Бағдаршам сұрағы

Сабақ туралы мәлімет

Өңірі
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы
Білім беру ұйымы
№9 «Балауса» балабақшасы
Тәрбиеші
Алпысбаева Күміскүл Әбдіғаниқызы
Тобы
II кіші топ — «Балапан»
Сабақ тақырыбы
Бағдаршам
Сабақ түрі
Ойын-сабақ

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Баланың сезімін кеңейтіп, тілін дамыту; жол ережесін жасына сай меңгерту.
  • Қалыптасқан түйсіктері мен білімдерін пысықтап, жол ережесінің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
  • Жаяу жүргінші мен көлік арасындағы қатынасты ұғындыру.

Дамытушылық

  • Зейінін, есте сақтауын дамыту.
  • Түстерді ажырата білу қабілетін жетілдіру.

Тәрбиелік

  • Көшеде жүру ережелерін меңгерту арқылы жол мәдениетін қалыптастыру.
  • Сақтыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу.

Құрал-жабдықтар мен әдіс-тәсілдер

Көрнекіліктер

рөлдер белгілер бағдаршам жол белгілерінің суреттері компьютер

Әдіс-тәсілдер

  • Мультимедия арқылы көрсету
  • Түсіндіру
  • Ойын
  • Сұрақ-жауап

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Ән әуенімен балалар екі-екіден топқа кіреді: балалар — автобус ішіндегі жолаушылар, тәрбиеші — қолына руль ұстап, жүргізуші рөлін сомдайды. Балалар «Жас жолаушылар жыры» әнін бірге орындайды.

Ән мәтіні: «Жас жолаушылар жыры»

Сапар шексек сіз бен біз
Сан көлікке мінеміз
Троллейбус, трамвай
Автобуспен жүреміз

Көлік, көлік, көлік
Көліктерге мінеміз
Көшелермен, көшелермен
Күнде тынбай жүреміз

Жол жүрудегі тәртіпті
Ережесін білеміз
Сақтағанда қатерден
Сау-саламат жүреміз

Тәрбиешінің кіріспе сөзі

«Қайырлы таң, балалар! Сендерді көргеніме қуаныштымын. Бүгінгі күндерің қуанышты өтсін. Жолға шықпас бұрын жол жүру ережелерін еске түсіріп алайық».

Негізгі бөлім

Балалар орындықтарға екі-екіден отырып, өздерін автобус ішінде келе жатқандай сезінеді. Тәрбиеші сұрақтар қояды:

Сұрақ

«Балалар, біз өзімізді қандай көліктің ішінде келе жатырмыз деп ойлайсыңдар?»

Жауап

«Автобус ішінде».

Тәрбиешінің қорытындысы

«Дұрыс! Сендер өте әдепті, тәртіпті жолаушыларсыңдар. Мен — жүргізушімін. Қане, кім қайда барады? Бәріміздің билетіміз бар ма? Жол жүрмес бұрын қауіпсіздік ережелерін сақтаймыз».

Кейіпкердің келуі: Бағдаршам

Осы сәтте есік қағылып, «Бағдаршам» кейіпкері кіріп келеді. Ол балалармен амандасып, өзін таныстырады және өлеңін айтады.

«Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мені танисыңдар ма? Мен — Бағдаршаммын, жол тәртібін реттеймін.

Менің қызыл көзім жанғанда —
Бір қадам да баспа алға.
Сары көзім жанғанда —
Асықпа, айналаңа қара.
Жасыл көзім жанғанда —
Өте бер, сен жасқанба!»

Сұрақ

«Сендер көшеде қай жолмен жүресіңдер?»

Жауап

«Жиек жолмен».

Сұрақ

«Жолдың қай жағымен жүру керек?»

Жауап

«Оң жақпен жүреміз».

Сұрақ

«Ата-анаңмен немесе үлкендермен бірге автобус күткенде қай жерде тұрасыңдар?»

Жауап

«Аялдамада күтеміз».

Бағдаршам балалардың жауаптарын мақұлдап, жолдағы қауіпсіздік ережелерін әрдайым есте сақтауды ескертеді.

Сергіту сәті

Балалар Бағдаршаммен бірге қимыл-қозғалыс жасайды:

Қызыл жанады

Қозғалмай тұрамыз.

Сары жанады

Қол шапалақтаймыз.

Жасыл жанады

Орнымызда жүріп көрсетеміз.

Қорытынды және бекіту ойыны

Сабақ соңында «Бағдаршам құрайық» ойыны ойнатылады. Тәрбиеші 3–4 балаға руль беріп, оларды жүргізуші ретінде белгілейді. Қалған балалар — жаяу жүргіншілер. Балалар көшеде жүргендей қозғалып, бағдаршамның белгісіне сай тоқтап, күтіп, жүріп өтеді.

Ойын арқылы балалар жол ережесін тәжірибе жүзінде қайталап, білімдерін бекітеді және қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастырады.