Қимылдасаң қимылда ойыны
Еліктеу сөздер және олардың түрлері
Сабақ жоспары: мақсат, әдіс-тәсілдер, күтілетін нәтиже және сабақ барысы.
Сабақ түрі
Жаңа тақырыпты меңгерту
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: еліктеу сөздер туралы түсінік беру, басқа сөз таптарынан ерекшеліктерін таныту; өмірден мысалдар арқылы еліктеу сөздердің түрлерін ұғындыру.
- Дамытушылық: қызығушылықты арттыру, сөйлеу тілін және ойды жүйелеу дағдысын дамыту.
- Тәрбиелік: тіл өнерінің құдіретін ұғындыруға, жинақылыққа және еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
Сыни тұрғысынан ойлау технологиясы:
- Топпен және жұппен жұмыс
- Салыстыру
- Венн диаграммасы
- ББҮ стратегиясы
- Семантикалық карта
Қамтамасыз ету
- Суреттер, кестелер, ойыншықтар
- Үлестірмелі қағаздар
- Интерактивті тақта, бейнематериал
Пәнаралық байланыс
Әдебиет, музыка, жаратылыстану.
Күтілетін нәтиже
- 1 Еліктеу сөздер туралы толық мәлімет алады.
- 2 Еліктеу сөздердің басқа сөз таптарынан ерекшеліктерін біледі.
- 3 Еліктеу сөздердің түрлерін ажыратып, мысал арқылы дәлелдей алады.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
- Оқушылармен сәлемдесу, танысу.
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
Тәлім сәті
— Әрбір адам?— Туысым, досым, жұрағат.
— Әрбір ісім?— Тірек, тірлік, адалдық.
— Әрбір сабақ?— Үйрену, ұғу, ұлағат.
Осыдан кейін сабақтың тақырыбы, мақсаты және жоспарымен таныстырылады.
II. Үй тапсырмасын пысықтау
Үй тапсырмасы слайд арқылы тексеріледі. Сұрақ-жауап әдісімен оқушылар интерактивті тақта арқылы жауап береді.
Қайталау сұрақтары
- Қазақ тілінде қанша сөз табы бар?
- Үстеу дегеніміз не?
- Үстеудің жасалу жолдары қандай?
Мысалдар
- Ертең айтылуы бойынша жазылады
- Ала жаздай бөлек жазылады
- Көзбе-көз дефис арқылы жазылады
- Бүгін бірге жазылады
Үй тапсырмасы «Даналық ағашы» әдісімен қорытындыланып, жаңа сабаққа кірісу жүзеге асырылады.
III. Жаңа сабақ
1) Қызығушылықты ояту
«Зерттеу шеберханасы» арқылы іс-тәжірибеге сүйеніп, оқушылардың қызығушылығы оятылады. Оқушылар табиғат пен күнделікті өмірдегі құбылыстарды көру және есту арқылы танитынын байқауға бағытталады.
Дыбысқа еліктеу (есту)
Жағдаят
Жанып тұрған отқа су құямыз.
Сұрақ
От қалай сөнді?
Жауап
От быж етіп сөнді.
Жағдаят
Сағатты үстел үстіне қоямыз.
Сұрақ
Сағат қалай жүріп тұр?
Жауап
Сағат тық-тық етіп жүріп тұр.
Қимылға еліктеу (көру)
Сұрақ
Қайсар қалай қарады?
Жауап
Қайсар жалт қарады.
Сұрақ
Аю қалай жүреді?
Жауап
Аю қорбаң-қорбаң етеді.
Қорытынды сұрақ: қимылды естиміз бе, әлде көреміз бе? Жауап: қимылды көзбен көреміз, дыбысты құлақпен естиміз.
2) Мағынаны тану
Табиғаттағы және күнделікті өмірдегі дыбыстар мен қимыл-қозғалысты біз есту немесе көру арқылы қабылдаймыз. Осы байқаулардың негізінде ереже тұжырымдалады.
