Балаңыз сіздің кітап оқығаныңызды көріп өскені абзал

Ұл өсіріп отырған аналарға 11 кеңес

Ана мен ұлдың байланысы — баланың өзін тануына, сезімін реттеуіне, әлемге сеніммен қарауына ықпал ететін ең берік тірек. Төмендегі кеңестер балаға еркін өсуге мүмкіндік беріп, сонымен бірге оның ішкі әлемін байытады.

1) Сезімді сөзбен жеткізуге үйретіңіз

Бала қажығанда айғайлауы, ұялғанда тығылуы, қорыққанда жылауы, толқығанда тістенуі мүмкін. Мұндай сәттерде оның өзін қалай ұстап тұрғаны — көбіне тәннің автоматты қорғанысы екенін түсіндіріңіз.

Дәл сондай сезімдер кезінде басқа адамдардың қалай әрекет ететінін мысалмен көрсетіңіз. Балаңызбен өз көңіл күйіңіз туралы сөйлесіп отырыңыз — ертең есейгенде ол ашу мен ұялудың, көңіл қалу мен қайғының айырмасын ажыратып үйренеді. Сезімін бақылауға дағдыланып, оны дұрыс білдіру жолдарын меңгереді.

Тірек сұрақтар: «Қазір сен не сезіп тұрсың?», «Оны денең қалай көрсетіп тұр?», «Саған не көмектеседі?»

2) Ең сенімді жанкүйері болыңыз

Алғашында сіз оның мектептегі жетістігін айтып, әлеуметтік желіге бөлісіп, туған күнінде сүйікті әнін қосып, көптің көзінше бала күнгі суреттерін көрсеткіңіз келуі мүмкін. Бір күні ұлыңыз: «Жетер, анашым, тоқташы» деуі ықтимал — ол ұялады.

Бірақ ол бұл дүниеде өзінен артық жанкүйер, қамқоршы жоқ екенін дәл сіз арқылы сезінеді. Оны қолдау — дабыра емес, тұрақтылық екенін ұмытпаңыз.

3) Кітапты әдетке айналдырыңыз: оқыңыз, бірге оқыңыз

Бала ата-анасының тізесінде отырып кітап тыңдауды үйренеді. Ұлыңыз сіздің кітап оқитыныңызды көріп өскені абзал. Оған не оқығаныңызды айтып беріңіз: жақсы көретін жазушыңызды, ұнататын шығармаларыңызды ортаға салыңыз.

Кітап оқудың маңызын ерте жастан санасына құюға тырысыңыздар: бірге оқыңыздар, кейін бірге талқылаңыздар, қиялға бірге беріліңіздер. Оның сүйікті ертегі кейіпкерінің суретін салуға көмектесіңіз — бұл оны белсенді оқырман болуға баулиды.

4) Үлгі болар жақсы адамдар бар екенін көрсетіңіз

Ақылды, батыл, мықты, дарынды, адал адамдар туралы жиі айтыңыз. Мүмкіндік болса, сондай адамдармен таныстырып жүріңіз. Атақты жазушы, саяхатшы, зерттеуші, ғалым, суретші, ғарышкер, әртістер туралы әңгімелеңіз.

Олар қалай өмір сүрді, жетістікке жету үшін қандай қиындық көрді, соның бәрін қалай жеңді — нақтылап айтып беріңіз. Бұл баланың ішкі өлшемін қалыптастырады.

5) Сыртқы келбеттен гөрі жан сұлулығын жоғары қойыңыз

Әдемілік туралы әңгімені тек сыртқы көрініспен шектемеңіз. Жанның тазалығы, адалдық, ізгілік, еңбекқорлық сияқты қасиеттердің бағасын күнделікті мысалмен ескертіп отырыңыз.

