Фильмнен үзінді көрейік Балалық шақ

Мақсаты

  • Бала тәрбиесінде ата-ананың орны ерекше екенін түсіндіру.
  • Ата-ананың өзін балаға тәрбиеші, бағыт беруші тұлға ретінде танып, осы рөлге қызығушылығын дамыту.
  • Баламен қысымсыз, зорлық-зомбылықсыз тіл табысуға және дұрыс қарым-қатынас орнатуға бағыт беру.

Көрнекілігі

Кездесу барысында ұлағатты сөздер, кестелер, бейнероликтер және өзге де көрнекі материалдар пайдаланылады.

«Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын».
«Балақан өсіру — балапан ұшыру емес».
«Бала нені білсе жастан, ұядан — өле-өлгенше соны таныр қиядан».

І. Баяндама: «Зорлық-зомбылықсыз отбасы»

Қайырлы күн, құрметті ата-аналар, ұстаздар және қонақтар! Бүгін сіздер «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» тақырыбындағы ата-аналар жиналысына жиналып отырсыздар. Қош келдіңіздер!

Кездесу құрылымы

  1. 1 Ұйымдастыру кезеңі.
  2. 2 Тыныштық сәті.
  3. 3 Кіріспе әңгіме және талқылау.

Кіріспе

Бала — адамның келешегі. Баланы тәрбиелеу, оны қоғамның сапалы мүшесі етіп өсіру — ата-ананың ардақты борышы. Бала жастайынан қалай тәрбиеленсе, есейгенде сол тәртіп пен дағдыға сүйенеді. Халқымызда «Баланы жастан…» деген тағылым бар.

Дегенмен тәрбиені тек «үйтпе, бүйтпе» деп тыйымға құру баланы жасқаншақ, сенімсіз етуі мүмкін. Ал «тәрбиенің жолы осы» деп орынсыз қаталдық көрсету — баланың психикасына ғана емес, өміріне де қауіп төндіреді. Қаталдық керек болса да, оның шегі мен әдісі дұрыс таңдалуы тиіс.

Баланың табиғи қасиеттері

  • Білуге құмар, көргеніне еліктегіш.
  • Түсінбесе сұрайды; көкірегі таза.
  • Сыншыл әрі шыншыл.

Неге зорлықсыз тәрбие маңызды?

Осы қасиеттерді сақтап, дұрыс бағыттау үшін балаға шынайылыққа негізделген, адамгершілікке баулитын тәрбие қажет. Балаға қысым жасамай сөйлесу, эмоцияны басқару, үлгі көрсету — ең әсерлі құрал.

Ақпараттық орта және оның ықпалы

Қазіргі уақытта балалар теледидардан, компьютерден ұрып-соғу, жан-жануарды жәбірлеу сияқты көріністерді жиі көреді. Мұндай әрекеттерді көрген бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бірден ажырата бермейді.

Әдетте теріс қылықтан кейін жаза болады. Бірақ бала ата-анасының жазасын кейде әділетсіз деп қабылдайды. Сондықтан ең маңыздысы — жазаның себебін түсіндіру, балаға ойланып көруге мүмкіндік беру және өзін ата-ананың орнына қойып, әрекетінің салдарын олардың көзімен бағалауға үйрету.

Отбасы үлгісі: сөзден бұрын — әрекет

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, балаға отбасы тәрбиесінің әсері өте зор. Тәрбиеге өскен орта, ата-ананың мінез-құлқы, өзара қарым-қатынастағы мәдениет тікелей ықпал етеді. Отбасындағы ата-ананың іс-әрекеті — баланың ең негізгі үлгі-өнегесі.

Негізгі ой

«Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Балаға талап қоюдың ең тиімді жолы — ең алдымен өз мінезіміз бен сөзіміздің үйлесімді болуы.

Мектептегі іс-шаралар туралы

Баланың құқықтарын қорғау туралы конвенцияны қолдай отырып, мектепте 19–28 қараша аралығында «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты республикалық ақпараттық науқан аясында мектепішілік іс-шаралар өткізілуде. Бүгінгі кездесу де осы айлыққа арналады.

Бейнематериалға назар

Адамды жасынан бұлақ суындай мөлдір, айнадай таза болып өмір сүруге машықтандыру үшін үлкен тәрбие қажет. Осы ойды бекіту үшін «Балалық шақ» фильмінен үзінді көреміз.

Сәбидің жан дүниесін түсіну

Балалық шақ — өмірдің ең қызық кезеңі. Кейде «сәби нені біледі?» деп немқұрайды ойлап, қателесіп жатамыз. Нәресте сөйлей алмаса да, көп нәрсені сезеді және түсінеді. Сондықтан оның қасында келеңсіз жағдай жасауға, былапыт сөз айтуға, айқай-шу көтеруге болмайды.

Қорытынды ой

Әр ата-ана баласының жақсы адам болғанын қалайды. Бірақ ол бір күнде қалыптаспайды. Ол үшін ата-ананың өзара сыйластығы, сыпайы қатынасы, мәдениеттілігі және оғаш мінез-құлықтан сақтануы өте маңызды.

Кейбір ата-аналар «ұрып-соғып, қорқытып тәрбиелеймін» деп қателеседі. Бұл жақсы тәрбие емес: ол баланы не қатігез, не қорқақ етуі мүмкін. Шектен тыс қаталдық баланың көңілін жаралап, жүрегіне қаяу салады.