Қане бәріміз айтып көрейікші

Оқу іс-әрекетінің технологиялық картасы (ересек топ)

Білім беру саласы

Қатынас

Бөлімі

Дыбыстау

Тақырыбы

«Ш» дыбысы

Көрнекілік құралдар

  • Плакаттар
  • Ойынға арналған суреттер
  • «Ш» дыбысы бар суреттер

Мақсаты

1) Білімділік

Балаларды «Ш» дыбысымен, әріп таңбасымен және дыбыстың артикуляциясымен таныстыру. «Ш» дыбысы бар сөздерді ойлап айтуға назар аударту.

2) Түзетушілік

«Ш» дыбысын буында, сөзде, сөйлемде дұрыс айтуға машықтандыру. Байланыстырып сөйлеуге үйрету.

3) Тәрбиелік

«Ш» дыбысын дұрыс айтуға дағдыландыру, қуыршаққа көмектесу арқылы аяушылық пен қамқорлық қасиеттерін қалыптастыру.

Логопедтің іс-әрекеті

1. Шаттық шеңбері

Ұйымдастыру кезеңі

Қане, қане, тұрайық,
Үлкен шеңбер құрайық.
Тұрсақ енді шеңберге,
Алақанды ұрайық.
Бишілерше бұралып,
Дөңгелене билейік.

2. Тыныс алу жаттығуы

Дайындау

Далада жел соққанда ағаш жапырақтары қалай сыбдырлайды?

Логопед екі қолын жоғары көтеріп, оңға және солға бұрып көрсетеді. Балалар қимылды қайталап, тынысты дұрыс реттеуге назар аударады.

Бүгінгі оқу іс-әрекетімізге Қуыршақ келді. Ол сендерден көмек сұрайды: қуыршақ қолшатырын жоғалтып алған екен. Қолшатырды орманда жүрген қасқыр алып кетіпті. Қасқыр: «Балалармен бірге тапсырмалардың бәрін орындасаңдар ғана қолшатырыңды қайтарамын», — депті.

Балалар, қуыршаққа көмектесеміз бе?

3. Жұмбақ шешу

Белсендіру

Шағала боп шалқарды
Шарлаймын, шарқ ұрамын.
Шанышқының басындай
Үш тармақтан тұрамын.

Жауабы: «Ш»

Қыста үйге кірмейді,
Көктем шықса жүрмейді.

Жауабы: шана

Айырға аздап ұқсаймын,
Сабы жоқ, бірақ ұқсаймын.
Тарақты еске саламын,
Қай әріппін, кім табады?

Жауабы: «Ш»

Балалар, сөздің басынан қандай дыбыс естіледі? Дұрыс, бүгін біз «Ш» дыбысымен танысамыз.

Әріп таңбасы

Логопед «Ш» әрпінің таңбасын көрсетеді.

Айтуға жаттықтыру

Барлығымыз бірге айтып көрейік: Ш-Ш-Ш.
Енді А-А-А дыбысын қайталайық.

«Ш» дыбысын «А» дыбысы сияқты кедергісіз айта аламыз ба? Жоқ, өйткені тіл мен тіс кедергі жасайды. Осындай кедергімен айтылатын дыбыстарды дауыссыз дыбыстар дейміз. Оларды көк түсті текшемен белгілейміз.

4. Тапсырма

Қолдану

Суреттегі заттарды атаңдар. «Ш» дыбысы сөздің қай жерінде естіледі: басында ма, ортасында ма, әлде соңында ма?