Тері өңдеу

Сабақ мақсаты

1) Технологияны меңгерту

Оқушыларға тері өңдеу технологиясын түсіндіріп, оны қарапайым тәсілдермен өңдей білуге үйрету және тері өңдеудің тұрмыстық пайдасын көрсету.

2) Бояу тәсілдерімен таныстыру

Тері бояудың негізгі тәсілдерін және бояу түрлерін таныстырып, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.

Сабақ кезеңдері

  1. 1

    Ұйымдастыру кезеңі

    Сабаққа дайындық, құрал-жабдықтарды реттеу, қауіпсіздік ережелерін еске түсіру.

  2. 2

    Жаңа тақырып

    Тері бояудың мақсаттары, табиғи бояулар, қолдану және кептіру тәсілдері.

  3. 3

    Қорытындылау

    Сұрақ-жауап, негізгі ұғымдарды бекіту, бағалау.

  4. 4

    Үй тапсырмасы

    Тері өңдеу және тері бояу технологиясын оқып келу, сыйлық бұйым жасауға дайындалу.

Тері бояу: мақсаттары мен негізгі тәсілдері

Тері бояудың екі негізгі мақсаты

  • Өң беру: терінің түсін түрлендіріп, әсемдеу.
  • Су өткізбейтін ету: теріні шыйыршықтап, төзімділігін арттыру.

1) Ағаш қабығымен бояу (ең кең тараған әдіс)

Тері бояудың ең көп қолданылатын тәсілі — теріні ағаш қабығының қайнатпасымен бояу. Бұл үшін көбіне тал, терек, емен қабықтары алынады. Сонымен бірге жер қынасы, томарбояу, түрлі шөп тамырлары, шеңгел, көк терек бүрлері де пайдаланылады.

Шикізатты дайындау

  • Қабық көбіне күзде жиналады.
  • Тік тұрған ағаштың қабығын сыдыру ағашқа зиян, сондықтан қабықты көбіне кесілген немесе қураған ағаштардан алады.
  • Қабық жылы сумен жуылып, кептіріледі, кейін келідe түйіледі немесе диірменмен тартылады.

Қайнатпа әзірлеу

11–12 қой терісінен тігілетін үлкен тонды бояуға шамамен 4–4,5 кг ұнтақталған қабықты 1,5–2 шелек суға салып, дәмін келтіріп тұз қосып қайнатады.

Қоюлығы мен түсі әлсіз болса, қабық қосылады; суы азайып, қабық құрғап бара жатса, су құйылады. Дұрыс қайнағаннан кейін қабық сүзіліп алынады.

Қауіпсіз қолдану және кептіру

  • Қайнатпа қанжылы болғанда ғана жағылады: тым ыстық бояу теріні «пісіріп» жіберуі мүмкін.
  • Бояу қылқаламмен немесе таза киіз бөлігімен жағылады.
  • Түсті біркелкі сіңіру үшін терінің өң жағын ішіне қаратып бүктеп, 2–3 сағат дегдітеді.
  • Көлеңкеде, жел өтінде немесе жылы үйде жайып кептіреді; жиырылып қалмауы үшін тобарсыған кезде уқалап созады.

Былжыр (майды сорғызу тәсілі)

Майлы терінің майын сорғызу үшін қышқыл аралас кебектен жасалған ашытқыны жағып кептіреді. Халық тілінде бұл қоспа «былжыр» деп аталады. Кейде қызыл кірпіштің ұнтағын сеуіп, бүктеп қою да жеткілікті.

2) Томарбояумен бояу

Томарбояу — қурай тектес өсімдіктің түбірінен алынатын табиғи бояу. Өсімдік басы дәнге толып, ақ үрпік пайда болған, жапырақтары сарғайып, түбі қызара бастаған кезде (шамамен шілде соңы — тамыз басы) түбірі қазылып алынады. Ол мұқият жуылып, жоғарыдағыдай ыдысқа салынып қайнатылады. Бояуы шыққан соң теріге қолданылады.

3) Қынамен бояу

Қына — жерге жабыса өсетін өсімдік. Оны да көбіне күзде дайындайды: жинаған соң топырақ пен қоқыстан тазартып, жылы сумен жақсылап жуады да, қайнату арқылы бояуын шығарады.

Өлшем мен қоспалар

10–15 қой терісін бояу үшін шамамен 2 шелек бояу болатындай етіп қайнатады. Қынаның басытқысына тұз, ашудас немесе мүсәтір қосып, аздап май құяды.

Түсті күшейту

Кейде көк тікеннің немесе қызыл мойылдың бастарын өнеркәсіптік бояумен араластырып, қына бояуын күрең қызыл етіп, түсін ашады. Қына бояуы жүн жіпке де, теріге де жақсы жұғады.

Бұйымдар: тігу, құрастыру және әрлеу

Табиғи бояумен боялған теріден әртүрлі бұйымдар құрастырып тігуге болады. Қоржым, тоқым, етік сияқты тері бұйымдары қосымша оюды үстінен тігу арқылы көркемделеді.

Үлгі

Қара қоңыр түске боялған терінің үстіне ақшыл сары теріден әзірленген өрнек бөлігін жамаулап тіксе, текемет пен сырмаққа ұқсас әсем өң береді. Осындай тәсілмен сәнді киім де, күнделікті пайдалануға ыңғайлы мүлік те жасалады. Әсіресе төрт түлік мал терісінен сыйлыққа лайық бұйымдар көп дайындалады.

