Көлсай көліне сатылай кешенді талдау

Сабақтың идеясы: әдебиет пен географияны кіріктіру

Бұл талдау сағаты Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын қазақ әдебиеті мен география пәндері арқылы бір арнаға тоғыстырып қарастыруға негізделген. Мақсат — поэманың тақырыптық-идеялық мазмұнын терең талдап, пәнаралық байланыс арқылы оқушыларды өзіндік ой қорытуға жетелеу.

Оқу мақсаты

«Аққулар ұйықтағанда» поэмасының тақырыптық-идеялық мазмұнын талдау, пәнаралық байланыс арқылы оқушының дербес қорытынды жасау дағдысын дамыту.

Сабақ мақсаттары

  • Барлық оқушылар: поэманың мазмұнын біледі, кейіпкерлерін таниды, идеясын түсінеді.
  • Оқушылардың басым бөлігі: үзіндіні жатқа айтып, көркем тіліне талдау жасайды.
  • Кейбір оқушылар: өзіндік қорытынды арқылы кейіпкерлер әрекетіне баға береді.

Тілдік мақсат

Оқушылар өз ойын толық, дәл жеткізіп, талқылауда дәйек пен дәлелдеуді қолданады.

Негізгі сөздер мен тіркестер

кәззап тегеш обал бармақты қанату

Сабақ барысы

Басталуы

Үзіліс кезінде Н. Тілендиевтің «Аққу» күйі ойнап тұрады. Оқушылар «Таңдау» әдісі арқылы Ана, Ақын және Табиғат топтарына бөлінеді.

Ой шақыру

География мұғалімі М. Мақатаевтың «Жапырақ жүрек жас қайың» өлеңінен бір шумақ оқып, сұрақ қояды: «Бұл кімнің өлеңі?» Оқушылар: «М. Мақатаевтың өлеңі».

Осыдан кейін сабақтың бағыты айқындалады: бүгін қазақ әдебиеті мен географияны байланыстыра отырып, поэманы талдау жүргізіледі.

Күтілетін нәтиже

Оқушылар сабақтан нені алғылары келетінін айтады: поэмадағы кейіпкерлердің мінезін тереңірек түсіну, сондай-ақ Жетімкөл туралы танымын кеңейту.

Өзін-өзі және өзара бағалау үшін Блум шеңбері негізінде дайындалған бағалау парақшасы таратылып, түсіндіріледі.

Үй тапсырмасына шолу және таныстырылымдар

Әдебиет пәні мұғалімі поэманы талдау сағатының тәртібін нақтылайды және оқушыларға ой бөлісуге уақыт береді.

1) Жатқа оқу

Поэмадан үзінді жатқа оқылып, мазмұны өз сөздерімен түсіндіріледі.

2) Шығармашылық жұмыс

Поэма мазмұны бойынша салынған суреттер мен таныстырылым ұсынылады.

3) Ізденіс тапсырмасы

Жетімкөл туралы ақпараттық слайд таныстырылады және география тұрғысынан толықтырылады.

Географиялық толықтыру

Мұғалім оқушының ізденісін жоғары бағалап, Көлсай көлдерінің бүгінгі таңда Солтүстік Тянь-Шаньның «інжу-маржаны» атанып, туризмі дамып келе жатқан ерекше өңір екенін атап өтеді.

Ортасы: топтық жұмыс

«Табиғат» тобы

Көлсай көліне сатылай кешенді талдау:

  1. 1.Көлсай — тектоникалық көл.
  2. 2.Географиялық орны: Алматы облысы, Тянь-Шань тауының солтүстігі.
  3. 3.Аумағы: 161 045 га.
  4. 4.Тереңдігі: 80 м.
  5. 5.Қоректенуі: қар суы және мұздықтар.
  6. 6.Тіршілік дүниесі: жайын, көксерке, сазан, майшабақ.
  7. 7.Экологиясы: шаруашылыққа көп пайдаланылмағандықтан, суы таза.
  8. 8.Қорытынды: Қазақстандағы ең биікте орналасқан көлдердің бірі.

«Ана» тобы

Поэмаға сатылай кешенді талдау жасайды: тақырыбы, идеясы, образдар жүйесі, тартыс табиғаты, көркемдік тәсілдер және авторлық позиция.

Талқылауға арналған сұрақтар

  • Әке мен ана диалогынан нені түсіндіңдер?
  • Қарияның ақылы анаға әсер етті ме?
  • Ананың қасіреті — тағдырдың сынағы ма, әлде қолдан жасалған жағдай ма?
  • Поэмадағы көлдің «Жетімкөл» аталуын қалай түсінесің?

«Ақын» тобы

Поэма бойынша сөздік жұмысын жүргізеді және көркем тілдің қызметін дәлелмен түсіндіреді.

Кілтті түсіндіру: «тегеш»

Мұғалімнің сұрағы: «Тегеш — ернеуі тік ыдыс» екенін білдік. Бұл сөздің көл мен аққуға қандай қатысы бар?

Оқушы жауабы: ақын «Білмей отыр жаңағы тыныштықтың сүт ұйыған тегешін сапырғанын» деп, таудың арасындағы көлдің тыныштығын айран ұйыған ыдыстың қалпымен салыстыра бейнелейді. Бұл — көркемдік салыстыру арқылы табиғаттың нәзік күйін дәл беру үлгісі.

Рефлексия (оқушы үні)

«Мен Жетімкөлдің Көлсай көлі екенін бұрын білмейтін едім. Енді білдім — рақмет!»

Аяқталуы: «Екі жақты күнделік»

Поэманы түсіну оңай емес. Сондықтан негізгі ойды «Екі жақты күнделік» тәсілімен жинақтау ұсынылады: бірінші бағанға ақынның басты ойын, екінші бағанға оқушының өз көзқарасын жазу.

Поэмадан үзінді

Ақ төсек — аппақ айдын, аққу — бала,

Жаралы аққу секілді жаттың ба, ана?!

Мына жатқан Жетімкөл, мына аққуды

Өз қолыммен өлтірдім, аттым жаңа...

Біздің ойымызша...

Бұл жолдар адамның ішкі арпалысын, шарасыздық пен қасіреттің шегін көрсетеді. Аққу — пәктік пен киенің белгісі, ал көл — табиғаттың аманаты. Ақын қасіретті жеке адамның трагедиясы ретінде ғана емес, тұтас адамзаттың жауапкершілік мәселесі ретінде көтереді.

Мұғалімнің түйіні

Мұғалім оқушы ойларының тереңдігіне тоқталып, Ф. Оңғарсынованың «Мұқағалидай ақыны бар халық — шын бақытты халық» деген бағасын еске түсіреді. Сыныппен бірге өткізілген бұл сәт — сөз құдіретінің шынайы әсерін танытқан сабақ.

Қорытынды ой

Ақын да аққу сияқты киелі. Біз жаралы аққу болып егілдік, ақын болып күңірендік, ана болып езілдік — бұл сөз өнерінің адам жүрегін тербейтін шынайы қуаты. «Есіңе мені алғайсың» өлеңі ақынның өз дауысымен тыңдалады.

Авторлар туралы

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Кадырова Айнұр Сапуановна

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Круглоозерный орта жалпы білім беретін мектебі

География пәні мұғалімі

Кабиев Ерболат Максотович

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Круглоозерный орта жалпы білім беретін мектебі