Оқушыларды сақтыққа тәрбиелеу, көше қатынас ережелерін меңгерту
Тәрбие сағаты: «Жолың болсын, жолаушы!»
Бұл тәрбие сағаты оқушыларды сақтыққа тәрбиелеуге және көше қозғалысы ережелерін дұрыс меңгертуге бағытталған.
Мақсаты
Оқушыларды қауіпсіздікке баулу, жол жүру мәдениетін қалыптастыру, көше қатынас ережелерін тәжірибеде қолдануға үйрету.
Көрнекіліктер
- Көшеде жүруге арналған баспа кестелер (таблицалар).
- Оқушылардың өз қолымен салған суреттері.
- Көшені бейнелеуге арналған қиылысты көрсететін ұзын қағаз жолақтар.
- Батареямен жанатын бағдаршам макеті (оқушылар дайын көрнекіліктерді ұстап тұрады).
Сабақтың барысы
Көшедегі тәртіп туралы әңгіме
1-оқушы
Көшеде жүру тәртібін сақтамау көліктердің қозғалысына кедергі келтіреді. Соның салдарынан жұмысшылар жұмысқа, оқушылар сабаққа, дәрігерлер және басқа да адамдар өз орнына уақытында жете алмай қалуы мүмкін.
2-оқушы
Көшенің арғы бетіне өту үшін арнайы өткелмен өту керек. Қалалық жерлерде аспалы көпірлер немесе жер асты өткелдері пайдаланылады.
3-оқушы
Көшеде келе жатып қақпадан шығып келе жатқан көлікті көрсең, сақтанып, күте тұр. Тоқтап тұрған көліктің жанынан өткенде де абай бол: есігі кенет ашылып қалуы мүмкін.
4-оқушы
Мектепке барарда өзіңе қауіпсіз жолды таңда. Егер өткел тар болса, жолыққан үлкен кісіге жол бер.
Сұрақ-жауап: жаяу жүргінші ережелері
Мұғалім
Жолжиек деген не?
Оқушылар (хормен)
Ол — адамдар жаяу жүретін, көше жиегіндегі тар жол.
Мұғалім
Жаяу адамға қай жермен жүруге болмайды?
5-оқушы (өлең)
Жиекжол бар ғой,
Жандар үшін жаяу.
Деп оны сен тар ғой,
Шықпа жолға таяу.
Көшедегі қозғалысты не басқарады?
Мұғалім
Көшеде жүру тәртібін не басқарады?
6-оқушы (өлең)
Бағдаршам атты
Көп көзі бар батыр.
Тоқ болғанмен заты,
Өзінде көп ақыл.
7-оқушы
Бағдаршам — өмірімізді жазымнан сақтайтын көмекшіміз. Оның сырын біліп, тілін алу — баршамызға қажет.
8-оқушы (өлең)
Көреген, дәу, қырағы,
Көшемізде тұрады.
Бағынамыз әмәнда,
Ашса кезек үш көзін —
Тоқта! Сақтан! Жол ашық!
Бағдаршам түстері: тоқта, дайындал, жүр
Қызыл — тоқта
9-оқушы (өлең)
Қызыл көзі жанса,
Мейлі көлік жоқта.
Қатып қалған жанша,
Қыбыр етпе, тоқта!
Сары — сақтан, дайындал
10-оқушы (өлең)
Сары көзі жанса,
Мейлі көлік жоқта,
Қатып қалған жанша,
Қыбыр етпе, тоқта!
Жасыл — жүр
11-оқушы (өлең)
Жанса көзі жасыл,
Жолың айдай ашық.
Жүре бергін батыл,
Керегі жоқ сасып!
Сабақ барысында бағдаршам туралы жұмбақтар да айтылды.
12-оқушы (жұмбақ)
Сөйлегенді білмейді, бірақ: «тоқта, жүр» дейді.
13-оқушы (жұмбақ)
Менің үш көзім бар:
Бір көзім «кідір» дейді,
Бір көзім «абайла» дейді,
«Қарап ал маңайға» дейді.
14-оқушы (өлең)
Айтқан сөзді құптап,
Тек абайлап атта.
Ережені мықтап,
Есіңде ылғи сақта.
15-оқушы (өлең)
Көлік жүрер жолда,
Ойнау тіптен шатақ.
