Жылқы қасиеттері

Мазмұны

  • I. Кіріспе
    Қазақ, дала және жылқы
  • II. Негізгі бөлім
    1. Қолға үйрету тарихы
    2. Өмір мерзімі мен кезеңдері, сипаттамасы, түсі, түрлері
    3. Қазақ халқындағы жылқының маңызы
    4. Жылқы және қазақ рухы
  • III. Қорытынды

    «Мал өсірсең, жылқы өсір, табысы оның көл-көсір»

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері

Бұл ғылыми жұмыстың негізгі мақсаты — жылқы малының тарихын, оның өмір сүру кезеңдері мен түрлерін, биологиялық ерекшеліктерін зерделеу. Сонымен қатар жылқыны баптау мен күтімге қатысты деректерді жинақтап, қазақ халқы өміріндегі жылқының маңызы мен күтім мәдениетін талдау.

Негізгі міндеттер

  • Ғылыми әдебиеттерге шолу жасап, мәліметтерді жинақтау.
  • Жылқы малының ерекшеліктерін анықтау.
  • Жылқының жас ерекшелігі, бапталуы және күтімін зерттеу.
  • Жылқының адам өміріндегі пайдасын айқындау.

Түйін

Жылқы — қазақ дүниетанымындағы тіршіліктің серігі, еркіндіктің нышаны және дала өркениетінің өзегі.

«Біздің тегіміз — түркі, түлігіміз — жылқы».

Кіріспе: Қазақ, дала және жылқы

Бұл қазаққа қанат болған жүйрік ат,
Қазір міне арман болды, байқаймысың жамағат?
Ата кәсіп ұранымен төрт түлікті өсірсек,
Жан серігі Құлагердің ізін басар талай ат.

Қазақ халқы төрт түліктің ішінде жылқыны ерекше қастерлеп, қасиетті түлік ретінде қадірлеген. Сондықтан «қазақ, дала және жылқы» ұғымдары бір-біріне жақын, тамырлас әрі тағдырлас болып айтылады.

Тарихи деректерге сүйенсек, адам баласы жылқыны біздің жыл санауымызға дейін 3–4 мың жыл бұрын қолға үйреткен. Жылқының қолға үйретілу аймағы ретінде Шығыс Еуропаның далалы өңірі, Орталық Азия және Қазақстан аумағы аталады. Үй жылқысының арғы тегі жабайы жылқылар — тарпаң мен керқұлан деп есептеледі.

XVII–XVIII ғасырларда қазақтардың тарпаңды үйірге қосып, тұқымын асылдандырғаны әрі етін пайдаланғаны туралы мәліметтер кездеседі. Бабаларымыз кең байтақ жерді аттың жалы, түйенің қомында жүріп, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалды. Ерте кезде балаларды да жастайынан атқа мінгізіп үйрету өмір салтына айналды.

Жылқының тұрмыстық құндылығы

Жылқы — мінсең көлік, жесең ас, ішсең сусын, кисең киім. Қазақ тәжірибесінде жылқының еті, сүті (қымыз), тіпті кей дәстүрлі ұғымдарда қаны да емдік қасиетке ие деп танылған.

Тазалық пен тектілік нышаны

«Есек тұяғын төсейді, түйе шудасын төсейді, өгіз мүйізін, ат жалынын төсейді» деген сөз тұлпарға тән тазалық пен пәктікті меңзейді.

Ақыл-естілік қасиеті

Қазақы жылқы тұқымының өз иісін, өз тұқымының үнін және мінезін айыра білуі — жылқының естілігі мен зеректігін танытатын сипат ретінде жиі айтылады.

Досбол шешеннің сөзімен айтқанда: «Жылқының сүті — шекер, еті — бал, исі — жұпар, терісі — киім, мінсең — тұлпар». Бұл — жылқының халық өміріндегі орнын биік бағалаудың көрінісі.

Негізгі бөлім

Жылқы — тақтұяқтылар отрядына жататын тұқымдас. Ол адамзат өркениетінде, әсіресе дала өркениетінде дамудың жарқын көрсеткіштерінің бірі саналады. Жылқыны қолға үйрету көшпелі шаруашылықтың орнығуына, көлік пен әскери іс, шаруашылық және спорт бағыттарының дамуына негіз болды.

