Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі туралы білімдерін тереңдету
Мақсаты
- Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі туралы білімдерін тереңдету.
- Оқушылардың тілін дамыту: мәнерлеп өлең оқу, ән салу, сөйлеу мәдениеті, сөздік қорын байыту.
- Елін сүюге, дәстүрлі мерекелерді құрметтеуге тәрбиелеу.
Кіріспе
Ақтілек
Құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар, оқушылар! Ұлыстың ұлы күні — Наурыз тойы құтты болсын!
Наурыз — көнеден келе жатқан мейрам. «Наурыз» сөзі бірнеше мағынада қолданылады: біріншіден, жыл басында тойланатын думанды халықтық мереке; екіншіден, ай атауы; үшіншіден, Ұлыс күні жасалатын көжеге байланысты аталады.
Наурыз — бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы; өмірге нұр, сезімге гүл сыйлайтын, халық қастерлейтін күн.
Оқушылар көрпелерге жайғасады.
Мұғалімнің сөзі
Балалар, көктем келді. Көктем келсе жеріміз көгеріп, аққа тоямыз. Әр халықта көктем мерекесі әртүрлі тойланады. Балалар, бұл мереке қалай аталады?
Оқушылар бірге: Наурыз!
Ендеше, жеті түрлі тағам салынған Наурыз көжеден ауыз тиіп көрейік. Көженің дайындалу жолын кім айтады?
Наурыз көже: дайындалу жолы
Анар
Алдымен қазанды ысытып алып, сүр майды қуырып, үстіне су құямыз. Оған аздап сүр ет турап салып, ет пісті-ау дегенде сүт, күріш, ірімшік, тұз қосып, баяу отта қайнатамыз.
Мұғалімнің түсіндірмесі
Наурыз — жыл басы. Біздің ата-бабамыз үшін жаңа жыл көктемнен басталады.
Өлең-жыр мен құттықтау
Фариза
Ойын-сауық, қызық бар, Тіл үйірер тамақ бар. Күш сынасар жігіттер, Ән салатын қыздар бар.
Ақбөбек
Той дегенде қазақтың жаны кірер, Бағаңды жас білмесе, кәрі білер. Наурызың құтты болсын, нар ағалар, Наурызың құтты болсын, бар інілер.
Фараби
Жақсылық жүрегіне жыр егелер, Биікке шарықтатар киелі өнер. Наурызың құтты болсын, ата-әжелер, Наурызың құтты болсын, ана-әкелер.
Мұғалімнің сөзі
Көктем келе талдар бүршік жарып, табиғатқа жан бітеді.
Наурызтал: тілек ілу дәстүрі
Қуаныш
Кәрі қыстың зәрі сынып, Басылғанда дауыл сәл — Отырғызған нәлі шыбық, Сенің атың — Наурызтал!
Рәсім
Оқушылар тал егіп, өз тілектерін қағаз бетіне түсіріп, талдың шыбықтарына іледі.
Ән, би және бата
Фархат
Ал, халайық, тұрмайық, Әндетейік, шырқайық. Дөңгеленсін бишілер, Ортамызды ашайық.
Қазбек
Бақыт әкеп Ұлыс күні, Баянды боп тыныштығы. Әнші құстар баққа қонсын, Алтын табақ аққа толсын. Орындалып ойларымыз, Тойға ұлассын тойларымыз! Әумин.
Наурыз көженің мәні
Наурыз күні жеті түрлі тағамнан көже пісіріледі. Сүр ет ретінде жылқының, сиырдың, қойдың етін тұздап, 1–2 күннен соң желге жайып сақтаған. Еттің ішіне қазы да салынады.
Салт-ұғым
- Көжеге сүр ет салу — қыспен қоштасудың белгісі.
- Ақ құю — ақпен қауышудың, молшылықтың нышаны.
- Үш түрлі малдың етін қосу — дәмді арттыру әрі «әркім қалағанын жесін» деген ниет.
Ән
«Қош келдің, Жаңа жыл»