Толықтырып айт

Қазақ тілі 2-сынып Сабақ жоспары

Бас әріппен жазылатын сөздер

Бұл материал бастауыш сынып оқушыларына сөйлем ішінде бас әріппен жазылатын сөздерді дұрыс қолдануды үйретуге бағытталған. Сабақ құрылымы ойын, әңгіме, топтық жұмыс және қысқа тапсырмалар арқылы берілген.

Оқыту тәсілдері

Сұрақ-жауап Топпен жұмыс Талдау Мәтінмен жұмыс Жаттығулар

Сабақтың барысы

Сабақ бірнеше кезеңнен тұрады: ұйымдастыру, үй тапсырмасын тексеру, жаңа тақырып және қорытынды бөлім.

I. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық (шаттық шеңбері)

Армысың, асыл күн!

Армысың, жан досым!

Жылуыма жылу бер,

Міне, менің қолым.

Бүгінгі сабақта барлығымыз бір-бірімізге сәттілік тілейміз.

Мотивациялық кезең (қызығушылықты ояту)

Мұғалім: Сақтайық, кәне, тыныштық, бүгінгі сабақ тым қызық. Ойлан, ойлан және ойлан — есесіне бар сыйлық.

Оқушылар: Ол қандай сыйлық?

Мұғалім: Қандай сыйлық күтіп тұрғанын сабақтың соңында білесіңдер. Ол үшін сабаққа белсенді қатысып, тапсырмаларды толық орындау керек.

Топтық жұмыс ұйымдастыру

  1. 1) Бейнефильм арқылы сабақтың тақырыбын анықтау (Қысқы Универсиада – 2017 жарыстары).
  2. 2) Универсиада туралы қысқаша шолу.
  3. 3) Топтарға бөлу (Қазақстан, Ресей).
  4. 4) Топ басшыларын сайлау және міндеттерімен таныстыру.
  5. 5) Жетондармен ынталандыру, соңында медальдармен марапатталатынын айту.

II. Үй жұмысын тексеру

Тест

1. Зат есім нені білдіреді?

  • А) Заттың түсін білдіреді.
  • Ә) Заттың қимылын білдіреді.
  • Б) Заттың атын білдіреді.
  • В) Заттың санын білдіреді.

2. Зат есімнің сұрақтарын белгіле:

  • А) Қанша? Неше? Нешінші?
  • Ә) Кім? Не? Кімдер? Нелер?
  • Б) Қандай? Қай?
  • В) Не істеді? Не қылды? Қайтті?

3. Зат есім болатын сөзді белгіле:

  • А) жазды
  • Ә) алпыс
  • Б) қызыл
  • В) дәптер

4. Көп нүктенің орнына зат есімді қой (кімдер?): ... серуенге жиналды.

  • А) бұлттар
  • Ә) кітаптар
  • Б) балалар
  • В) үйлер

Дұрыс жауап кілті

1 — Б, 2 — Ә, 3 — В, 4 — Б

III. Жаңа сабақ

Кіріспе әңгіме (аңыз)

Ерте, ерте ертеде сұлу әрі өжет құс — Сұңқар өмір сүріпті. Ол өзен бойы мен тау етектерінде асыр салып ойнағанды, биікке самғап ұшуды қатты ұнататын. Бірақ биік тау шыңдарында үркек арқарлар мен тәкаппар қырандардан басқа онымен ойнайтын ешкім болмайды. Ал Сұңқар өте көпшіл, достық пейілді екен.

Бір күні ол өзі өмір сүретін елдің қаласы — Алматыда қысқы универсиада ойындары деп аталатын үлкен мереке өтетінін естиді. Бұл ойындарға әртүрлі елдерден батыл, мықты әрі төзімді жастар келеді екен.

«Ендеше, мен өзіме дос табатын жерді білдім!» — деп қуанып, Сұңқар жолға шығады. Сөйтіп біздің ортамызға келіп қалыпты.

Маңызды ақпарат

Сұңқар — Қысқы Универсиаданың бойтұмары.

Универсиададағы спорт түрлері және тапсырмалар

Әр бөлімде тапсырма арқылы бас әріптің қолданылуы бекітіледі.

1) Мәнерлеп сырғанау

Бұл — спортшының музыка ырғағымен мұзда конькимен орындайтын қимыл-қозғалысы.

1-тапсырма

Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді жаз:

  • Менің фамилиям — ...
  • Атым — ...
  • Әкемнің аты — ...
  • Анамның аты — ...

Мен өз отбасымды мақтан етемін. Отбасыңда тағы кімдер бар? Толықтырып айт.

Қорытынды

Адамның аты-жөні бас әріппен жазылады.

Көркем жазу минуты

Дәптерге Уу әрпін және Универсиада сөзін көркем етіп жазу.

2) Шаңғы жарыстары

Шаңғымен жылдамдыққа жүгіру.

2-тапсырма (4-жаттығу)

Мәтінді оқып, жер-су атауларын теріп жаз.

Мәтін: «Қарағанды»

Қарағанды қаласы Сарыарқаның оңтүстігінде орналасқан. Ол — өндірістік қала. Өнеркәсібінің басты саласы — таскөмір өндіру. Қала Бұқпа өзенінің жағасында тұр. Қаланы сумен Нұра өзені, Ертіс–Қарағанды каналы қамтамасыз етеді.

Өзендер

..., ..., ...

Қалалар

..., ..., ...

Таулар

..., ..., ...

Сергіту сәті

Қысқа би қимылдары арқылы сергіту.

3) Шайбалы хоккей

Мұз алаңында өтетін командалық спорттық ойын. Ойыншылар коньки пайдаланады, қақпаны қақпашылар қорғайды.

3-тапсырма (2-жаттығу)

Жаңылтпашты жаңылмай айтып көр:

— Дұрыс! — деп Тұраш айтты,
— Бұрыс! — деп Бораш айтты.
— Жалған! — деп Жарас айтты,
— Рас! — деп Рәш айтты.

Қайсысы жалған айтты? Қайсысы рас айтты?

Жаңылтпаштағы балалардың аттары неліктен бас әріппен жазылғанын түсіндір.

Дұрыс жауап берген оқушыға жетон беріледі.

Сөздік диктант

Алматы, ынтымақ, чемпион, алтын, намыс, сайыс, спорт, достық, денсаулық, бірлік, қуаныш.

4) Фристайл

Тау шаңғысы спортының бір түрі: кедір-бұдыр жолмен тау шаңғысымен жылдам құлдилау.

4-тапсырма (5-жаттығу)

Өлеңді көшіріп жазып, қала және мемлекет атауларының астын сыз.

Өлең: «Ұшқыш ағалар»

Мәскеуге де ұшамыз,
Ташкентке де ұшамыз.
Туваға да ұшамыз,
Кубаға да ұшамыз.

Ұшақпенен балалар
Жердің жүзін аралар.

Қайсысы қаланың, қайсысы мемлекеттің атауы?

Осы қалалар туралы не білесің?

Куба мемлекеті қай құрлықта орналасқан?

5) Конькимен жүгіру

Конькимен жылдамдыққа жүгіру: спортшы мұз стадионында тұйық шеңбер бойымен қашықтықты барынша жылдам еңсеруі қажет.

Қосымша тапсырма

Мақал-мәтелдерді жалғастыр (мақал — сөздің мәйегі):

  • Дені саудың — жаны сау.
  • Шынықсаң — шымыр боласың.
  • Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар.
  • Спорт — бейбітшілік елшісі.
  • Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда.

IV. Рефлексия

«Сөйлемді аяқта» әдісі: оқушыларға «Бүгін...» сөзі беріледі. Дайындық уақыты — 10 секунд. Кейін әр оқушы өз сөйлемін дауыстап айтады (мұғалім де қатысады).

  • Нені бұрын білдім?
  • Нені бүгін білдім?

V. Марапаттау рәсімі

  1. 1 1-орынды иеленген жеңімпаз топты марапаттау.
  2. 2 2-орынды иеленген топты марапаттау.
  3. 3 3-орынды иеленген топты марапаттау.

Жетондар сабақ бойы жиналып, қорытындыда медальдармен алмастырылады.

Авторлық мәлімет

Мектеп

Железин №3 жалпы орта білім беру мектебі

Өткізген

Бастауыш сынып мұғалімі Ибрагимова Л. П.