Сызғыш қайда
Балаларға арналған ойын түрлері
Төменде балалардың қимыл-қозғалысын, шапшаңдығын, сезімталдығын және тапқырлығын дамытуға арналған ойындар берілген. Ережелер ықшамдалып, тілдік тұрғыдан түзетілді.
Өзеннен өту
Қимыл-қозғалысБалалар өздері таңдаған алаңқайда немесе залда екі топқа бөлінеді. Екі топтың ортасына арақашықтығы шамамен 1 метр болатын екі сызық сызылады — бұл «өзен».
Екі жақтағы балалар кезекпен бір-бірден өзеннен секіріп өтеді. Секіріп өткен бала қарсы бетке өтеді, ал секіре алмаған бала өз орнында қалады.
Барлығы секіріп болған соң, қарсы бетте балалары көп топ жеңімпаз атанады.
Ордан қарғу
Сезімталдық · СақтықБалалар алаңқайда немесе залда екі топқа бөлінеді. Ортадан арақашықтығы шамамен 0,5 метр болатын екі сызық сызылады — бұл «ор».
Екі топ ордың екі жағына бес-алты қадамдай қашықтықта, бір-біріне қарама-қарсы орналасады. Белгі берілгенде әр жақтан кезекпен бір бала шығып, көзі таңулы күйде орға қарай жайлап жүреді.
Оның тобы бағыт-бағдар беріп көмектеседі: «Әлі ерте… жылжи түс… жақындап қалдың… енді қарғы!» Сызыққа тимей, ордан аман өткен балаға 1 ұпай жазылады. Көп ұпай жинаған топ жеңеді.
Мақал айтыс
Тапқырлық · Ой-өрісБалалар екі топқа бөлініп, шамамен 2 метр қашықтықта бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Бірінші топтың бір баласы мақалдың алғашқы жартысын айтады:
«Атаға қарап ұл өсер…»
Келесі топтың бір баласы жалғастыруы керек: «Анаға қарап қыз өсер.»
Дұрыс жауап үшін 5 ұпай беріледі. Дұрыс таба алмаса, 3 ұпай шегеріледі. Келесі мақалды екінші топ бастайды. Ойын соңында ұпайы көп топ жеңеді.
Жұмбақ жарыс
Логика · ТапқырлықБалалар екі топқа бөлініп, шамамен 2 метр қашықтықта бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Бірінші топтың бір баласы жұмбақ айтады:
«Сексен сегіз тілі бар, сан құбылған үні бар. Ол не?»
Келесі топтың баласы шешуі керек: «Фортепиано».
Дұрыс жауапқа 5 ұпай беріледі, шеше алмаса 3 ұпай шегеріледі. Келесі жұмбақты енді екінші топ айтады. Ойын кезекпен осылай жалғасады. Соңында ұпайы көп топ жеңеді.
Жер, Су, Ауа, От
Шапшаңдық · НазарБалалар ашық алаңда немесе залда дөңгеленіп тұрады. Бастаушы ортаға шығып, қолындағы допты кез келген балаға лақтырады да, «жер», «су», «ауа», «от» сөздерінің бірін айтады.
Сөздерге сәйкес әрекет
- Жер — үй жануарын немесе аңды атау (ит, тауық, қозы, арыстан т.б.).
- Су — балықтың түрлерін атау.
- Ауа — құстың түрлерін атау.
- От — бәрі қолдарын бұлғап, өз орнында бірнеше рет жылдам секіреді.
Жайбасарлық танытқан, сасқалақтаған немесе жаңылысқан бала ойыннан шығады. Ойын балалардың тапқырлығы мен шапшаңдығын арттыруға бағытталған.
Сызғыш қайда?
Байқағыштық · ТүйсікБалалар екі топқа бөлінеді де, шамамен 2 метр қашықтықта бірінің артынан бірі бір бағытқа қарап тұрады. Артқы топтың балалары жерге бес-алты қол орамалын жайып, біреуінің астына шағын әрі жұқа сызғышты жасырады.
Алдыңғы топ оны көрмеуі керек. Себебі сол топтан ортаға шыққан бала сызғыштың қай орамалдың астында жатқанын табады. Сызғышты дәл тапса, ойынды енді сол топ бастайды. Ойын осылай жалғасады.
Қасқыр мен қоян
Рөлдік ойын · ҚозғалысБалалар қол ұстасып, дөңгеленіп тұрады. Бір бала қасқыр, екінші бала қоян болып белгіленеді. Қоян шеңбердің ішіне кіреді, қасқыр сыртта қалады.
Балалардың өлеңі
Қоян, қоян, қорықпа,
Қасқыр қатер болып па?
Сені жауға бермейміз,
Әсем әнмен тербейміз.
Қасқырдың өлеңі
Қақпа, қақпа, ашылшы,
Қорқынышты қашыршы.
Ішке еркін кірейін,
Қоян жайын білейін.
Бірақ оған тимеймін,
Қатар жүріп билейін.
Қасқыр шеңберді айналып жүріп, «қақпа» болған, яғни қолдарын көтерген екі баланың ортасынан ішке кіріп кетеді де, қоянды қуады. Егер қасқыр қоянды ұстап алса, ойын тоқтап, қайта басталады.
Ұстай алмаса, қоян қақпа арқылы сыртқа шығып құтылып кетеді де, қасқыр шеңбердің ішінде қалып қояды. Жаза ретінде сол жерде ән салып немесе билеп береді.
Дереккөз
Абдрахман Асылбектің «Балғын балалық» кітабынан алынды.