Қайыс өнері: өру түрлері, ат әбзелдері және қамшы

Малшылар үшін жүн мен теріден жасалатын үй мүлкі мен киім-кешек қаншалықты қажет болса, ат саймандары — ер-тұрман, қайыс, таспа да соншалықты маңызды. Ауылдық жерде бұл бұйымдар бүгінге дейін кең қолданылады: жүген, айыл-тұрман, құлақбау, шілия, делбе, қамшы, қайыс.

Қайыс өрудің атаулары мен өрнектері

Қайыс өрудің бірнеше өрнекті түрлері бар: төрт таспадан өру, түйемұрындық, өткерме, тастүйін және т.б. Жүген, ноқта, делбе, шілия көбіне өру әдісімен жасалады.

Таспалы өрімдердің кең тараған түрлері

Үш таспа, төрт таспа, бестемше, алты таспа, бұзау тіс дырау, жыланбауыр, қос бұрым, сегіз қырлы, егеуқұйрық, айыл жырым өрімі, қабырға, таңдай, жиырма төрт таспа және т.б.

Өрімдер 3, 4, 5, 6, 7, 12, 24, 36, кейде одан да көп таспадан өріледі. Өрімдердің ұштары жай байлана салмай, әртүрлі мәнермен түйіліп, шашақталады.

Қамшы: киелі әрі сыйлыққа лайық бұйым

Қамшы 4, 6, 8, 10, 12 және одан да көп өріммен өріліп, әшекейленіп жасалады. Өрім саны белгіленгеннен кейін, қайыстан талшықтары арнаулы пышақпен немесе ұстарамен біркелкі етіп тілінеді. Қалыңдығы теңестіріліп, жуан жерлері тегістеліп, қырлары өңделген соң өруге кіріседі.

Қамшы сабы

Қамшы сабын мүмкіндігінше тобылғыдан таңдаған дұрыс. Болмаса, шамшат, емен сияқты қатты ағаштардан жонып дайындайды.

Тобылғыны шеберлер жаздың соңы мен күзге қарай жинап, бұтақсыз, түзу жерін кесіп алып, толық кепкенше іліп қояды. Сәл қисық болса, түзу затқа мықтап таңып бірге іледі — сонда түзу болып кебеді.

Әбден кепкен соң сыртын қойдың құйрық майымен ысқылағанда, қоңыр түсі қою қызыл реңкке өзгеріп, ерекше өң береді.

Пышақ қыны: тігіс тәсілдері

Пышақ қыны — иленген теріден жасалатын көне бұйым. Одан пышаққа, қанжарға, бәкіге, кілтке арналған қабтарды әртүрлі пішінде тігуге болады. Қынның пішіні үлгі бойынша екі дана етіп дайындалып, тігілетін шеті белгіленеді.

  • 1-тәсіл: тігісті ішке жіберіп, қынды аударып тігу.
  • 2-тәсіл: тігісті сыртта қалдырып, шалу тігіспен бекіту.

Көлемді бұйымдар (қоржын, дорба, торсық т.б.) көбіне сыртынан салып тігіліп, өрнекпен әрленеді. Мысалы, қоржынды қара қоңыр теріден тігіп, үстіне өрнектеп кесілген ашық сары теріні қондыра тіксе, өте сәнді көрінеді.

Былғары өңдеу: сапа белгілері және түрлері

Мал терілерін илеу, бояу және өң беру — ертеден келе жатқан, жақсы дамыған әрі жетілген өнер. Илеуі қанып, бояуы сіңген былғары су тартпайды, бұйымның тігісі ыдырамайды, тұтынуға төзімді әрі әдемі болады. Мұндай сапалы былғары шегені де берік ұстайды және жиһаз бен түрлі бұйымдардың сыртын қаптауға жарайды.

Былғары түрлері

Былғарының бірнеше түрі бар: көксауыр, опайке былғары, хром, көзел, шегерін, сақтиян, ұлтан және т.б.

Көксауыр

Көксауыр — жылқы мен серке терісінің сауыр бөлігінен жасалатын былғары. Көбіне көк түске, кейде қызыл, сары, жасыл түстерге боялып, беті жалтырап тұрады. Әртүрлі түсті көксауырларды өзара үйлестіріп оюластыруға немесе бір түсті көксауырды жібек жіппен кестелеп өрнектеуге болады.

Көксауыр бұйымдарды алтын, күміс, жез шегелермен, маржан моншақпен және асыл тастармен әшекейлеу дәстүрі де болған.

Қорытынды, бағалау және үй тапсырмасы

Қорытынды сұрақтар

  • Тері өңдеу мен бояу үшін қандай ағаш түрлерінің қабықтары пайдаланылады?
  • Терінің қандай қасиеттерін білдік және не үшін маңызды?

Бағалау және үй тапсырмасы

Оқушылардың жұмысы сабақ барысында белсенділігі мен тапсырманы орындау сапасына қарай бағаланады.

Үйге тапсырма:

Тері өңдеу және тері бояу технологиясын оқып келу. Теріден сыйлық бұйым жасау технологиясына дайындалып келу.