Елтаңбаның негізі - шаңырақ
Сабақтың мақсаты
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны, Елтаңбасы және Туы туралы білімдерін кеңейту, олардың тарихы мен мәні жөнінде түсінік қалыптастыру. Балаларды өз республикасын танып-білуге, Отанын құрметтеуге, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға және патриоттық сезімге тәрбиелеу. Табиғаттың әсемдігін танып, оны қорғауға баулу, ой-өрісін дамыту, сөздік қорын молайту.
Құрал-жабдықтар
- Мультимедиа
- Суреттер
Әдіс-тәсілдер
Сабақтың барысы
Психологиялық жаттығу
Балалар шеңберге жиналып, бір-біріне жылы лебіз білдіреді.
Кел, балалар, ортаға,
Қайырлы таң, достарым!
Достарымды көргенде
Қуана қарсы аламын!
Қолымыздан ұстасып,
Жылулықты алайық!
Амандасып алайық:
«Сәлеметсіздер ме, қонақтар және балалар?»
Негізгі идея
Мемлекеттік рәміздер — елдің тәуелсіздігі мен бірлігінің белгісі. Оларды тану — Отанды тану.
Кіріспе сөз
Мен қазақпын — биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім…
Қазақстан!
Тәуелсіздік — рухы күшті ғажап күн,
Артта қалды бодан болған аза күн.
Елім, жерім, қазағым деп тебіренем,
Өйткені мен — тәуелсізбін, азатпын.
Сұрақ-жауап арқылы бекіту
Тәрбиеші: Балалар, біздің Отанымыз қалай аталады?
Балалар: Біздің Отанымыз — Қазақстан.
Тәрбиеші: Тәуелсіздік алғанымызға қанша жыл болды?
Балалар: 21 жыл.
Тәрбиеші: Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіз республика болып жарияланды.
Тәрбиеші: Қазақстан қандай мемлекет?
Балалар: Қазақстан — тәуелсіз, егеменді мемлекет. Өз мемлекетіміздің Әнұраны, Елтаңбасы, Туы бар.
Тәрбиеші: Осындай үлкен елімізді кім басқарады?
Балалар: Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев.
Мемлекеттік рәміздер
Мемлекеттік Ту
Тәрбиеші: Мемлекеттік туымыз көгілдір түсті. Неге ұқсайды?
Балалар: Аспанға ұқсайды.
Тәрбиеші: Иә, туымыздың көк түсі — ашық аспанның, бейбітшіліктің белгісі.
Қожахмет:
Аспан түстес көгілдір
Тік бұрышты матаның
Ортасында төгіп нұр
Күн жаяды шапағын.
Астында оның қалықтаған
Қыран құстың бейнесі —
Азат елдің шалқыған
Көңілі деп білерсің.
Азиза:
Есте қалар ұрандар
Сары алтындай сақталған.
Күн шұғыла, қыран да
Алтын түске қапталған.
Сол жағында матаның
Сары түсті жолақ бар —
Мұратыдай атамның
Әсем өрнек ол ұлттың.
Мемлекеттік Елтаңба
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары — Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов.
- Шаңырақ — елтаңбаның жүрегі, отбасының негізі, бірліктің нышаны.
- Шаңырақ — күн шеңберіндей, ортақ үйіміздің кеңдігін меңзейді.
- Тұлпар — еркіндік пен күштің, даланың жүйріктігінің белгісі.
- Қанатты тұлпарлар — бір шаңырақ астындағы татулық пен өсіп-өркендеуді білдіреді.
- Жұлдыз — әр адамның жолын нұсқайтын арман-мақсаттың символы.
Айшабибі:
Алтын қанат көмкерген
Шаңырақ бар, уық бар.
Әсем бейне — сен көрген
Жай белгі емес, ұғып ал!
Көгілдір түс аясы —
Бейбіт дала елесі.
Шаңырақ — жұрт панасы,
Уықтар — күннің сәулесі.
Сүйсіндірер өзіңді,
Түсіне біл таңбаны.
Мемлекеттік Әнұран
Әнұран — салтанатты ән. Оның әуенінен Отанға деген сүйіспеншілік, достыққа ашық құшағымыз және еркіндікке құштар көңіліміз байқалады. Мемлекеттік Әнұран — егемен еліміздің Туы мен Елтаңбасымен қатар қастерлі рәміз.
Ана тілі және елорда
Ана тілі — ұлттың тірегі
Тәрбиеші:
Әр тілде сөйле, әлемді таңдандыр,
Ана тілін білмеу — қасірет ауыр.
Өсер балаң, байтақ далаң тұрғанда,
Қазақ тілін мәңгі жасау керек-ақ!
Данияр:
Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
Елорда туралы
Тәрбиеші: Қазақстан Республикасының бас қаласы қалай аталады?
Балалар: Астана қаласы — әсем жас қала, еліміздің елордасы.
Мирас:
Ей, Астана, жас қалам,
Болашаққа бас қадам.
Қайта туып, жаңғырған,
Ей, бас қалам — Астанам!
Дереккөз
Атырау қаласы, МКҚК №29 «Нұрсая» бөбекжай-балабақшасы
II санатты тәрбиеші: Темірханова Жаңыл Жұмаханқызы