6) Бүлінетін дүниені бүлдіруге мүмкіндік беріңіз

Балаңыз киімін кір қылып келсе, әр жолы ұрысудың пайдасы аз: уақытыңызды жоғалтасыз әрі баланың рухын сындырып аласыз. Адам өз қуатын ашуға «жеңдірмегені» дұрыс — бала ағашқа өрмелеп, лай суды кешіп жүріп өмірді таниды. Бұл — қалыпты үдеріс.

Ұстаным: «Қауіпсіздік — бірінші, қалғаны — тәжірибе».

7) Қызығушылығын шынайы қабылдаңыз

Оның қызығушылығын тудыратын дүниеге мән беріңіз. Мысалы, ол футболды ұнатса — қай команданы жақтайтынын, қай ойыншыны ерекше пір тұтатынын біліп алыңыз. Оның сүйікті әнін тыңдаңыз, өзі салатын суреттерін бірге қарап, үйреніңіз.

Оның өміріне белсенді араласқаныңыз жөн: сыртынан ғана бақылаушы болып қалмаңыз.

8) Ойнауға мұрсат беріңіз және үнемі жеңе бермейтінін түсіндіріңіз

Сіз қанша қаласаңыз да, балаңыз әрдайым жеңе бермейді. «Көп жаттықсаң, жеңімпаз боласың» деген сөз кейде оған толық түсінікті болмауы мүмкін — бұл да қалыпты.

Әлемнің алма-кезек екенін ұғындырыңыз. Бұл «жеңілуге дайын бол» деген сөз емес, «жеңілгенде берілмеуді» үйрету.

9) Өзгеге көмектесуге мүмкіндік беріңіз

Көмектесуге мүмкіндік беру мен күштеп жұмсаудың айырмасы — жер мен көктей. Мүмкіндік беру жүрекке жігер отын жағады, сол оттан айналаға жарық тарайды.

Өзіңіз де үлгі болыңыз: әрдайым көмектесуге дайын тұрыңыз.

10) Ана — ұлына хан сарайы сияқты қауіпсіз мекен

Ұлыңыз тәй-тәй басқанда, анасынан бір-екі қадам ғана алыстайды да, қайта оралады. Сурет салып үйренгенде — мақтауды күтеді. Әріп үйренгенде — бір кітапты анасына қайта-қайта оқып береді, өйткені анасы тыңдауға дайын.

Футбол ойнауды бастағанда, жанкүйерлер арасынан сізді іздейді. Ауырып қалса — анасына қоңырау шалады. Бір нәрсені бүлдірсе — көмек сұрайды. Тіпті есейіп, ер-азамат атанса да, кейде өз сезімін жасырмай, сіздің иығыңызға келіп жылауы мүмкін.

Өз үйі, жары болса да, сіз оның анасы болып қала бересіз — аспандағы күн секілді өзгермейтін мәңгілік шуақ, жылу.

11) «Неге?» деген сұраққа міндетті түрде жауап беріңіз

Бала «Неге?» деп сұрағанда, міндетті түрде жауап беріңіз. Егер өзіңіз білмесеңіз — жауабын бірге іздеңіз. Қайдан табуға болатынын көрсетіңіз: туыстардан сұрасын, интернеттен қарасын, энциклопедия оқысын.

Қарсы сұрақ қойыңыз — өзі де ойлансын. Кей сұрақ ұялтатын болуы мүмкін; егер ол сізден сұрай алмаса, қалай дұрыс ақпарат табатынын білуі керек.

Әкенің рөлі туралы

Басты нәрселерді әкесі де үйретсін. Егер әкені тәрбиеге етене араластырсаңыз, баланың санасында «әкем бәрін біледі» деген дұрыс түсінік қалыптасады. Сіз әрдайым сүйікті ана болып қала бересіз, бірақ ұл бала үшін әкенің орны бөлек: ол — көптеген сұрақтың жауабын табуға көмектесетін тірек.

Аударған: Шынар ӘБІЛДӘ

Дереккөз: islam