Мәтінді оқып түсіндіру

Жж дыбысы мен әрпі (1-сынып)

Бұл сабақта оқушылар Ж дыбысы мен әрпін меңгереді, Ж дыбысы бар сөздерді оқып-жазады және дыбысты басқа дыбыстардан ажырата білуге дағдыланады. Сонымен қатар сөзге дыбыстық талдау жасап, сөзді буынға дұрыс бөлуге үйренеді.

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

  • Оқушыларды Ж дыбысы және әрпімен таныстыру.
  • Ж дыбысы бар сөздерді оқыту және жаздыру.
  • Ж дыбысының айтылу артикуляциясын түсіндіру.
  • Басқа дыбыстардың ішінен Ж дыбысын ажырату, дыбыстық талдау жасау, буынға бөлу дағдыларын қалыптастыру.

Дамытушылық

  • Логикалық ойлауын, сөздік қорын, танымдық дағдыларын дамыту.
  • Дұрыс оқуға және көркем жазуға машықтандыру.

Тәрбиелік

  • Ұқыптылыққа, шапшаңдыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер, түрі және көрнекіліктер

Сабақтың әдістері

Сұрақ-жауап, түсіндіру, ойын, көрнекілік, жұмбақ және шешу.

Сабақтың түрі

Ойын сабақ.

Көрнекіліктер

Ж әрпінің баспа және жазба түрі, кеспе әріптер, суреттер, Ж әрпінен басталатын мақал-мәтелдер.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық

Жақсы оқып сабақты, Әдеп сақтау сәніміз. Сәлем бердік сіздерге, Басымызды иіп бәріміз.

Сынып оқушыларын түгендеу

Оқушылардың қатысуын тексеру, сабаққа дайындығын бақылау.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Өткен сабақтағы Ы ы дыбысын қайталау арқылы үй тапсырмасы тексеріледі.

«Әріптерді сөйлет» ойыны

Оқушылар өткен әріптерді атап, олардың дауысты не дауыссыз екенін анықтайды. Сол әріптерден сөз құрап, сөзді буынға бөледі.

Мәтінмен жұмыс (сұрақ-жауап)

Үйге берілген «Қақпашы» мәтіні сұрақ-жауап арқылы сұралады.

3) Жаңа сабақ

Бүгінгі сабақтың тақырыбы бастапқыда құпия болады. Құпияны ашу үшін «Бұл не?» ойыны ойналады.

Ойын шарты

Оқушылар кезекпен шығып, берілген суретті сипаттайды. Қалған оқушылар жауабын табады.

  • Жаңбыр
  • Жапырақ
  • Жүрек
  • Жылқы

Оқушылар сөздердің қай дыбыстан басталатынын анықтайды.

Қорытынды: бұл сөздердің бәрі Ж дыбысынан басталады. Демек, бүгінгі тақырып — Жж дыбысы мен әрпі.

Дыбысты хормен айту

«Ж, ж, ж» — хормен айтылады. Дыбыстың айтылуы кедергіге ұшырайды, созылмайды, әндетілмейді. Сондықтан Жж — дауыссыз, ұяң дыбыс.

Ой қозғау

«Ж дыбысынан басталатын қандай сөздерді білесіңдер?» — оқушылардың жауаптары тыңдалады.

4) Сөздермен жұмыс: оқу, буынға бөлу

Оқушылар сөздер жазылған парақшаларды алып, сөздерді оқиды. Әр сөзді буынға бөліп, неше буыннан тұратынын анықтап, тиісті орнына орналастырады.

5) Жаңылтпаштар

Оқушылар бұрыннан білетін жаңылтпаштарын айтады. Одан кейін жаңа жаңылтпаш жаттайды:

Жағажай, жағажайда — Қамажай. Жағажайды жағалай Жүгіреді Қамажай.

6) Оқулықпен жұмыс

Оқушылар әліппе кітабын ашады: кітап — біздің досымыз әрі ақылшымыз.

1) Хормен оқу

Жа ға, жа лау, жо та, жан тақ, жуан
Жа са, жа сау, жуа, жу сан, жуас, Жусан

Далада жусан бар. Жусанға мал жақсы жайылады. Жарас малды жусанға жайды. Мал тойынды.

Мәтін оқылып, мазмұны түсіндіріледі. «Жусан» сөзіне түсінік беріледі.

2) Іштей оқу

Оқушылар мәтінді іштей оқып шығады.

3) Тізбектей оқу

Оқушылар мәтінді кезекпен дауыстап оқиды.