Менің жан дүниемнің гүл бағы

Өзін-өзі тану · 7-сынып Құндылық: ішкі тыныштық Қасиеттер: мейірімділік, шыдамдылық, сұлулық

Тақырып

Сыр мен сымбат

Сабақтың мақсаты

Адамның сыртқы тұлғасы мен ішкі жан дүниесінің үйлесімі, сезім мен ойдың тазалығы, сондай-ақ сұлулықтың мәні туралы түсінік қалыптастыру.

Сабақтың міндеттері

  • Оқушыларды адамның ішкі әлеміне үңіле білуге, жақсы мен жаманды ажырата білуге үйрету.
  • Ерік-жігерін, күш-қуатын саналы түрде арттыру дағдыларын дамыту.
  • Сыртқы сұлулықты дұрыс түсініп, «сыр» мен «сымбатты» бағалай білуге тәрбиелеу.

Ресурстар

Үнтаспа, сюжетті суреттер.

Сабақтың барысы

1) Тыныштық сәті — «Нұрға бөлену»

Тақырып: «Менің жан дүниемнің гүл бағы»

Терең тыныс алыңыз. Өзіңізді жайлы, қалыпты ұстаңыз. Өзіңізді бақылаңыз.

Көз алдыңызда қараңғылық пайда болады. Сол қараңғылық ішінен әдемі өрнектері бар түрлі-түсті қақпа көрінеді де, жарық нұр шашып ашылады. Әрі қарай өтіңіз.

Сіз тамаша бақтың ішіндесіз. Алуан түрлі гүлдер сізге қарап, сүйіспеншілікпен иіліп, тербеліп сәлем бергендей. Кенет гүлдер көбейе бастайды: жүздеген, мыңдаған қызылды-жасылды гүлдер жер бетін жауып кетеді. Шеті мен шегі жоқ.

Самал жел таза ауа мен гүлдердің хош иісін жеткізеді. Сізді жеңілдік пен еркіндік, қуаныш сезімі баурайды.

Гүлдердің арасынан өзіңізге жақын адамдардың бейнесі жымиып, сүйіспеншілікпен қарап тұрғандай. Олар кімдер?

Жүріп келе жатып, алыстан көз тартып шақырғандай болған бір гүлді байқайсыз. Ол сізге өте жақын, туыстық байланысы бардай сезіледі. Түсі қандай? Жақындап қараңыз: ол ешқайсысына ұқсамайды — ерекше, қайталанбайтын.

Үңіле қарасаңыз, сол гүлден өз бейнеңізді көресіз. Ол өте әдемі. Әр гүлдің өз иісі, өзіне тән сұлулығы бар екенін ұмытпаңыз. Өзіңізді бағалай біліңіз.

Гүлдер, ағаштар, жемістер бір-біріне ұқсамайды. Бірақ бәрі бір жердің топырағында өсіп, тамырын жаяды, бәріне бір күннің жылуы мен шуағы төгіледі.

Іштей қайталау

Мен — ол — мен.
Менде бәрі жеткілікті.
Мен өте тамаша адаммын.
Менің қолымнан бәрі келеді.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Талқылау

Үй тапсырмасы бойынша ой бөлісу, сабақ барысын қысқаша талқылау.

Ескерту

Оқушылардың емін-еркін әрі дұрыс отыруын қадағалау.

II) Оқу ақпараты

Өткен сабақта адамның ішкі жан сарайының сұлулығы мен сыртқы сымбаттың үйлесімі туралы сөз қозғадық. Бүгінгі сабақта қоршаған ортадағы, табиғаттағы сұлулыққа назар аударамыз.

Сұлулық — ең алдымен адамға тән сипат. Дегенмен сұлулықты айналадағы ортадан, табиғат тынысынан да табуға болады. Жазиралы кең дала келбеті, желегі жайқалған жасыл ағаштар мен құлпырған гүлдер жүрекке қуаныш сыйлайды.

Айдын көлде жүзген аққудың сыңсып салған әуені де, еркелеп соққан самал жел мен сол желге тербетілген қайың жапырақтары да — бәрі де сұлу. Осындай сұлулықтың ортасында жүрген әрбір адам да сұлулықты сезіне біледі. Сондықтан әсемдікті бағалап, аялау маңызды.

Әдемілікке, көрікті де көркем дүниеге ұмтылған адамның ішкі әлемі де сұлу болады. «Жүзінен нұр тұнған, сөзінен бал тамған» деуі тегін емес.

III) Мәтінмен жұмыс

О. Бөкейдің «Тәңірісі сұлулықтың — марал» әңгімесін оқи отырып, оқушылар табиғаттағы сұлулық туралы өз ойларын әңгімелейді.

Талдау сұрақтары

  • Автор маралдың сұлулығын қалай сипаттайды?
  • Сұлулық тек адамға ғана тән қасиет пе?
  • Еліктің баласы — құралайдың, түйенің баласы — ботаның сұлулығы туралы не айтар едіңіздер?
  • Табиғат сұлулығы туралы қандай пікір білдіре аласыздар?

Дәйексөз

«Адамның жан дүниесі дүние сұлулығымен, жақсылығымен үндестікте болуы керек. Сонда адам рухани да, табиғи да сау болады.»
Г. Құрманбай

Ән айту

Ш. Қалдаяқовтың «Сыр сұлу» әнін үнтаспадан тыңдап, бірге қосылып айтамыз.

Шығармашылық жұмыс

1

1-топ

«Менің ойымдағы сұлулық» тақырыбына сурет салу.

2

2-топ

«Сұлу Күләш» өлеңін оқып, әнші туралы өз ойларын дәптерлеріне жазу.

3

3-топ

Сахналау: «Сұлулықпен сырласу».

Қорытынды

Сүйейік табиғатты, аялайық,
Біз де одан жақсылықты аямайық.
Анадай табиғаттың аясында,
Жадырап жас балаша демалайық.

Табиғаттан нәр алған ғой жанымыз,
Ұсынайық жүрек нұрын бәріміз.

Ортаға жиналып, бірге Әсет Бейсеуовтің «Алтыным» әнін айтамыз.

Үй тапсырмасы

Үй тапсырмасы мұғалімнің нұсқауына сай беріледі.

Соңғы тыныштық сәті

«Тыныштық... бар жерде, тыныштық... бүкіл әлемде».