Ұлпа қарлар
Ертеңгіліктің мақсаты
Балаларға Жаңа жыл мерекесін дәстүрлі емес жолмен атап өтуді үйрету. Жаңа жыл туралы тақпақтар айтқыза отырып, өткен және келер жыл туралы білімдерін бекіту.
Ұқыптылыққа, тазалыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу; көпшілік ортада тәртіпті, инабатты ұстауға баулу.
Тәрбие бағыты
Тәртіп, инабат, жауапкершілік
Дамытушылық
Өлең айту, сахналық мәдениет, өз-өзіне сенім
Білімдік
Жаңа жыл туралы түсінікті нақтылау, бекіту
Сахналық қойылым
Кіріспе көрініс: күлкі және ұлпа қарлар
Сахнада көңілді атмосфера. Күлкі естіледі.
Шырша:
— Бұл кім?
Ұлпа қарлар:
— Бұл біздер — ұлпа қарлар!
Ремарка: Ұлпа қарлар аяқтарына ролик киіп, шыршаны айнала ән айтып шығады. Шырша көңілсіз тыңдап тұрады.
Ұлпа қарлар:
— Шырша, шырша, қыс келді, айнала ақ жамылды. Сен неге көңілсіз тұрсың?
Шырша:
— Қыспен бірге Жаңа жыл да келеді. Ал мен әлі сәнделген жоқпын… Тұрқым мынау: қар жамылып тұрмын.
Аққалалар келеді: шыршаны сәндеу
Ремарка: Сыпыртқы ұстаған аққалалар мен Ақшақар кіріп келеді.
Аққалалар:
— Мына қардың тынбауын-ай!
Би: «Аққаламен Ақшақар»
Ақшақар:
— Шырша, ренжіме. Біз сені сәндейміз.
Ремарка: Ақшақар мен аққала шыршаны сәндейді.
Шырша:
— Достарым, рақмет сендерге!
Аяз ата мен Ақшақардың келуі
Ремарка: Ән салып Аяз ата мен Ақшақар кіреді.
Ақшақар:
— Ата, ата, қараңызшы, қандай әсем шырша!
Аяз ата:
— Иә, қызым, өте сұлу шырша екен. Міне, Жаңа жыл да келді. Орман тұрғындарын шақырып, мерекені қарсы алайық.
Ремарка: Екеуі үлкен қар көмпешігінің жанына отырып, бақылап отырады.
Қоян мен қасқыр: тәрбие мәні бар көрініс
Ремарка: Бір мезетте қоян зу етіп жүгіріп өтеді. Қасқыр артынан қуып келіп, қақпанға түседі. Қасқыр ұлып, қақпанды жұлқылап, шыға алмай қиналады.
Қасқыр:
— Қоянжан, көмектесші…
Қоян:
— Өзіңе сол керек! Енді солай жата бер.
Қасқыр:
— Көмектессең, саған тимеймін.
Қоян:
— Жоқ! Сен мені де, көжектерімді де жегің келген. Енді сабағыңды ал.
Қасқыр:
— Ант етемін: енді саған да, көжектеріңе де тимеймін.
Ремарка: Қоян қасқырды босатады. Қасқыр бірден қоянға ұмтыла бергенде, сахнаға Аяз ата, Ақшақар және балалар (аң костюмдерінде) кіріп келеді.
Аяз ата:
— Әй, қасқыр! Әлсізге тиіспе. Оған қамқор бол. Әйтпесе сиқырлы таяғыммен тоқтатамын!
Қасқыр:
— Кешіріңіздер… Енді тимеймін.
Аяз ата:
— Ендеше, бәріміз бірге Жаңа жылды қарсы алайық!
Мерекелік бөлім: әндер, билер, тақпақтар
Ән
«Шырша жыры»
Би
«Аңдар биі»
Аяз ата:
— Керемет, балалар! Қараңдаршы, киімдерің қандай әдемі! Шырша да ерекше безендірілген. Бәрі жарасып тұр.
Ортақ үндеу:
— Шырша шамын жағайық, Жаңа жыл тойын ашайық!
Балалардың тақпақтары
Жаңа жыл, жаңа жыл,
Жаңа жылда — жаңа жыр.
Жасыл шырша жанында
Жадырап әр бала жүр.
Тамаша, тамаша!
Шыршамыз тұр жараса.
Басында әсем жұлдызы —
Көз тоймайды қараса.
Жасыл желек жамылған,
Асыл моншақ тағылған.
Міне, сұлу шыршамыз —
Көптен күткен, сағынған.
Кел, балалар, келіңдер,
Тамашаны көріңдер.
Ремарка: Тікұшақ дауысы естіледі. Балалар жан-жаққа қарайды.
Карлсонның келуі: мерекенің шырайын ашу
Карлсон:
— Эй, эй! Бұл менмін — Карлсон!
Карлсон:
— Құрметті Аяз ата, біз Жаңа жылды тойлауға қонаққа келе жатырмыз!
Аяз ата:
— Қош келдіңіз!
Карлсон:
— Думанды Жаңа жыл жалғасады,
Өнерімен әркім таласады.
Бубенмен би билейді өнерпаздар —
Мерекенің шырайын би ашады!
Би: «Көңілді бубен»
Шыршаға арналған өлеңдер мен билер
Ақшақар:
— Ал, балалар! Ортамызда жарқыраған шырша бар. Шыршамызға арнап өлең айтайық, сұлу көркін мадақтайық!
Жап-жарық қып бар маңды,
Шыршамызға шам жанды.
Әніміз бен биіміз
Әрі қарай жалғанды.
Би: «Жаңа жылдық полька»
Тақпақ
Өзгермейді қыс келсе де,
Бояуын да оңдырмайды.
Аяз шымшып тістесе де,
Жапырағын да тоңдырмайды.
Көрікті шыршамыз —
Шамдары самсаған.
Көңілді ортамыз —
Айтамыз шырқап ән.
Бәрі қосылып:
«Қала нұр, дала нұр —
Құтты болсын Жаңа жыл!»
Ән: «Жаңа жыл әні»
Автор туралы
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы.
КМҚК «Айгөлек» ясли-бақшасының тәрбиешісі — Оразова Ляззат Қабыловна.