Қуанышты сәттерді көбірек еске түсір

Қыс соңында көктем бар

Ауыл ақсақалының батасы

Бір күндік тіршілігіңе мың күндік із қалдыр.

Күнделік-эссе 1 қазан 1994 Әкім Ысқақ

Қанша аяз болғанымен, көктем шықпай қоймайды. Жаздың соңы сарғайған күзге айналмай тұрмайды. Күз — қоңыр салқын кез: жан-дүниеңдегі сағыныш отын маздатып, елегізисің; әлденені күткендей боласың.

Көкте із салып, қимастық үнмен тыраулаған тырналардай, көңілің де әлденеге ілесіп ұшып бара жатқандай сезіледі. Қайта орала ма, жоқ па — беймәлім. Өмір, міне, осындай: суығына тоңбай, жылылығын да сезіне алмай қалатын сәттер болады.

Гүлдің де тағдыры бар

Гүл екеш гүлдің де өз тағдыры бар: бүршік жарғаны — көктемі; көбелек қонып, гүл болып ашылғаны — жазы. Күннің ыстығын да, суығын да бастан өткеріп барып, мезгілі жеткенде солады — бұл оның күзі.

Бәрінен де жаманы — күзіне жетпей, жазына жаурап; көктемінде-ақ көлеңке түсіп, ерте солу.

Қуаныш пен қайғының келуі

Кейде қуаныш күткеніңмен, оның мұңсыз, қиындықсыз келмейтіні — ақиқат. Ал қайғы-қасірет күтпестен-ақ келеді. Әйтсе де, оның алдын алуға болады.

Денсаулықты да көбіне елемейміз: дерт жанды меңдеп, құр сүлдерің қалғанда ғана ойланамыз. Бұл — пенделік. Ал даналық — әр сәттен, әр оқиғадан нәтиже шығарып, дер кезінде әрекет ету.

Жылы сөз, сенім, сыйластық

Адам жаны нәзік: қай уақытта болсын жылы сөзге, жақсылыққа, ізгілікке құштар. Аялағанды, құрметтегенді, ілтипатпен тіл қатқанды ұнатады.

Бәрінен де адам сенімге мұқтаж. Сенімсіздік қанша жанды алыстатады, қаншама үмітті үзеді. Өзгелерге сенбейтін, өзгенен жақсылық күтпейтін жан парасаттылыққа жете алмайды. Өзгенің бойындағы жақсылықты көре алмаған адамның өз бойынан да жақсылық шығуы екіталай.

Елден бөлінген жан — айдалада, түн ішінде пойыздан түсіп қалған жолаушыдай: қайда барарын, қалай жүрерін білмейді.

Жалған ерекшелену және жалғызсырап қалу

Кейбіреулер ерекше болғысы, жұрттың назарына түскісі келеді. Әсіресе менмен, тәкаппар, өзгені менсінгісі келмейтіндер әсіреқызылдыққа әуес.

Мектепті бітірген соң бір құрбымыз аты-жөнін орысшаға өзгертіп алды. Өзі де өзгеріп, кейбірімізді көзге ілмейтін болды. Бала кезден бірге өскендіктен, бәріміз оған жақын есімімен тіл қатсақ, қабақ шытады.

«Өйтіп менің абыройымды түсірмеңдер, заманауи атпен атаңдар», — дейтін. Сонда, мәселен, Ермек — Эдуард, Нұржамал — Нина болса, бұл шын мәнінде ерекшелене ме? Жоқ. Қайта жалғызсырап қалды.

Әрдайым жұртпен бірге жүрген жанды ғана ел бағалайды. Айтарым: өзгелерсіз, өз ортаңсыз өмір сүре алмайсың. Өзгені сыйлап, құрбыңды құрметтегенде ғана қадірлісің — болмаса, керісінше.

Кішіпейілділік — қарым-қатынастың «жанармайы»

Машинаның жүріп-тұруына жанармай қандай керек болса, адамның адаммен араласуына кішіпейілділік пен сыйластық сондай қажет.

