Жерасты сулары

Сабақтың мақсаты

Білімдік

Жерасты сулары, құдық, бұлақ, тұма, өзен-көлдер туралы түсінік қалыптастырып, олардың адам өміріндегі пайдасын түсіндіру.

Дамытушылық

Ой-өрісті, елестету мен есте сақтау қабілетін, бақылағыштық пен талдау дағдысын дамыту.

Тәрбиелік

Су ресурстарын қорғауға, үнемдеуге және жауапкершілікпен пайдалануға баулу.

Сабақтың құрылымы

1) Ұйымдастыру және психологиялық дайындық

«Суқойма» сөзіне ассоциация құрастыру арқылы оқушылардың назарын тақырыпқа аудару.

Жетелеуші сұрақтар:

  • Біздің ауданымызда қандай су көздері мен суқоймалар бар? (мұхит, көл, теңіз, тоған, өзен, жылға, құдық, ыстық су, бұлақ)
  • Жыл мезгілдеріне қарай су көздері қалай толығады?

2) Үй тапсырмасын тексеру: «Су және су айналымы»

1-топ

Судың өмірлік маңызы

2-топ

Судың қасиеттері

3-топ

Ластанған суды тазартуға бола ма?

4-топ

Судың құрамы

3) Бекіту: қысқа тест

1. Табиғатта су қандай күйде кездеседі?

  • A) сұйық, қатты, газ
  • Ә) сұйық, газ, ащы
  • Б) сұйық, газ, жұмсақ

2. Су қабаты Жер бетінің қандай бөлігін алып жатыр?

  • A) үштен бір
  • Ә) үштен екі
  • Б) екіден бір

3. Салмағы 70 кг адамның денесінде шамамен қанша кг су бар?

  • A) 60 кг
  • Ә) 70 кг
  • Б) 50 кг

4. Адам су ішпей қанша уақыт шыдайды?

  • A) 1 күн
  • Ә) 1 апта
  • Б) 3 күн

5. Судың күйі неге байланысты өзгереді?

  • A) суыққа
  • Ә) ауа райына
  • Б) температура мен ауаға

Жаңа тақырып: жерасты сулары

Талқылауға арналған сұрақтар

  • Мәтін неге «Жерасты сулары» деп аталады? Онда не туралы айтылуы мүмкін?
  • Жерасты сулары қалай пайда болады деп ойлайсың?
  • Оларды қандай мақсатта пайдалануға болады?

Оқулықпен жұмыс

  • Мәтінді өз бетінше оқу.
  • Негізгі ойды анықтау және жоспар құрастыру.
  • Электронды оқулықтан бейнематериал көру.

Зерттеу сұрақтары

Жерасты сулары қалай толығады?

Жауын-шашын мен еріген қар суының жерге сіңуі арқылы.

Маусымдық өзгерістер қалай әсер етеді?

Температура, жауын-шашын мөлшері және булану деңгейі арқылы.

Кестемен жұмыс (жұптық)

Оқушылар мәтіндегі «жерасты сулары», «бұлақ», «тұма» туралы бөліктерді белгілеп, кестеге қысқаша мәлімет жазады. Кейін жұптасып, кестелерін ауыстырып, белгілеулерін салыстырады және пікір алмасады.

Ұғым Анықтама/сипаттама Қолданылуы
Жерасты сулары Жер қабаттарына сіңіп, тау жыныстары арасында жиналатын су. Ішуге, тұрмыстық қажетке, егін суаруға.
Бұлақ Жерасты суының жер бетіне табиғи жолмен шығуы. Таза су көзі, табиғи экожүйені қолдайды.
Тұма Тау бөктері мен жартастардан шығатын, көбіне мөлдір бұлақ суы. Су ішу, шаруашылық, кей жерде емдік мақсат.

Сергіту сәті: туған өлке және шипалы сулар

Меркі өңірі емдік, шипалы суларға бай. Өлкенің табиғаты талай ақын-жазушыға шабыт беріп, көптеген дарынды перзенттің өнерін ұштауға ықпал еткен. Сергіту сәтінде туған жер туралы ән тыңдатылады: «Аңсаған ауылым» (А. Қоразбаев).

Тапсырмалар және тәжірибе

1) Тәжірибе: су — жақсы еріткіш

  1. 1 Стақанға су құю.
  2. 2 Ас тұзын салып, араластыру.
  3. 3 Тұздың суда еріп, ерітінді түзетінін бақылау.

2) Жерасты суының минералдарға әсері

Жерге сіңген су тау жыныстарындағы әртүрлі минералды заттарды ерітеді. Соның нәтижесінде судың физикалық қасиеті өзгеріп, дәмі мен иісі ерекшеленуі мүмкін.

3) Минералды су: жарамдылығы және пайдасы

Минералды су ішуге жарамды және ішуге жарамсыз болып бөлінеді. Ішуге жарамды минералды судың 1 литрінде шамамен 2–20 г еріген тұздар болады. Ол ағзаға пайдалы әсер етіп, кейбір аурулардың алдын алуға және сауығуға көмектесуі мүмкін. Сондықтан мұндай сулар шипалы су деп аталады.

4) Өлкетану: шипажайлар мен жергілікті су көздері

  • Меркі шипажайы туралы әңгімелеу, суреттер көрсету.
  • Сарыағаш курорты туралы мәтін оқыту, суреттер көрсету.
  • Өз ауданымызда өндірілетін/таратылатын су туралы әңгіме.

5) Шығармашылық жұмыс (топтық)

1-топ

Су туралы мақал-мәтелдер жазу

2-топ

«Су — нәр, су тұнық нұр» тақырыбында эссе жазу

3-топ

Суға қатысты тыйым сөздерді жазу

Қорытынды сұрақтар

  • Егер тіршілік сусыз қалса, не болады?
  • Терек бір жазда шамамен қанша литр суды буға айналдырады?
  • Маңыңда өзен-көлі жоқ елді мекен суды қайдан алады?
  • Құдық суы әрқашан ішуге жарамды ма? Қандай жағдайда сақтық керек?
  • Біздің ауылымызда минералды су бар ма? Егер бар болса, ол қалай пайдаланылады?
  • Жерасты сулары деген не? Оны қалай алуға болады (құдық, ұңғыма, бұлақ)?

Бағалау және үй тапсырмасы

Бағалау

Оқушылардың талқылауға қатысуы, тапсырмаларды орындауы және жұптық/топтық жұмыстағы белсенділігі бойынша бағаланады.

Үй тапсырмасы

  • «Жерасты сулары» тақырыбын оқып, мазмұнын әңгімелеу.
  • «Су — тіршілік көзі» тақырыбында эссе жазу.

Назар аударатын ой

Жерасты сулары — табиғаттың жасырын қоры. Оны қорғау, ластамау, үнемдеп пайдалану — әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.