Әйтеуір бір онда
Кезігеді апат.
Маңызды ескерту: ережені білмеу — қауіп
Мұғалім
Балалар, биылғы жылы бір баланың кездейсоқ қазаға ұшырағанын білесіңдер. Мұндай жағдайдың басты себебі — оқушының көшеде жүру ережесін білмеуі.
16-оқушы (өлең)
Асығыпты көшеде,
Жел болып ол ұшыпты.
Машинаның астына
Абайсызда түсіпті.
Өше қалған отындай
Жатыр бала сәл жанып.
Шофер де тұр дел-сал боп,
Жүзін қара тер жауып.
17-оқушы (өлең)
Әкесі кеп еңкілдеп,
Бала үстіне құлады.
Екі иығы селкілдеп,
Өксіп-өксіп жылады.
Жыламасын аналар,
Жас ұландар өсе бер.
Сақ болыңдар, балалар,
Сақ жүріңдер көшеде!
Шағын көрініс: қауіпсіздік — ойыннан жоғары
Үш оқушы мектепке бару үшін үйден шықты. Олар көлік жүретін көшеде қуаласып ойнай бастады. Бірінші оқушы тәртіпсіз болып, жүгіріп келіп екінші оқушыны итеріп жіберді — ол құлап қалды. Үшінші оқушы бірден көмекке ұмтылып, құлаған баланы тұрғызды. Дәл сол сәтте бұрылыстан шыға келген көлік әрең тоқтады. Құлаған бала қатты қорықты. Ал итерген оқушы айқайлап, күліп тұрды.
Мұндай ережеге сай емес ойындар кездейсоқ апатқа әкелуі мүмкін.
Велосипед және қоғамдық көлік мәдениеті
Мұғалім
Велосипедпен көшеде жүруге бола ма?
Оқушылар (хормен)
Тек 14 жастан кейін ғана көшеде жүруге рұқсат етіледі.
18-оқушы (жұмбақ)
Қозғамасаң — құлайды,
Сүйемесең — сұлайды.
Құймышақта ері бар,
Бұл не деген жануар?
Оқушылар (хормен)
Ве-ло-си-пед.
19-оқушы
Автобусқа мінерде аялдамада күт. Тәртіп сақта. Басқаларға кедергі жасама.
20-оқушы (өлең)
Кезекте сен — әлгі,
Артқы есіктен кіргін.
Алдыңғы есіктен енді,
Шығарыңды білгін.
Мұғалім
Трамвайдың, автобустың немесе машинаның артына жабысуға бола ма?
Оқушылар
Жоқ, транспорттың артына жабысуға болмайды. Құлап, апатқа ұшырауың мүмкін.
21-оқушы (өлең)
Топталып халық тосып тұр,
Тоқтады келіп трамвай.
Жүруін күтіп Мақсұт тұр,
Вагонға кіріп отырмай.
Қозғала берген вагонның
Артына Мақсұт жабысты.
«Құлайсың, бала, түс!» — деген
Тыңдамады ол сөзді.
Естіді бір дауысты,
Жөнеліп берді трамвай.
Аяғы кетті сырғанап,
Не болсын енді, құламай.
Зәресі ұшып Мақсұттың,
Бақырып тұрып жылады.
Жылағаннан не пайда?
Жерді сүзе құлады.
Көшеден дұрыс өту алгоритмі
22-оқушы
Жүріп келе жатқан көліктің алдынан кесіп өтемін деп ойлама. Көлік тоқтағанша немесе өтіп кеткенше күте тұр.
23-оқушы
Аялдамада тұрған автомобильдің, автобустың, троллейбустың арт жағынан айналып өт. Сонда сен оның соңынан келе жатқан көлікті дер кезінде көресің.
24-оқушы
Көшеден өтерде алдымен сол жаққа қара. Көшенің ортасына жеткенде оң жаққа көз сал. Егер көлік келе жатса, өткенше өз орныңда күте тұр.
Қорытынды
Қорытындылай келе, қалада да, ауылда да баршаға ортақ жол қозғалысы ережелері бар. Бұл ережелерді оқушылар да, ересектер де, барлық жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер де бұлжытпай орындауы тиіс.
Тәрбие сағатына белсене қатысып, ізденімпаздығын көрсеткен оқушылар атап өтілді.