Көктемді сезіну үшін көктемдей көңіл-күй керек. Бақтағы бұлбұлдың сайрауы, гүлдердің құлпырып жайнауы қандай ғажап болса, жақсылыққа құштар жанның ішкі әлемі де сондай ғажап.

«Бұлбұл ғана раушан гүлін түсінеді» деген сөз бар. Иә, ішкі сұлулық қана шын рахаттандырады.

Өмір сұлулығын көре білу

Жаны таза адаммен сырласқан сайын рухың да тазарады, жолың да ашылады. Кейде көрсоқырлық пен надандық адамдарға деген махаббатты жоғалтады.

Ғұмырыңның қызықсыз, қиын сәттерінде өмір сұлулығына көбірек мән бер. Қуанышты кездерді жиі еске ал. Сонда ғана адам жаны іштегі ауыр азаптан айығып, сауыға бастайды.

Дегенмен, бар нәрсені өз көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап, басыңнан өткергендей ештеңе жоқ. Сырттай естіп, «солай екен-ау» деп тез қорытынды шығара салу да — аса ақылмандық емес.

Бақ және оны көтере білу

Негізінде, бақ адамдарға бірдей беріледі екен. Бақ белге қонғанда тәкаппарлыққа салынбай, оны көтере алған адамның бағы кеудесіне көтеріледі. Кеудесі де көтерсе, бақ басына шығады.

Ал көп адам пендешілікке салынып, бақ беліне қона салысымен-ақ үркітіп алады дейді бұрынғылар.

Көңілдің кірі және рухани тазалық

Тазаламасаң үйдің іші де былғанады, киімді жумасаң кірлейді. Адам да сондай: ізденбесе, оқымаса, жұртпен араласпаса, ішіндегі ойын айтпаса — көңілін кір басады.

Базардағы ғалымдар: ащы шындық

Бірде базарда бір танысым: «Ғылым тоқырау үстінде. Неліктен?» — деп күрсінді. Қолынан іс келетін, кемел ойлы небір ғалымдар (докторлар, кандидаттар) күнкөріс қамы үшін ұлағатты ісін базарға айырбастап жіберді.

Базар — базар: күнде айқай-шу, бар мақсат — затыңды өткізу, тұрған орныңды жоғалтпау. Базардағы ғалымдарға қатты жаным ашиды: ірі дүниенің адамдары амалсыз майда-шүйдемен айналысып жүр.

Оның үстіне, базардағының бәрі білімді, мәдениетті емес. Ортаға бейімделіп, орын үшін, азын-аулақ ақша үшін ұрыс-керістің қақ ортасында жүреді. Ғылымға арналған сананы саудаға салған заман — арқаға аяздай батса да, ащы шындық.

Өйткені өмір сүру керек. «Сананы тұрмыс билейді» деген — осы.

Газ жоғалса — қадірі білінеді

Бірде үйде газ болмай қалды. Бәріміз әбігерге түстік: шай қайнамады, тамақ дайындалмады. Бала «қарным ашты» деп жылады. Айналдырған үш-төрт күннің ішінде бүкіл тыныс-тіршілігіміздің көгілдір отқа қаншалықты тәуелді екенін, ал мұның бұрын санамыздан онша орын алмағанын сездік.

Электр плита іздеп шапқыладық. Айналадағы әңгіменің бәрі газға тірелді. Міне, бүгін сол ынтызарлықпен, тағатсыздана күткен газ келді!

Үй ішінің қуанышын айтып жеткізу қиын: тура жиырма жыл көрмей кеткен туысымыз қайта оралғандай.

Сонда ойға қалдым: адам да сондай ғой. Жанымызда барда қадір-қасиетін онша сезінбейміз. Тура жаңағы газ іздегендей сабылмаймыз.

Ал өмірден өткенде, қасыңдағы жанды жоғалтқанда ғана жүректі аяз қарғандай болып: «Қап, керемет адам еді-ау!» — деп, аһ ұрып өкінеміз. Бірақ орны толмайды.

Көгілдір от қайта келеді, ал адам қайтып оралмайды…

Әкім Ысқақ, «Жүректегі жазулар» күнделік-эссесінен. Толық нұсқасын қарау.