Әдебиет танытқыш кітабы
Ахмет Байтұрсынұлы: өмірі мен шығармашылығы
Ахмет Байтұрсынұлы (1873–1938) XX ғасырдың басында қазақ халқы бастан кешкен ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар жүрген рухани жаңғырулардың алдыңғы шебінде тұрды. Ұлттық мәдениет пен әдебиетті, білім мен ғылымды көтерген, жұртшылық санасына демократиялық ойларды сіңіруге ұмтылған зиялы қауымның рухани көсемі ретінде ол халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан тұлғаға айналды.
Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы атанған Ахмет Байтұрсынұлы Шоқан, Ыбырай, Абай бастаған ағартушылық-демократиялық бағытты жалғастырып, өз дәуіріндегі тұтас зиялы қауымның көшбасшысы болды. Ол қоғамды ілгерілетудің жолын білімнен, тілдің табиғатын танудан және ұлттық ойды жаңғыртудан іздеді.
Түйін: Байтұрсынұлының қызметі үш арнада тоғысты: ағартушылық, қоғамдық күрес, ғылыми-теориялық жүйелеу.
Өмір жолы
Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келді. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысшыл, сергек, қайратты адам болған. Патша өкіметінің өкілі — уезд бастығына қарсы болған жанжал салдарынан Байтұрсын мен оның жақындары түрмеге қамалады. Бұл оқиға он жасар Ахметтің санасына ауыр әсер етіп, әділетсіздік пен зорлық-зомбылықтың, әлеуметтік теңсіздіктің шынайы кейпін ерте танытты.
Табиғатынан зерек әрі талапты Ахмет 1882–1884 жылдары ауылдағы көзі ашық адамдардан сауат ашып, кейін жақын маңдағы мектепте оқиды. 1886–1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, 1891–1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алады. Бұл кезеңде Ыбырай Алтынсарин үлгісіндегі жаңа мектептер көбейіп, білім беру ісі жаңаша сипат ала бастаған еді.
1895 жылдың 1 шілдесінен бастап мұғалімдік қызметін бастаған ол 1895–1897 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі ауылдық және болыстық мектептерде, екі сыныптық училищелерде сабақ береді. Ұстаздық ете жүріп, қоғамдағы құбылыстарға терең үңіліп, халыққа білім берудің жолдарын, қазақ тілі мен әдебиетінің мәселелерін зерттеуге ден қояды: көп оқиды, өз бетінше ізденеді, өлең жазады, ауыз әдебиетін жинайды, оқулықтар әзірлейді.
Хронология (қысқаша)
-
1873 — Торғай өңірінде дүниеге келді.
-
1891–1895 — Орынборда мұғалімдер мектебінде оқыды.
-
1895 — ұстаздық қызметін бастады.
-
1913–1918 — «Қазақ» газетінің редакторы.
-
1929 — жазықсыз тұтқындалып, лагерь азабын тартты.
-
1937–1938 — қайта тұтқындалып, 1938 жылы атылды.
-
1988 — ақталды; мұрасы қайта зерттеле бастады.
1910 жылы қуғын салдарынан Қазақстанда тұру құқығынан айырылып, Орынборға келеді. 1913–1918 жылдары өзі ұйымдастырған «Қазақ» газетінің редакторы ретінде қоғамдық өмірдің ең күрделі мәселелерін көтеріп, елді оқу-білімге, ілгері ұмтылуға шақырды. 1917 жылғы төңкерістерден кейін ол қазақ жұртының тәуелсіз мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш қозғалысының жетекшілерінің бірі болды.
Кейін Қазақстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматы мен Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарды. Кеңес дәуіріндегі идеологиялық қысым салдарынан 1929 жылы жазықсыз ұсталып, ұзақ уақыт түрме мен лагерьде болды. 1936 жылы елге оралғанымен, 1937 жылы қайта тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесілді. Ұзақ жылдар бойы оның есімі мен шығармалары жабық саналып, тек тәуелсіздік кезеңінде мұрасы кеңінен таныла бастады.
Шығармашылық мұрасы
Ахмет Байтұрсынұлы — ірі қоғам қайраткері ғана емес, артына аса мол әдеби және ғылыми мұра қалдырған қаламгер-ғалым. Ол өз дәуірінде ақын, аудармашы, публицист және зерттеуші ретінде танылды.
Поэзия және аударма
- «Қырық мысал» (1909, Петербург) — негізінен И. Крыловтан аударылған мысалдар жинағы.
- «Маса» (1911, Орынбор) — автордың елді оятуға, бостандыққа үндеген ойлары ашық айтылған өлеңдер жинағы.
Публицистика және әдебиеттану
Ол қазақ тілі мен әдебиетінің түрлі мәселелеріне арналған мақалаларды тұрақты жариялап отырды. Әсіресе 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы Ахметті білікті әдебиеттанушы ретінде танытты. Бұл еңбек Абайдың ұлттық әдебиет тарихындағы орнын айқындауға арналған тұңғыш ғылыми зерттеулердің бірі болды.
Фольклорды жинақтау
Ахмет Байтұрсынұлы мұрасының маңызды салаларының бірі — халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жүйелеп, жариялауы. Оның жинаған материалдары негізінде Мәскеуде «Ер Сайын» жыры (1923) және «23 жоқтау» (1926) кітаптары жарық көрді.
Тіл білімі және әліпби реформасы
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің ұлы түрлендіруші реформаторы әрі теоретигі болды. Ол араб жазуы негізінде қазақтың дыбыстық жүйесіне бейімделген төте жазу үлгісін жасады. Сондай-ақ қазақ тіл біліміндегі терминдер жүйесін қалыптастырып, грамматикадағы ұғымдар мен категорияларға дәл әрі жаңа анықтамалар берді.
Негізгі оқулықтары
«Оқу құралы» (1912)
Тілтаным еңбегі
«Тіл құралы» (1914)
Әліпби
«Әліпби» (1924)
Жаңарту
«Жаңа әліпби» (1926)
«Әдебиет танытқыш» және сөз өнері
Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ ғалымдары арасынан шыққан тұңғыш әдебиет теоретигі. Оның әдебиетші-ғалым ретіндегі тұлғасын айқындаған басты еңбегі — 1926 жылы Ташкентте басылған «Әдебиет танытқыш» кітабы. Бұл еңбекте қазақ әдебиетінің теориялық және методологиялық мәселелері алғаш рет жүйелі түрде негізделіп, әдебиеттанудың басты ұғымдары мен терминдері қалыптастырылды.
Құрылымы және негізгі идеялары
I бөлім
Көркем әдебиеттің бейнелеу құралдары мен әдіс-тәсілдері талданады.
II бөлім
Әдеби жанр түрлері жүйеленіп, сипатталады.
Ғалым өнер атаулыны екіге бөледі: тірнек өнері және көрнек өнері. Көрнек өнеріне сәулет (архитектура), сымбат (скульптура), кескін (живопись), әуен (музыка) және сөз (әдебиет) өнерін жатқызады.
«Өнердің ең алды — сөз өнері саналады. “Өнер алды — қызыл тіл” деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шамасы келгенше сөз өнері атқара алады: қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты әрі кескінді суреттер болсын, қандай ән-күй болсын — сөзбен суреттеуге, көрсетуге, таныстыруға болады».
Дереккөз туралы белгі
Материалды құрастырған: Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Приречный жалпы орта білім беретін мектебі, информатика пәні мұғалімі Айшуақов Мерлан Адилович.