Қазақ елі суреттері, Қазақстан Республикасының рәміздері
Тәрбие сағаты
«Бір халық – бір ел – бір тағдыр»
Бұл тәрбие сағаты 1-сынып оқушыларына арналған. Мақсаты — отанды сүюге, бірлікке тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге баулу және білімге ұмтылатын, саналы ұрпақ қалыптастыру.
Мақсаты
- Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті қалыптастыру.
- Бірлік пен татулықтың құндылығын түсіндіру.
- Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге үйрету.
- Білімге ынта, еңбекқорлық пен тәртіптілікке тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Қазақ елі туралы суреттер
- ҚР рәміздері: Ту, Елтаңба, Әнұран
- Н. Ә. Назарбаевтың портреті
- Нақыл сөздер, тақырыптық карточкалар
Тәрбие сағатының барысы
Кіріспе сөз
Құрметті бірінші сынып оқушылары! Бүгінгі Білім күні құтты болсын! Бүгін сендер мектеп табалдырығын алғаш аттап, білім жолына келдіңдер.
«Оқу — инемен құдық қазғандай» дейді халқымыз. Алтын ұя мектептен білім алып, биік асуларды бағындыруларыңа тілектеспін!
Ұйымдастыру кезеңі
Сабақты бастамас бұрын бір-бірімізбен танысып алайық. Барлығымыз орнымыздан тұрып, «Достық шеңберін» құрайық.
Бүгіннен бастап біз доспыз. Арамыз ешқашан осы шеңбердей бұзылмасын!
Ой қозғау: «Отан» деген не?
Балалар, «Отан» деген сөзді естігенде ойларыңа не келеді? Отан дегеніміз не?
Бүгін біз Отан, халқымыз және еліміз туралы әңгімелейміз. Сабақтың тақырыбы — «Бір халық – бір ел – бір тағдыр».
Сұрақтар мен талқылау
- Біз қандай мемлекетте тұрамыз?
- ҚР-дың қандай қалаларын білесіңдер?
- Қазақстан Республикасының астанасы қай қала?
- Астанаға барғандарың бар ма? Қандай ғимараттарды білесіңдер?
- Еліміздің Президенті кім?
- ҚР мемлекеттік рәміздерін атаңдар.
- Туда не бейнеленген? Ол нені білдіреді?
- Елтаңбада не бейнеленген?
- Қазақстанда қандай ұлт өкілдері тұрады?
- Біз бір-бірімізбен қалай өмір сүріп жатырмыз?
Негізгі ой
Біз тату-тәтті өмір сүреміз, өйткені бәріміздің ортақ Отанымыз — Қазақстан. Бірлік бар жерде — береке бар.
Отан, ел, халық туралы тақпақ жаттап келген оқушылар қол көтеріп, кезекпен оқиды.
Мұғалім сөзі: тәуелсіздік, тарих және ортақ мақсат
Біз елімізбен мақтанамыз. Еркіндік пен тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ: Қазақ елі азаттыққа жету жолында сан қилы қиын кезеңдерді бастан кешірді. Қазақстанның мыңжылдық тарихы бар, ал бүгін ол — тәуелсіз республика.
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясы өтіп, онда Елбасы бұл ұйымды «Бүкілхалықтық өкілдік» деп атады.
Сессияның ұраны да үлкен мақсатты айқындады: «Қазақстан – 2050» стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр!
Еліміздің тарихы туралы алда әлі талай оқып-білесіңдер. Ал сауат ашуға, оқуға және жазуға үйрететін ең алғашқы оқулықтарың — Әліппе. Оның алғашқы бетінде Президенттің оқушыларға арнаған тілегі берілген.
Сұрақ-жауап: мектеп өміріне қадам
- Бүгін сендер қайда келдіңдер? (Мектепке, сыныпқа.)
- Сендерді кім күтіп алды? (Мұғалім.)
- Сенен басқа тағы кімдер бар? (Оқушылар.)
- Мектепке келу үшін не қажет? (Оқу құралдары.)
- Суреттерге қарап, мектепке қажет емес артық заттарды анықтайық.
Салыстыруға, санауға, «артық–кем» ұғымдарын түсінуге үйрететін пән — Математика.
Сергіту сәті
Тербеледі ағаштар,
Алдымнан жел еседі.
Кіп-кішкентай ағаштар
Үп-үлкен боп өседі.
Жыл мезгілдері және ойын
Жыл төрт мезгілге бөлінеді. Қане, атап көрейік. Енді ойын ойнаймыз: мен ауа райы құбылыстарын айтамын. Дұрыс болса — қол шапалақтаймыз, қате болса — аяқпен еденді тарсылдатамыз.
- Жазда жиі жаңбыр жауады. (Дұрыс)
- Қыста алма піседі. (Қате)
- Көктемде жеміс-жидек жинаймыз. (Қате)
- Қыста боран соғады. (Дұрыс)
- Күзде суық жел соғады. (Дұрыс)
- Жазда қарлы, аязды күндер жиі болады. (Қате)
- Қыста гүл жинаймыз. (Қате)
- Көктемде ағаштар бүршік атады. (Дұрыс)
Табиғат құбылыстары, адам, өсімдік және жануарлар туралы Дүниетану пәні үйретеді.
Ой-толғаныс: мақал-мәтелдерді толықтыру
- Отан — оттан да ыстық.
- Туған жерге ту тік.
- Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.
Қорытынды сұрақ
Бүгінгі сабақта біз не туралы айттық?
Бағалау
Бүгінгі алғашқы сабақ ұнады ма? Ұнаса — көңілді смайликті, ұнамаса — көңілсіз смайликті көтереміз.
Қорытынды сөз
Сабақты Елбасының ХХ сессияда айтқан ой-тұжырымымен аяқтаймыз:
Бір халық — бұл барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер.
Бір ел — бұл барлығымыз үшін ортақ Отан.
Бір тағдыр — бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер!
Шаланова Гүлмира Тлектесқызы