жазып, сандыққа салады. Ұсыныс пен тілектерін кері байланыс парағына қалдырады.

Бағалау

Ұпайлар есептеліп, жеңімпаз топ анықталады. Топ ішіндегі оқушыларға жеке бағалау жүргізіледі.

Үй тапсырмасы

«Алтын адам» археологиялық олжасы бойынша зерттеу: Есік обасынан табылған Алтын адам кім болған? Қосымша: «Туған ел» бағдарламасы аясында «Біздің айналамыздағы тарихи ескерткіштер» тақырыбында эссе жазу.

Қорытынды ой

Сақтардың көшпелі салты мен жауынгерлік дәстүрлері көптеген халықтар арасында ерекше орын алды. Бұл құндылықтар бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ: қазақ халқының арғы ата-бабалары да Отан үшін жанын аямаған, ерлігімен даңқы артқан. Ерлік дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жалғасып келеді.