Үйретеді мектепте

Бастауышпен қоштасу мерекесі

Исабекова Куралай Бахитовна — Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласы, №44 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

«Тарыдай болып кіріп», ақыл-ойы толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттеріміздің ұйымдастыруымен өткізілетін «Аттандық бала шақтан — болашаққа» атты мерекені бастауға рұқсат етіңіздер.

Жүргізушілердің құттықтауы

1-жүргізуші

Бұл оқу тамақ болар қарның ашқанда, жол табар қараңғыда адасқанда. «Мал озбас біле білсең білім озар, ақыры керек болар бір сасқанда», — деп Мұқағали ақын айтқандай, бүгін біз бастауышпен қоштасқалы отырған шәкірттеріміздің мерекелік кешін бастаймыз.

2-жүргізуші

Қош келдіңіздер, құрметті ата-аналар, қымбатты ұстаздар, оқушылар! Бүгін — бәріміз үшін ерекше күн. Төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларымыз білімнің негізін меңгеріп, қанаттарын қатайтып, бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.

«Бесіктегі баланың күлгенін көрген — бір мұрат, алдына түсіп ананың жүргенін көрген — бір мұрат», — демекші, бастауышты аяқтағалы отырған түлектерімізді ортаға шақырайық!

Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да… Қол соғып, қошеметтеп, төртінші сыныптарды ортамызға шақырайық!

Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға келеді.

Түлектер шеруі: сынып мақтаныштары

Әр бала — бір әлем. Бұл бөлімде сыныптың белсенділері, өнерпаздары, білімпаздары мен спортшыларын таныстырамыз.

Данеля

Ер мінезді, істе алғыр, қайсар қыз.

Абылайхан

Жақсы ісімен бағаланған, үміт күттіретін оқушы.

Ақмарал

Ән айтып, талай байқауда табысқа жеткен.

Нұрасыл

Білімімен талай жанды тамсандырған.

Дана

Сабырлы, салмақты, тұйық мінезді оқушы.

Әділжан

Қиын есептерді бағындыратын білімпаз.

Меруерт

Ұялшақ, биязы, өзіне тән нәзік болмыс.

Алмасжан

Ақкөңіл, шыншылдықты сүйетін оқушы.

Гүлім

Ибалы, көрікті, мектеп үздіктерінің бірі.

Бекзат

Өнері бар, есепке жүйрік, суретке жақын.

Диана

Ән мен биге жақын, сынып белсендісі.

Арғын

Ізденімпаз, сұраққа жылдам жауап табатын белсенді.

Ақжол

Адалдықты жаны сүйетін, елгезек оқушы.

Елдар

Жарыстарға қатысқан спортшы, жігерлі оқушы.

Сынып жетекшісі

4 «А» сыныбы — Құралай Бақытқызы.

Мұғалімнің жүрекжарды сөзі

Алдарыңызда тұрған 4-сынып оқушылары осыдан төрт жыл бұрын алты жасар бала еді. Бүгін олар ес біліп, етек жиған шәкіртке айналды. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап «Әліппемен қоштасу», «Тілашар», дәстүрлі Наурыз тойы, «Ханзадалар мен ханшайымдар» сайысы, «Алтын күз» мерекесі, «Анам екеуіміз», «Толағай» сияқты отбасылық сайыстар, мәнерлеп оқу байқаулары, түрлі көрмелер, спорттық жарыстар, ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары — балалардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Армандасақ та, қиялдасақ та, балалық шақ көз алдымызға келеді. Өйткені биік асуға беттеген ғажайып ғұмыр дәл осы бал күлкілі балалық шақтан басталады. Бүгін бүлдіршіндеріміз өміріне өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымен қоштасып, тағы бір белеске қадам басқалы отыр.

Ендеше, қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолын табуға жетелеген ұстаздарына және ата-аналарына өз өнерін көрсетуге оқушыларымыз дайын. Сөз кезегі — оқушыларда!

Сәлемдесу жыры (вальс алдында)

Бала шаққа болашақты жырлатып, шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.

Күн нұрындай сәуле құйған көңілге, армысыздар, ұстаздарым қымбатты!

Армысыздар әжелер мен аналар, ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.