Шаруашылықтағы қолданылуы

  • Ет және қымыз өндіру
  • Салт міну
  • Арбаға немесе шанаға жегу
  • Әскери және спорттық бағыттар

Дала өркениетіндегі рөлі

Жылқыны игеру арқылы адам кеңістікті «жақындатты»: ұзақ қашықтыққа қатынас күшейді, көш-қон жеңілдеді, әскери тактика өзгерді, ал бәйге мен көкпар сияқты дәстүрлі ойындар ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды.

1) Қолға үйрету тарихы

Қазба деректері жылқының б.з.б. шамамен 7000 жыл бұрын Азия мен Еуропада қолға үйретіле бастағанын көрсетеді. Жылқы тұқымдасына есек, құлан, зебр және жабайы жылқы сияқты туыстар кіреді. Үй жылқысына жақын жабайы тектер ретінде керқұлан және жойылып кеткен тарпаң аталады.

Тарпаң XIX ғасырға дейін Батыс Қазақстан, Батыс Сібір және Ресейдің Еуропалық бөлігінің оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс өңірлерін, сондай-ақ кейбір Еуропа елдерін мекендегені айтылады. Керқұлан үйірлері қазіргі уақытта негізінен Моңғолия аумағында кездеседі. Көптеген зерттеулер бойынша үй жылқысының ең жақын тегі — керқұлан.

Қазақстан аумағындағы деректер

Археологиялық қазбалар Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген маңызды аймақтарының бірі болғанын дәлелдейді. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті (энеолит, б.з.б. IV–III мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері (орта қола дәуірі, б.з.б. II мыңжылдық), сондай-ақ арий, сақ, ғұн кезеңдеріне тән жәдігерлер жылқының тек шаруашылықтағы емес, әдет-ғұрыптық рәсімдердегі ерекше орнын айғақтайды.

Арийлер кезеңі

Арийлер жылқыны айрықша құрметтеген. Зерттеулерде оларда жылқының бірнеше тұқымы болғаны айтылады: таулы жерге бейім аласа жылқы, ұзақ жолға төзімді қазанат, сондай-ақ бүгінгі ахалтекенің арғы тегі саналатын ұшқыр тұлпар. Екі доңғалақты арбаны алғаш қолданғандардың бірі ретінде де арийлер аталады.

Қазақстан аумағында арийлер қалдырған құнды мұраның бірі — жартастарға салынған суреттер. Олар арқылы тұрмыс-тіршілік, аңшылық, көлік құралдары және дүниетаным туралы мағлұмат алуға болады.

Сақтар кезеңі

Сақтар Алтайдан Дунайға дейінгі кеңістікте үйір-үйір жылқы өсіріп, ат үстіндегі шеберлікті өнер дәрежесіне көтерген. Балалары мен әйелдеріне дейін ат үстінде соғыс тәсілдерін меңгергені туралы деректер сақталған.

Ежелгі авторлар сақтардың ат әбзелдерін сәндеп, тіпті аттарына сауыт кигізгенін жазады. Сондай-ақ хан, қолбасшы, батырларды жерлегенде жан серігі болған атын бірге қою ғұрпы — «о дүниеде де серік болады» деген сеніммен байланыстырылады.

2) Биологиясы

А) Өмір сүру мерзімі және кезеңдері

Күтімі мен өсірілетін ортасына, тұқымына қарай үй жылқысы орта есеппен 25–30 жыл жасайды. Кей жағдайда жасы 40-тан асатын жылқылар кездеседі. Жазба деректерде XIX ғасырда «Ескі Билли» атты жылқы 62 жыл өмір сүргені айтылады. Қазіргі дәуірде «Шуга Пафф» пониі 2007 жылы 56 жасында өліп, рекорд ретінде тіркелген.

Жылқы төлдері

  • Құлын — биенің жас төлі
  • Жабағы — 6 айдан асқан құлын
  • Тай — 1 жастан асқан жас жылқы

Жас ерекшелігіне байланысты атаулар

Ұрғашы жылқы (бие)

  • Құнажын байтал — 2 жастан асқан
  • Дөнежін шығар — 3 жастағы байтал
  • Дөнежін байтал — 3 жастан асқан
  • Бесті бие — 4 жастан асқан
  • Қасабалы бие — 7–8 жастағы
  • Кәртамыс бие — 11–14 жастағы
  • Жасаған бие — 20 жастан асқан
  • Мама бие — көп құлындаған бие
  • Құлық — алғаш құлындаған бие
  • Қысырақ — үйірге алғаш қосылған жас мал
  • Бедеу — құлындамайтын

Еркек жылқы

  • Құнан айғыр — 2 жастан асқан
  • Дөнен айғыр — 3 жастағы
  • Сәурік айғыр — 3–4 жаста, үйірге салынбаған
  • Бесті айғыр — 5 жастағы
  • Сақа айғыр — 11–12 жастағы
  • Ат — ақталған (піштірілген) еркек жылқы, мініс ат

Ә) Сипаттамасы

Сыртқы пішіні

Басы созылыңқы, көздері үлкен әрі өткір, танауы кең, құлағы ширақ. Жалы ұзын, мойны бұлшықетті, денесі жұмыр, құйрығы ұзын қылдардан тұрады. Аяқтары биік, сымбатты.

