Мақалды жалғастыр
Мақсаты
Оқушылар арасында жағымды қарым-қатынас қалыптастыру; бір-бірін сыйлауға, адал дос болуға және қоршаған ортамен достықта өмір сүруге үйрету; коммуникативтік дағдыларын дамыту.
Оқушылардың Отанға, туған жерге, анаға және досқа деген сүйіспеншілігін арттыру. Достық сезімін дұрыс түсініп, бағалай білуге баулу.
Сабақтың түрі
Пікірталас
Көрнекіліктер
- Слайдтар
- Стикерлер
- Орындық
- Қолдың сызбасы
- Мақал-мәтелдер
Әдіс-тәсілдер
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сабақты жылы атмосферадан бастап, оқушыларды ортақ жұмысқа жұмылдыру.
II. «Шаттық шеңбері»
Халық даналығында: «Өзің жақсы болсаң — досың көп, жаман болсаң — досың жоқ, орташа болсаң — бір жақсыға ілесе аларсың» деген ой бар. Сол үшін барлығымыз шаттық шеңберіне жиналып, бүгінгі күннің тамаша өтуіне арнап бір-бірімізге ізгі тілектер айтамыз.
Ойын
«Досыммен бірге» ойыны арқылы оқушылар бір-біріне бүгінгі күннің көңілді, мәнді өтуіне арналған тілектерін айтады.
Танысу тренингі
Әр оқушы өз есіміне бір сын есім қосып танысады:
- Назерке — нәзік
- Ақерке — ажарлы
- Айнаш — ақкөңіл
- Нұршат — нұрлы
Ой қозғау: «Достық деген не?»
- Дос деп кімді айтамыз?
- Достарды қайдан кездестіруге болады?
- Дос болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?
Достық — таусылмайтын қазына. Ол көктемде солып қалатын гүл емес: сыйдың көп-азығына қарамайды, ал нағыз дос тіпті сыйлық та тілемейді.
Шын дос әр ісіңе тілеулес болады. Қиын кезеңде сенім артар жан табу бір бөлек, ал сол достықты кіршіксіз сақтай білу — бір бөлек жауапкершілік. Адал дос өзіне айтылған мінді намысқа салмай, ақылмен тыңдап, мінезіндегі қисықты түзетеді. Сондықтан досыңның сынын дұрыс қабылдай білу маңызды.
Достың түрлері
1) Жан дос
Қуанышта да, қиындықта да қасыңнан табылатын сенімді серік. Жан дос қайғыңды да бөлісе алады.
2) Жалған дос (амал дос)
Әрдайым жанында жүргендей көрінеді, бірақ қиын сәтте жоқ. Өз пайдасын, өз жайын ойлайтын — пайдакүнем адам.
3) Виртуалды дос
Мұнда да сақтық керек: бірі таныс, бірі бейтаныс; бірі ашық, бірі жұмбақ. Дегенмен кейде интернет арқылы танысып, бақытты өмір сүріп жатқан адамдар да кездеседі.
Сезімдік метафора: «Достық қалай сезіледі?»
Оқушыларға достықты әртүрлі сезіммен, бейнемен салыстырып көруге ұсыныс жасалады:
- 1 Достықты қолмен ұстасаң, қандай болар еді?
- 2 Дәмі қандай?
- 3 Достықты қандай ауа райына теңеуге болады?
- 4 «Достық» сөзін қандай жануармен байланыстырар едің?
- 5 Достықты қандай түстермен бейнелер едің?
Тапсырма: «Мінездеме беру»
Оқушылар өз қолының суретін салады. Әр саусақтың бөлігіне бір-біріне көрсетпей, қысқаша мінездеме жазады. Кейін досы туралы әңгімелеп береді.
Нәтиже
Байқағыштық, жылы сөз айту, құрмет көрсету дағдылары бекиді.
Ереже
Пікірді мейіріммен айту, адамды емес — әрекетті бағалау.
III. Өлең жолдары
Оқушылардың өлеңдерін тыңдап, достық туралы ойды поэзия арқылы тереңдетеміз.
Дос көп еді жүретін сыр ақтарып,
Жандарынан тұратын шуақ тамып.
Домбырамның үні де естіледі,
Достарымның сырлары сияқтанып.
Дос жүрегі қашанда аңсағаным,
Соларменен қосылып ән саламын.
Ақ пейілді аңсаған достарымды,
Қуанышпен күлімдеп қарсы аламын.
Көңіл — дария, толқыған асылдарым,
Сендер менің жылдарым, ғасырларым.
Тіршіліктің тұздығы — достық екен,
Достарымнан ештеңе жасырмадым.
Шын достықтың оттары жалындайды,
Дос қамалдар ешқашан алынбайды.
Дос көңілдер есепке бағынбайды,
Дос жүректер өсекке бағынбайды.
Күн шығады дүниені нұрландырып,
Достар әні — өшпейтін бір мәңгілік.
Дос көңілі сияқты шашырайды,
Күннің өзі көктегі тұрған күліп.
IV. Мақалды жалғастыр
Тапсырма: төмендегі мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, мағынасын қысқаша түсіндіріңдер.
1)
Кемшіліксіз … іздеген адам … қалады.
2)
Дұшпан … айтады, дос … айтады.
3)
… ақшаң болғанша, көп досың … .
4)
Досы көппен … , досы жоқпен … .
5)
Досы … , өзі де жақсы.
6)
… басқа қарайды, … аяққа қарайды.
7)
Ақылсыз … , ақылды дұшпан … .
8)
Досың мың … , … біреу болса да көп.
Бұл бөлім оқушылардың тіл байлығын, ойлау қабілетін және достық туралы өмірлік ұстанымдарын бекітуге бағытталған.