Сендер Отанымыздың ұрпақтарысыңдар
16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні
Ертеңгіліктің тақырыбы: «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым — Желтоқсан». Бұл кеште біз тәуелсіздіктің қадірін, Желтоқсан рухын, елдік пен бірліктің маңызын еске аламыз.
Негізгі ұғым
Тәуелсіздік — бастауы бар бақыт, ұлттың мерейі мен рухының тұғыры.
Мемлекеттік нышандар
Көк байрақ, Елтаңба, Әнұран — егемендіктің айғағы, ел бірлігінің белгісі.
Тәрбиешінің сөзі
Тәуелсіздік — бастауы бар бақыттың,
Тәуелсіздік — ұлтың менен ұраның.
Шартарапта шаттығындай азаттық —
Ғасыр сүйіп тұрғандайын ғажап күн.
Көк байрағы, Елтаңбасы, бірлігі —
Шалқи берсін Әнұраны қазақтың!
Осы сәтте Әнұран орындалады.
Желтоқсан — тарихта қалған тағылым
Қазақ халқы еркіндікке жету жолында талай қиын кезеңдерді бастан кешті. Мыңдаған жылдық тарихымыз бар. Алайда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы халық жадында мәңгі сақталады.
16 желтоқсанда қазақ жастары Алматыдағы орталық алаңға шығып, Қазақстанның тәуелсіздігін талап етті. Бұл күн тарихта тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні ретінде алтын әріппен жазылды. Сондықтан Желтоқсан — бүкілхалықтық мереке.
Балалар, біз тәуелсіздікке оңай жеткен жоқпыз. Оның бір көрінісі — Желтоқсан оқиғасы. Сол күндері ерлігімен көзге түскен азаматтар көп болды. Солардың бірі — Қайрат Рысқұлбеков. Қыршын жасты қиып, ауыр айыпқа ұшырады.
Ерлігіңе қуанам да, сүйенем,
Қайрат аға, рухыңа мен иілем.
Бәйшешектің солғанына ах ұрсам,
Әділ жанның қазасына күйінем.
Ләззат Асанова 1970 жылы дүниеге келген. Ол Алматы қаласындағы музыка училищесінде оқып жүрген кезінде Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Небәрі 16 жаста еді.
Сондай-ақ Сәбира Мұхамеджанова мен Ербол Спатаев та ерлігімен ерекшеленген жастарымыз.
Сол жылдары жастар алаңға жаман оймен барған жоқ. Олар бейбіт жолмен әділдік пен тәуелсіздікке қол жеткізуді қалады. Бүгінгі егемендік — сол ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігі арқасында келген баға жетпес қазына.
Бас алаңда ел жосқан,
Жастар қаны жуған түн.
16 желтоқсан —
Тәуелсіздік туған күн!
Егемен елдің ертеңі — ұрпақ қолында
Бүгінгі таңда Қазақстан — тәуелсіз мемлекет. Біздің өз Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар. Біз — егемен Қазақстанбыз. Сендер — Отанымыздың ұрпақтарысыңдар.
Жақсы оқып, үлгілі әрі тәртіпті болыңдар. Елің мен жеріңді көркейтіп, Қазақстанның намысын қорғайтын келешек ұрпақтың ақылшысы да, тірегі де өздерің боласыңдар.
Мерекелік тартулар: балалардың тақпақтары
Димаш
Менің Отаным — Қазақстан, тақпағымды Отаныма арнаймын.
Отаным, жерім, ауылым,
Әкешім, ана, бауырым.
Отанның сүйем құм-тасын
Сүйемін, қарын жауынын.
Алинұр
Отаным — елім, кең далам,
Құстары биік самғаған.
Мен сенің, Отан, бір балаң —
Қорғауға өзін арнаған.
Ерлан
Отан — сенің ата-анаң,
Отан — досың, бауырың.
Отан — үлкен Астанаң,
Оған жақын бауырың.
Аделя
Мен Қазақстанымды шексіз сүйемін.
Қазақстан — елім менің,
Отаным — жерім менің.
Өзіңнен өскен таратып —
Ата-бабам тегім менің.
Ильгар
Сені, Отан, қасиетті
Сүйеді бар ұланың.
Байрағы желбіреген,
Асқақтап Әнұраның.
Ернұр
Ал мен елімді қорғайтын батыр боламын.
Мен кішкентай баламын,
Тайдай өсіп толамын.
Талабым биік асқар шың —
Ел сүйген ер боламын.
Анзор
Білім алам талмаймын,
Жамандыққа бармаймын.
Бабалардай ер жүрек —
Елімді мен қорғаймын.
Жансая
Мен Елтаңбамды қадірлеймін, сол жайында айтамын.
Шаңырақтан таралған,
Қос пырақтай бар арман.
Татулық пен елдігім
Уықтай нық қадалған.
Айзере
Бес құрлыққа танылған,
Жұлдыз болып жағылған.
Қазақстан — Отаным
Деп айшықты жазылған.
Балғаным
Әнұранымды мақтанышпен жырлаймын:
Алтын күн аспаны —
Деп айтар жастары.
Әнұраны елімнің —
Айбыны дастаны.
Саян
Ал мен тақпағымды әсем қала Астанаға арнаймын.
Астана — үміт қаласы,
Бас болған елдің данасы.
Мақтана оған қарайды —
Қазақтың барлық баласы.
Камшат
Он алтыншы желтоқсан —
Тәуелсіздік алған күн.
Ерекше боп мәңгілік
Ел жадында қалған күн.
Ойын
Арқан тарту.
Би
Мерекелік би қойылымы.
Тілек пен тағзым
Гүлзат
Әділеттің ұраны,
Ақиқаттың шырағы.
Тыныштықтың туы боп,
Зор салтанат құрады.
Гүлсезім
Күлеміз, ойнаймыз,
Демалып алаңсыз.
Ризамыз саған біз,
Ұлы Отан — анамыз!
Динара
Менің елім — алып ел,
Бар ғой онда бәрі де:
Өзен де бар, көл де бар,
Теңіз де бар, шөл де бар.
Жанерке
Енді міне, біз тәуелсіз ел болдық,
Басқалармен терезесі тең болдық.
Әрқашанда біз дайынбыз тайсалмай —
Отан үшін құрбандыққа да бардық.
Алина
Қасиетті Қазақстан — мекенім,
Ақиқаттың алтын бесігі екенсің.
Елім, жерім, Отаным — бақ-дәулетім,
Болашағым, өнер-білім, өркенім.
Бақдәулет
Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма,
Туған тілім шұбарланбай жарқыра.
Тарихымызда таланттылар көбейсін,
Бас иемін ата-баба рухына.
Бойымда әні бұлақ жатыр бұрқырап,
Сол бұлақтан сыр ағыздым жыр құрап.
Тілейтінім барша жұртқа бір ғана —
Ырыс, бақыт, татулық пен ынтымақ.
Қорытынды сөз
Құрметті ата-аналар мен қонақтар! Еліміздің егемендік алған мерекесіне орай ортаңғы топ бүлдіршіндерімен ұйымдастырылған «Ар-намысым, қасіретім, мақтанышым — Желтоқсан» атты мерекелік ертеңгілігіміз аяқталды.
Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын деген тілекпен сіздермен қоштасамыз.