Лақтың анасы - ешкі
Ұйымдастыру кезеңі
Сабақ басында оқушылардың көңіл күйін көтеріп, ынтымаққа шақыратын шағын өлең жолдары айтылады:
Шаттық шеңбері
Қуан, шаттан, алақай!
Қуанатын күн келді.
Қайырлы таң, қайырлы күн,
Күліп шықты бүгін күн.
Бәріміз тату болайық,
Бәріміз дос болайық.
Үй тапсырмасын тексеру
Оқушылардан үйге берілген тапсырма сұралады: Сағи Жиенбаевтың «Ботақан. Қошақан. Бұзауқан» өлеңдерін жатқа айту.
Ойын: «Төлдің анасын тап»
Тақтада жануарлардың аналары беріліп, оқушылар төлдерді тиісті орынға орналастырады. Бұл тапсырма арқылы үй жануарлары мен төл атауларын нақтылап, сөздік қорды бекітеміз.
Сәйкестендіру
- Бота — түйенің төлі.
- Бұзау — сиырдың төлі.
- Қошақан — қойдың төлі.
Сәйкестендіру
- Лақ — ешкінің төлі.
- Құлын — жылқының төлі.
Талқылау сұрағы
Бұлар қандай жануарлар? Неліктен? Жауап: өйткені біз оларды өсіреміз, бағамыз; шөп, жем, су береміз.
Сергіту сәті
Оқушылар үй жануарларының дыбыстауын айтып, қимылмен көрсетеді. Бұл бөлім сабаққа серпін беріп, есте сақтау мен сөйлеу дағдыларын белсендіреді.
| Жануар | Дыбыстауы |
|---|---|
| Сиыр | Мөңірейді: «мө-мө» |
| Қой | Маңырайды: «мә-мә» |
| Түйе | Боздайды: «бө-бө» |
| Жылқы | Кісінейді: «йо-йо» |
Ой толғаныс: жұмбақтар
Жұмбақтар арқылы оқушылардың ойлау қабілеті мен сөздік қоры дамиды.
Басында екі таяғы бар,
Тұяқты төрт аяғы бар.
Адам деуге болмайды,
Селтеңдеген сақалы бар.
Жауабы: ешкі
Кезекті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
Мойны ұзын, көзі үлкен —
Бұл не, өзің тауып ал?
Жауабы: түйе
Кішкентай ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар.
Жауабы: қой
Қоян жақты, тақыр жонды,
Төрт тұяқ, екі аяқтай, екі қолды.
Салпы ерін, өзі жүйрік,
Кең омырау, жуан құйрық.
Жауабы: жылқы
Тіл дамыту
Жұмбақтардың шешімдерін пайдаланып, оқушыларға сөйлем құрату ұсынылады. Мысалы: «Ешкі секірді.»
Дәптермен жұмыс
Сөздер мен сөйлемдерді дәптерге сауатты жазу, жаңа ұғымдарды бекіту.
Жаңа сабақ
Бүгін Әбділда Тәжібаевтың «Лағым» және «Құлыншағым» өлеңдерімен танысамыз. Сабақтың өзегі — төлдің қылығын байқату, жануарға мейіріммен қарауды түсіндіру.
Автор туралы
Әбділда Тәжібаев (1904–1998) — Қызылорда қаласында туған ақын. Интернатта оқып тәрбиеленген. Алғашқы өлеңі «Сыйлық» деген атпен жарық көрген. Балаларға арналған көптеген шығармалары бар. 1985 жылы «Қазақ халық жазушысы» құрметті атағын алған.
Сөздікпен жұмыс
| Сөз | Мағынасы |
|---|---|
| Құндыз | Бағалы аң. |
| Зәресі кету | Қатты қорқу. |
| Бөрі | Қасқыр. |
| Қалың (шөп) | Мол, бітік. |
Оқулықпен жұмыс
- Өлеңді мәнерлеп оқу.
