Арманымның суреті

Сабақ жоспары: 5-сынып

Тақырып
Өзімді өзім танумен өсіп келем...
Құндылық
Сүйіспеншілік
Қасиеттер
Мейірім, қуаныш, достық
Мұғалім
Ақшолақова С. М.

Сабақ мақсаты

Оқушылардың адам өмір жолының маңызды құрамдасы ретінде өзін-өзі тану туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері

  • Білімділік: өткен сыныптарда алған білімдерін пысықтай отырып, өзін-өзі танудың үздіксіз үдеріс екенін ұғындыру.

  • Дамытушылық: оқу материалдары арқылы оқушылардың өмірлік ұстанымы мен болашақ бағытын анықтауына ықпал ету, адамның қайталанбас тұлға екендігі туралы түсінігін дамыту.

  • Тәрбиелік: өзін-өзі тәрбиелеу барысында рухани құндылықтардың қайнар көзі — халықтық тағылым тәжірибесінен тәлім алуға баулу.

Сабақ барысы

Уақыт мөлшерлері сабақтың ырғағын сақтауға көмектеседі және әр кезеңнің мақсатын айқындайды.

Ұйымдастыру кезеңі

2 минут
  • Сәлемдесу.
  • Оқушылардың көңіл-күйін сұрау.
  • Сабаққа қатысуды тексеру.

Тыныштық сәті: «Арманымның суреті»

3 минут

Барлығымыз көзімізді жұмып, өз арманымызды көз алдымызға елестетеміз. Ең маңызды арманды таңдаймыз.

Көзімізді ашқан соң, сол арманның суретін саламыз. Соңында суреттер арқылы әркім өз ойын бөліседі.

Үй тапсырмасын тексеру

5 минут

Үйге берілген «Мен армандаймын...» сөйлемін аяқтап жазып келу тапсырмасы талқыланады.

Дәйексөзді талдау

талқылау

«Дүниедегі ең оңай нәрсе — біреуге ақыл айту, ең қиын нәрсе — өзіңді-өзің түсіну».

әл-Фараби

Нақыл сөздің мәні оқушылармен бірге талданып, өзін түсіну жолындағы жауапкершілік, шынайылық және ішкі тәртіп тақырыптары ашылады.

Әңгімелеу (сұхбат)

3 минут

«Ойланайық, әңгімелесейік» айдары бойынша сұрақтарға жауап беру:

  1. Біз «Өзін-өзі тану» пәнінен нені үйрендік?
  2. Өзін-өзі танудың адам өміріндегі маңызы қандай?
  3. Өзін-өзі тануды сарқылмас қазына деуге бола ма? Неліктен?
  4. «Алыстан көруге үйренді» дегенді қалай түсінесіңдер?
  5. Сендер танымның қай жолын таңдар едіңдер?
  6. Қай данышпанның тағылымы табандылыққа және болашақты болжауға үйретеді?

Аңыз айту

5 минут

«Оқып үйренейік» айдарындағы «Таным тағылымы» мәтіні оқылып, сұрақтар арқылы талданады.

Сұрақ-жауап

5 минут
  • Арманның үлкен-кішісі болады деп ойлайсыңдар ма?

  • Өздеріңнің қандай армандарың бар?

  • Адамға арман не үшін қажет деп ойлайсыңдар?

  • Арманға қалай қол жеткізуге болады?

Шығармашылық және топтық жұмыс

12 минут

Оқулықта ұсынылған тұжырымдарды талдап, әрқайсысына өмірден мысал келтіріп, қысқа қорытынды жасау:

Өзін-өзі тану

адамның бүкіл ғұмыры бойына жалғасады.

Өзін-өзі тану

тәрбиеленуге және жетілуге мүмкіндік береді.

Өзін-өзі тану

өзгелерді түсініп, бағалауға негіз болады.

Өзін-өзі тану

өмірден өз орныңды табуға көмектеседі.

Дәптермен жұмыс

Тұжырымдарға қатысты жеке ойды қысқа әрі нақты жазу, бір әрекет жоспарын белгілеу (не нәрсені дамытамын, қалай дамытамын).

Қорытындылау

түйін

Адам — ғалам, ғажайып жеке дара, Жан құмары — ізденген мәңгі сана. Өзіңді өзің танысаң — істің басы, Түзеген өз ғаламын болған дана.

Топпен ән айту: «Арман жолдар»

3 минут
  • Сөзі: А. Дүйсенбі

  • Әні: Ұ. Жолдасов

Үй тапсырмасы

2 минут

Дәптердегі сауалнамалық сұрақтарды мұқият оқып, өз ойларыңды үйде жазып келіңдер.

Соңғы тыныштық сәті

3 минут

Енді бір сәт тынышталайық. Денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Ауаны терең жұтып, еркін тыныстаңдар.

Айналадағы барлық тіршілік иесі сендерді аялап, қоршап, қамқор болып жатқанын сезініңдер. Тұла бойларың жақсылыққа, махаббатқа толғанын байқауға тырысыңдар.

Бүгінгі сабақтан алған әсерлерің мен жақсы ойларыңды еске түсіріңдер. Сол жылылықты өздеріңмен бірге алып қалу үшін жүректеріңе сақтап, бір-бірлеріңе жылы лебіз білдіріңдер.

Армандарыңа жетулеріңе тілектеспін. Бүгін сендер көп жақсы іс атқардыңдар: ойларыңды жеткіздіңдер, жақсы пікір айттыңдар. Рақмет!