Зергерлік бұйымдар мен қолөнер бұйымдарының ұлтымыздың тарихындағы алатын орны жайлы түсінік беру, ұлттық өнерді қастерлеуге тәрбиелеу
Сабақтың тақырыбы: Он саусақ
Бұл сабақ қазақ халқының «он саусақ» ұғымына сыйған еңбек мәдениетін, қолөнер мен зергерлікті, ұлттық киім мен тағам даярлау дәстүрін таныстыруға бағытталған.
Білімділік
Он саусақпен жасалатын қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарына, зергерлік әшекейлерге, ою-өрнекке, киім-кешекке және тағам түрлеріне жалпы сипаттама беру; олардың қыр-сыры мен мәнін түсіндіру.
Тәрбиелік
Зергерлік және қолөнер бұйымдарының ұлтымыз тарихындағы орнын ұғындыру, ұлттық өнерді қастерлеуге тәрбиелеу.
Дамытушылық
Халық шеберлерінің қолмен жасаған бұйымдары мен суреттері, тарихи жәдігерлер және қазақтың ұлттық тағамдары арқылы оқушының таным көкжиегін кеңейту.
Сабақтың көрнекілігі
-
1
Қанатты сөздер
-
2
Зергерлік және ұлттық бұйымдар көрмесі
-
3
Ұлттық тағамдар үлгілері
-
4
Ұлттық киімдер таныстырылымы
Сабақтың барысы
1) Кіріспе
Он саусақпен жасалған зергерлік бұйымдар мен ұлттық қолөнердің тарихы, сондай-ақ ұлттық тағамдар мен ұлттық киімдер туралы түсінік беріледі.
2) Оқушылардың ізденісі
Оқушылар он саусақпен істелетін бұйымдар мен тұрмыстық заттардың шығу тарихын зерттеп, олардың жасалу жолын, қолданылатын материалдарын және қолданылу мақсатын анықтайды.
3) Қорытынды бөлім
Ата-бабамыз ерте заманнан бері маңдай терімен тіршілік етіп, жер жыртып, егін егіп, мал бағып, екі қолымен еңбек етіп күн көрген. Еңбек жолы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, «екі қол, он саусақ» тіршіліктің өзегіне айналды.
Мысал: Нан қалай келеді?
- Жер соқамен жыртылады.
- Дән себіледі, суарылады.
- Піскен егін орылады, қырманға жиналады.
- Дән өңделіп, келіге түйіліп, диірменге тартылады да ұн алынады.
- Ұннан қамыр иленіп, ашытылып, нан пісіріледі.
Соңында ғана дайын нан адамға жетеді. Осы үдерістің барлығы еңбектің, екі қолдың және он саусақтың күшімен атқарылады. Дайын ұн мен дайын нанның артында — маңдай тер мен шеберлік бар.
Қолөнер мен зергерлік дәстүрі
Қазақ халқы көне заманнан-ақ қолөнер мен зергерлікке ерекше мән берген. Бұл — сәндік әрі қолданбалы өнердің кең тараған салаларының бірі. Алтын, күміс, асыл тас және сүйек сияқты материалдар қолданылып, сән-салтанатқа арналған әшекейлер, тұрмыстық бұйымдар, ер-тұрман, сауыт-сайман және қару-жарақ безендірілген.
Қазақ зергерлері қыз-келіншектерге арналған сырға, білезік, жүзік, сақина, шолпы, бойтұмар, алқа, қаптырма сияқты әшекейлерді, сондай-ақ үй ішінің мүліктері мен музыкалық аспаптарды да көркемдеп жасаған. Бұл бұйымдар ата-бабамыздың талғамы жоғары, шеберлігі кемел болғанын айқын көрсетеді.
Өлең жолдары: еңбек пен шеберлік туралы
Әркімге керек қолөнер,
Он саусаққа — он өнер.
Түгел болар дүниең,
Біліп алсаң оны егер.
Кесте тіге алмайтын
Болмаушы еді қыз бұрын.
Жасауын өзі қамдайтын —
Төсек жапқыш, жүк жапқыш.
Түбіт түтіп, шүйкелеп,
Саусаққа әже іледі.
Сұрамайды бір көмек,
Бәрін өзі біледі.
Біреуі жүн жаймалап,
Біреуі су себеді.
Енді бірі шиге орап,
Жабылып бәрі тебеді.
Жүн тұтасса бірігіп, қайта жазып алады,
Ширықсын деп кірігіп, білекке енді салады.
Ыстық су құйып үстіне — киіз пісті де,
Сыннан өтіп сан қилы еңбек іске асты.
Әжем киім тіккенде тастамапты қиықты,
Әр алуан қиық түскенде дорбаға салып жиыпты.
Ұлттық тағам және тұрмыс еңбегі
Тағам дайындау да — он саусақтың еңбегін қажет ететін үлкен өнер. Қамыр илеу, нан пісіру, сиыр сауу, май шайқау, түрлі тағам, салат және сусын әзірлеу — барлығы да ұқыптылық пен машықты талап етеді.
Қорытынды ой
Қорыта айтқанда, кетпен шауып жер жыртудан бастап күнделікті тіршілікке дейінгі барлық іс екі қолсыз, он саусақсыз бітпейді. Жаңа туған сәбиден еңкейген кәріге дейін адам баласы өмір бойы еңбегімен, қолының күшімен тіршілік етеді. Осыны ұмытпайық.
Автор
Қ. И. Сәтбаев атындағы №216 орта мектебінің технология пәні мұғалімі — Медеубаева Ормангүл