Дене құрылысы

Тұяқ ортаңғы саусақтың ұшынан қалыптасып, негізгі салмақ соған түседі. Асқазаны қарапайым, өт қабы болмайды. Есту қабілеті жақсы дамыған, одан кейін көру және иіс сезу келеді.

Өлшемдері

Шоқтығына дейінгі биіктігі шамамен 50–185 см, салмағы 60–1500 кг аралығында болады. Жылқылар көбіне бір айғыр бастайтын үйірге бірігеді.

Түсі (жылқының түс жіктелімі)

Жылқы түсі дәстүрлі түрде қылаң, баран, ала болып бөлінеді. Алыстан қарағанда денесінде бозғылт түктер басым болса — қылаң, қошқыл реңк басым болса — баран деп аталады.

Қылаң

Ақбоз, боз, бурыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, шабдар, көк, сұр, құлагер, қызыл, нарқызыл т.б.

Баран

Торы, қара, қаракөк, қара сұр, қоңыр, жирен, күрең т.б.

Ала

Сарыала, сұрала, көкала, керала, қарала, қоңырала, күреңала т.б.

Сирек түстер

Шұбар, бозшұбар, көкшұбар, қарашұбар және басқа да аралас реңктер кездеседі.

Түрлері және будандары

Жылқы тұқымдары бағыт-бағдарына қарай жүк жылқысы, мініс жылқысы, жазық дала жылқысы, тау жылқысы, солтүстік дала жылқысы болып ажыратылады. Дүние жүзінде жылқының 250-ге жуық тұқымы бар, Қазақстанда 16 тұқым өсіріледі.

Бағыттары (мысалдар)

  • Жүк жылқысы: Владимир, Першерон т.б.
  • Мініс жылқысы: араб, ахалтеке т.б.
  • Жазық дала жылқысы: Дон, Буденный, Қостанай, моңғол, қазақ жылқысы т.б.
  • Тау жылқысы: кабардин, қарабақ, қырғыз, алтай т.б.
  • Солтүстік дала жылқысы: витский, эстон, якут т.б.

Будандар

Жылқы будандары ретінде қашыр, лошак (қысыр қашыр), құлан мен жылқы буданы (құланоид), зебр мен жылқы буданы (зеброид) аталады.

3) Қазақ халқындағы жылқының маңызы

Жылқы қазақ тұрмысында шаруашылықты жүргізудің ғана құралы емес, мәдени кодтың өзегі болды. Ол — көштің көлігі, ел қорғаған ердің серігі, бәйге мен көкпардың айбыны, қымыз дәстүрінің өзегі.

Дәстүрлі түсініктегі үш қызмет

Тіршілік

Ет, қымыз, тұрмысқа қажетті өнімдер.

Қозғалыс

Көш-қон, қатынас, жорық пен сапар.

Мәртебе

Жүйрік, сәйгүлік, тұлпар — елдік нышан.

4) Жылқы және қазақ рухы

Қазақ рухының кеңдігі мен еркіндікке ұмтылысы дала табиғатымен біте қайнасып, сол болмыстың жан серігі ретінде жылқымен астасып жатыр. Жылқыға қатысты ұғымдар, теңеулер мен мақал-мәтелдер қазақтың дүниені қабылдауын, тәрбие мен мінез өлшемдерін көрсетеді.

«Қазақ қазақ болып қалғаны үшін ана мен атқа қарыздар».

Қорытынды

Жылқы — қазақ тарихының, шаруашылығының және рухани әлемінің ажырамас бөлшегі. Оны қолға үйрету көшпелі мәдениеттің дамуына серпін беріп, кеңістікті игеруге, өмір салтын қалыптастыруға және ұлттық дәстүрдің өркендеуіне ықпал етті.

Мал өсірсең, жылқы өсір —
Табысы оның көл-көсір.

Автор туралы мәлімет

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Ж. Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебі.

Хидирова Карима Асқарбайқызы

Тарих пәнінің мұғалімі