Анықтама
Айналадағы (табиғаттағы) әртүрлі құбылыстардың дыбысына, қимыл-әрекетіне еліктеуден немесе олардың бейнесімен байланысты туған сөздер еліктеу сөздер деп аталады.
Ерекшеліктері
- 1 Дыбыс пен қимылға еліктеуден туады; сондықтан «еліктеу сөздер» деп аталады.
- 2 Көбіне көмекші етістіктермен (негізінен ет) тіркеседі және жиі қайталанып, қосарланып қолданылады.
Түрлері
Еліктеуіш сөздер
Айналадағы әртүрлі дыбыстарға еліктеуді білдіреді (құлақпен естиміз).
Бейнелеуіш сөздер
Заттың, табиғат құбылысының қозғалысын, күйін бейнелейді (көзбен көреміз).
Практикалық жұмыс
- Оқулықпен жұмыс: 304-жаттығу (ауызша), 300-жаттығу (тақтада).
- Әдебиетпен байланыс: Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінен еліктеу сөздер бар сөйлемдерді тауып оқу.
Сергіту сәті
«Қимылдасаң — қимылда» ойыны: қағаздағы сөзді алып, оны қимылмен көрсету.
Поэзия минуты
Абайдың «Бойы бұлғаң» өлеңі оқылып, өлең ішінен еліктеу сөздер табылады.
«Синквейн» әдісі
5 жол өлең құрастыру (үлгі бойынша).
Синквейн үлгісі
- 1. Кім? Не? — қарға
- 2. Қандай? — ала, қара
- 3. Не істейді? — қарқылдайды, ұшады, қонады
- 4. Сөйлем — Ала қарға қарқ-қарқ етіп ұшады.
- 5. Синонимі — құс
3) Ой толғаныс
Тақырыптың меңгерілу деңгейін анықтау үшін бірнеше тапсырма орындалады.
Топтық тапсырмалар
- Семантикалық картаны толтыру.
- «Орамал тастау» ойыны арқылы қос сөздің сыңарын табу.
- Егер таба алмаса, берілген сөзге морфологиялық талдау жасау.
Салыстыру жұмысы
Венн диаграммасы толтырылады.
Ортақ белгісі
Еліктеу сөз — сөз табы; қайталану және қосарлану арқылы жасалады.
Айырмашылығы
- Еліктеуіш сөздер дыбысқа қатысты: құлақпен естиміз.
- Бейнелеуіш сөздер қимыл-күйге қатысты: көзбен көреміз.
Жеке жұмыс
- Терме диктант: мәтін оқылғанда кездескен еліктеу сөздерді теріп жазу.
- Ойтолғау: көктемгі табиғат туралы бейнекөрініс бойынша еліктеу сөздерді қолданып шағын мәтін жазу және оқу.
Үй тапсырмасы, бағалау, қорытынды
Үй тапсырмасы
- Ережені жаттау.
- 305-жаттығу, 306-жаттығу.
Бағалау
Сабақ барысында жиналған белгішелер/дөңгелекшелер саны бойынша оқушылар бағаланады.
Қорытынды
Сабақ соңында ББҮ стратегиясы ұсынылады: әр оқушы өз пікірін және түсінгенін жазады.
Сабақты аяқтайтын қорытынды өлең
Сарт-сарт етіп сағат тілі тықылдап,
Аяқталып келді міне сабақ та.
Дүрс-дүрс етіп жүрегіміз лүпілдеп,
Күтіп едік қалай өтіп шығар деп.
Ризамын, балалар, мен сендерге:
Шып-шып терлеп, топ-топ етіп,
Тарс-тұрс етпей, үлгердіңдер бәріне.
Қыңқ демеді ешкім де,
Ыржаң-ыржаң күледі барлығы.
Жалт-жұлт жанып, сылаң қағып,
Аман-сау боп жүре беріңдер бәрің де.
Сау болыңдар!