Армысыздар өр тұлғалы әкелер! Қыран құстай балапанын мәпелер.

Армысың сен, алтын ұя мектебім! Саған айтар жыр-алғысым көп менің.

Музыкалық нөмір

Ән: «Ұстазым»

Слайд: «Мектептегі мерекелер»

Мектеп туралы оқушылар жыры

1-оқушы

Мектеп деген — білім кені, жыр кені, мектеп деген — ғылымның ең үлкені. Мектеп деген — тәрбиеші адамға, мектеп деген — даналардың мекені.

2-оқушы

Мектебім — білім берер алтын ұям. Ер жетіп сенде сөзім, артты санам. Баулыған төрт жыл бойы ата-анамдай, әрқашан қасиетті атың маған.

3-оқушы

Армысың сен, алтын ұя мектебім, саған айтар жыр-алғысым көп менің. Жүректерге жаққан білім шырағын, мақтан етем сені мәңгі мектебім.

4-оқушы

Ұлылықты ардақ тұтар үнемі, алтын ұя, ақ босаға киелі. Қанат қаққан білім алып өзіңнен, күллі шәкірт саған басын иеді.

5-оқушы

Мектебім, алтын ұям, нұрың жарық, жайнаттың үмітімнің гүлін жарып. Сүйкімді сенің күміс қоңырауың, тұрады құлағымда сыңғыр қағып.

6-оқушы

Мектеп — үйім, ұстазым менің — ата-анам, сеннен өсіп, сеннен ғана нәр алам. Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек, тамырланып сан тарапқа тараған.

7-оқушы

Мектебім — сүйікті мектебім, бауырыңда түлеймін, көктеймін. Сен — бұлақ, мен — қайың бүр ашқан, өзіңнен нәр алып көктедім.

8-оқушы

Мектеп — кеме, білім — теңіз, барар жерге тез жетеміз. Төрт жыл алған білім нәрін азық етіп ер жетеміз.

Музыкалық нөмір

Ән: «Үйретеді мектепте»

Ұстаз туралы ой

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», — деп Абай атамыз айтқандай, алғаш қолымызға қалам ұстатып, әріпті танытқан, бізбен бірге қуанып, білім нәрімен сусындатқан мектептегі анамыз — ұстаз екенін бәріміз білеміз.

Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей, оқуға-жазуға үйреткен мұғалім еңбегі шексіз. Ыбырай атамыздың «Мұғалім — мектептің жүрегі» деуі де тегін емес.

Ғалым да, батыр да, ақын да, жұмысшы да, ғарышкер де — бәрі ұстаздан тәлім алған. Бауыржан атамыз: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді», — деген.

Ұстазға арналған жырлар

Алғашқы ұстазымыз анамызбен тең келеді, бар асылын бізге жиып, мол береді. Қанатымен су себелеп асыл жан, әр шәкіртін баласынан кем көрмейді.

Тек үйреттің әділдікті, адалдықты, жирендік, ажыраттық жамандықты. Жалғастырар ақ жолың сенің салған, бар деп ұққын әрқашан балаң мықты.

Қоңыр үнді даусың — әсем таңдардай, ұстазымның жүзіндегі нұр қандай? Мейірлене қарап қойып біздерге, күн астынан сабақ беріп тұрғандай.

Мұғалім — ұстазысың балалардың, болашақ ғалымдардың, даналардың. Өмірде сенің алар орыныңа бірі де жеткізе алмас бағалардың.

Бәрі бірге: «Мың алғыс сізге біздей түлектерден, мың алғыс мына отты жүректерден!»

Музыкалық нөмір

Ән: «Ұстазым» (орындайтын — Ақмарал)

Төрт жыл: балалықтан — биікке

Төрт жыл бұрын біз алты жастағы бала едік: сөмкемізді зорға көтеріп, мектеп табалдырығын жасқана аттадық. Бүгін — сауатымызды ашып, білімнің негізін қалаған бастауыш мектеппен қоштасып, орта буынға қадам басқалы тұрмыз.

Сағымдай өте шыққан осы төрт жыл ішінде ұстазымыз бізді сауатты, тәрбиелі, өнегелі азамат болуға тәрбиеледі. Ендеше бастауыш сыныбымыз туралы неге айтпасқа?

