Отанымыздың астанасы - Астана қаласы

Сабақ тақырыбы

Біздің Отанымыз — Қазақстан. Астана.

Сабақтың мақсаты

  1. Білімдік: Қазақстан Республикасының физикалық-географиялық ерекшеліктері мен табиғи байлығы туралы түсінік қалыптастыру; Астана қаласының тарихы, рәміздік мәні, қазіргі келбеті мен жетістіктері жөнінде әңгімелеу.
  2. Дамытушылық: оқушыларды шығармашылыққа баулу, ойын еркін әрі нақты жеткізуге үйрету; дербес жұмыс жасау дағдыларын жетілдіру.
  3. Тәрбиелік: ұлтжандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу; қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.

Сабақтың жүру барысы

1) Психологиялық дайындық

  • Мұғалім: «Балалар, бүгін аптаның қай күні?»
  • Оқушылар: (жауап береді)
  • Бір-бірімізге сәттілік тілеп, жылы жүзбен қарап, сабағымызды бастайық.

2) Өтілгенді пысықтау

Жазба жұмысы

Үйден жазып келген «Менің сүйікті мерекем» тақырыбындағы әңгімені бірнеше оқушыға оқыту.

Қайталау сауалнамасы

1. Еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күні

  • а) 1 мамыр
  • ә) 25 қазан
  • б) 16 желтоқсан

2. Шопан тойы, Мұғалімдер күні, Қырман тойы — қандай мереке түрі?

  • а) Ұлттық мейрам
  • ә) Кәсіптік мерекелер
  • б) Мерекелі күндер

3. Сабан тойды кімдер тойлайды?

  • а) Мұғалімдер
  • ә) Шахтерлер
  • б) Диқандар

4. Ұстаздар мерекесі қай айда тойланады?

  • а) Қазан
  • ә) Қыркүйек
  • б) Қараша

5. Қазақстан өз егемендігін қашан алды?

  • а) 1990 ж. 25 қазан
  • ә) 1910 ж. 8 наурыз
  • б) 1986 ж. 16 желтоқсан

Ескерту: сұрақтар талқылауға және дұрыс жауапты бірлесіп нақтылауға арналған.

3) Ой шақыру: өлең тыңдау

С. Мәуленовтің «Қазақстан — Республикам менің!» өлеңін үнтаспадан тыңдау.

Тауды көрсең күн көзімен таласқан,

Аспан көрсең Ай мен Күнге жол ашқан,

Менің байтақ Республикам таулары,

Менің көгім — мөлдіреген сол аспан.

Дала көрсең, көкжиекпен ұштасқан,

Көлді көрсең секілді бір түскі аспан,

Менің байтақ Республикам даласы,

Менің көлім теңізбен қол ұстасқан.

Қызыл бұлттай көрсең қырдың гүлдерін,

Көрсең ашық Алатаудың күндерін,

Жерінде гүл, көгінде күн бір жүзген —

Ұлан-байтақ Республикам бұл менің!

4) Тренинг: пікір алмасу

  • Өлеңде айтылған Республикада қандай халықтар мекендейді?
  • Қазақ халқы қандай халық?

5) Қосымша мәлімет

  • Қазақстан батыста Каспий маңы ойпатынан шығыста Алтай тауына дейін созылады; солтүстіктен оңтүстікке қарай шамамен 1600 км. Жер көлемі — шамамен 3 млн шаршы км.
  • Табиғаты алуан түрлі: қиыр солтүстігі — мөлдір көлдерге бай орманды дала, оңтүстігі — кең алқапты шөлдер. Көп бөлігі — жазық. Шыңдары бұлтпен таласқан, басын қар мен мұз жапқан асқар таулар шығысы мен солтүстігін жиектей өтеді.
  • Жер қойнауы пайдалы қазбаларға бай: металл кендері, көмір, мұнай, газ, фосфорит, түрлі тұздар мол кездеседі.
  • Республикада жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Олардың барлығы — Қазақстанның тең құқықты азаматтары.
  • Қазақстан 5 елмен шектеседі.
  • Отанымыздың астанасы — Астана (1997 ж.). Қала Есіл өзенінің оң жағалауында, Сарыарқаның солтүстік бөлігінде орналасқан. Бұрынғы астана — Алматы.

6) Картамен жұмыс

  • Картадан Астана, Алматы, Атырау қалаларын табу.
  • Еліміздің аумағын көрсету.
  • Елімізбен шектесетін мемлекеттерді анықтау.

7) Ойын: «Дыбыстар сөйлейді»

Әр оқушы «Қазақстан» сөзінің әр дыбысынан басталатындай етіп, Қазақстан Республикасы мен Астана қаласы туралы өз сезімі мен пікірін білдіреді.

8) Оқулықпен жұмыс

  • Дауыстап оқу: «Біздің Отанымыз — Қазақстан» (138–139-бет).
  • Іштей оқу: «Астана» (140–142-бет).

9) Дәптермен жұмыс

Толықтыру сауалнамасы

Қазақстан батыста Каспий маңы ойпатынан тауына дейін созылады.

Қазақстан мемлекетпен шектеседі.

Қазақстанның астанасы —

10) Сабақты бекіту

«Венн» диаграммасы

Алматы мен Астана қалаларын салыстыру.

Мақал-мәтел сайысы

Отан, туған жер туралы мақал-мәтел айту және мағынасын түсіндіру.

11) Үй тапсырмасы

Мұғалімнің нұсқауы бойынша: мәтінді мазмұндау, картадан негізгі нысандарды қайталау, қосымша дерек жинақтау.

12) Бағалау

Оқушылардың өзін-өзі бағалауын ұйымдастыру және қорытынды бағаны негіздеу.