- Түсініксіз сөздерді белгілеп алу.
- Әр оқушының 2 тармақтан оқуы, шумақтап оқу.
Өлең құрылысы
Құрылымдық талдау
- Шумақ
- 5
- Тармақ
- 20
- Буын
- 6–7
- Бунақ
- 2
Ұйқас түрі
Қара өлең ұйқасы
Талдау барысында ұйқас, ырғақ және буын өлшемі бойынша өлеңнің көркемдік ерекшеліктері түсіндіріледі.
Ойын: «Малды қораға қамау»
Ойын шарты: әр «малдың» артындағы сұраққа жауап беріп, дұрыс орындауға орналастыру. Мақсат — өлең мазмұнын түсіну мен дәлелді жауап беруді бекіту.
1) Ақын төлдердің қылықтарын қалай суреттеген?
Лақ
«Секектеме, деміңді ал… Селтеңдеме құлағың…»
Құлын
«Құлдырайды, шабады…»
2) Ақын құлыншақты нелерге теңейді?
Құлыншақты «құндызым» деп еркелетіп, «жұлдызға» теңейді.
3) Ақынның лақ пен құлыншаққа сүйіспеншілігі қай жолдардан байқалады?
Оқушылар өлеңнен еркелету, қамқорлық, мейірім білдіретін жолдарды тауып оқиды және дәлелдейді.
4) «Секектеме, селтеңдеме, шұңаңдама» сөздері қай төлге қатысты?
Лаққа қатысты.
5) «Құлдырайды, шабады» сөздері қай төлге қатысты?
Құлынға қатысты.
Өмірмен байланыстыру
Төрт түлік біздің өңірімізде де өсіріледі. Маңғыстау — шөлді аймақ болғандықтан, көбіне түйе бағылады. Сонымен қатар Құланды ауылында жылқы өсіріледі, ат жарыстары өтетін ипподром бар. 25 қазан күні Отпан тауда Ер Қосай атамыздың 500 жылдығына арналған ат бәйгесі өткен.
Талқылау сұрақтары
- Отпан тауға барғандарың бар ма? Нені көрдіңдер?
- Үйде үлкендер сендерді төл атауларымен еркелете ме?
- Мысал: М. Әуезовті атасы «қоңыр қозым» деп еркелеткен.
Проблемалық жағдай
Елестетіңдер: ауылдағы ата-әжелерің қорада тұрған 5 төлдің бірін сыйлыққа таңдауға мүмкіндік берді. Қай төлді алар едіңдер? Неліктен? Өз таңдауларыңды дәлелдеп айтыңдар.
5 жол өлең (үлгі)
Құлын — шабады.
Лақ — секіреді.
Бота — боздайды.
Бұзау — мөңірейді.
Бұлар — төлдер.
Шығармашылық жұмыс
Оқушыларға төлдер мен малдың жасына байланысты атауларын сәйкестендіріп, дәптерге жазу ұсынылады.
| Жылқы | Ешкі |
|---|---|
| Құлын | Лақ |
| Жабағы | Марқа лақ |
| Байтал | Лақ теке |
| Тай | Серкешік |
| Құнан | Текешік |
| Дөнен | Серкеше |
| Бесті | Серке, теке |
Қорытынды
Сабақ соңында Венн диаграммасы арқылы «Лағым» мен «Құлыншағым» өлеңдеріндегі ұқсастық пен айырмашылықты талдаймыз: тақырып, кейіпкер (төл), қылық-қозғалыс, ақынның сезімі, тәрбиелік мәні.
Бағалау
Оқушылардың мәнерлеп оқуы, жауаптарының дәлдігі, белсенділігі және шығармашылық жұмысы ескеріледі.
Үй тапсырмасы
- 89–90-беттер: өлеңдерді жаттау.
- Лақ пен құлын туралы шағын әңгіме жазып келу.