Бастауыш туралы өлең шумақтары

Жасқана кіріп жарық сыныпқа біз, әр бетін Әліппенің күле ашқанбыз. Мұғалім сабақ өтіп жатқан кезде, қайталап атымызды сұрасқанбыз.

Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма? Бастауышта айтылмаған сыр бар ма? Бастауышта алған білім, жырларым, азық болар мәңгі талай жылдарға.

Бастауышым — бал бұлағым, алдым сеннен балдың дәмін. Әріп танып, білім алып, рахметімді жаудырамын.

Өтті сенде қызық шағым, бастауышым — бал бұлағым. Қоштасар күн жетті міне, қимастықпен қол бұлғаймын.

Пәндер әлемі: алғашқы іргетас

Бастауыш сыныпта біз жоғары сыныптардағы әдебиет, тарих, биология, алгебра, физика, химия сияқты пәндерге негіз болатын ана тілі, математика, дүниетану, орыс тілі және ағылшын тілі пәндерін ынтамен оқып үйрендік.

Ана тілі

Анашымдай сыр шерткен, ақыл-білім үйреткен. Ана тілін оқыдық ерекше зор құрметпен. Ана тілін сүйеміз, құрметпен бас иеміз.

Математика

Ойланып есеп шығартып, төрт таңбаны білдірген — ғылымдардың патшасы, математика данасы.

Қазақ тілі

Сөйлемді, сөз таптарын, етістіктің шақтарын, жалғаулар мен жұрнақтарды үйрендік; ережелерін жаттадық.

Дүниетану

Өмір сырын үйретер пәннің бірі — дүниетану. Жер байлығы көп екенін, оны игеру қажет екенін ұқтырған — осы сабақ.

Ағылшын тілі

Үйренеміз жалықпай, ағылшын тілін шарықтай. Тіл сындырып, ән айтып шаттанамыз.

Информатика

Монитор мен пернетақта — білімнің жаңа басы. Жаһандану заманында компьютер сауаттылығының орны ерекше.

Музыкалық нөмір

Ән: «Мейірбан ұстаз» (орындайтын — Таңшолпан)

Би

«Ча-ча-ча» (Аяулым, Серік, Данель, Арғын)

Би

«Таңғы жаңбыр» (қыздар тобы)

Ата-анаға алғыс

Біздің жаманымызды жасырып, жақсымызды асырып жүрген — ата-анамыз. Қатарымыздан кем қылмай, тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін болуы да — сол кісілердің еңбегі.

Әкенің орны бөлек: өмір соқпағымен өрге тартып, «алдымен адам бол» деп жетелейді. Ана мейірімі — шексіз: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да борышыңды өтей алмайсың» деген нақылдың мәні де сонда.

Біз білім алып, еңбек етіп, ата-анамыздың сенімін ақтасақ — олардың арманының орындалғаны.

Ән

«Аналар» (орындайтын — Ақмарал)

Би

Грузин биі (ұлдар тобы)

Ән

«Бастауышым — балбұлағым» (Ақмарал, Данель)

Ұстаз тілегі және құттықтаулар

Ұстаз тілегі

Өлкеміздің айналыңдар ертеңіне, сенімдердің айналыңдар серперіне.

Ұстаздық ақ жүректен мен тілеймін, тек сәттілік — шәкірттерім, ертеңіңе.

Айналайын жап-жарқын жүздеріңнен, аластайтын жаныңды күз көңілден.

Мен сендерге мәңгілік тілекшімін, тілек тілеп тұратын іздеріңнен.

Құттықтау сөз

Мектебіміздегі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары — Искакова Жанара Төлеубекқызы.

Құттықтау сөз

Директор орынбасарлары — Жұртыбаева Гүлмира Бейсбековна және Каирбекова Зауре Айтбекқызы.

Құттықтау сөз

Келесі сөз — балапандарының өнеріне тәнті болған, мейірімі мол ата-аналарға беріледі.

Кеш қорытындысы

Демеңіздер біз өнерді аяп қалды, мезгіл де біраз жерге таяп қалды. Сау болыңыздар, кездескенше — осымен бүгінгі кеш аяқталды.

Кездескенше сау-саламатта болыңыздар!