Наурыз тойы жырымыз
Сабақтың тақырыбы
«Наурыз — берекем, Наурыз — мерекем!»
Мақсаты
- Оқушылардың бойына өз халқына деген мақтаныш сезімін ұялату; ана тілін, тарихын, өнері мен мәдениетін қастерлеуге баулу; қазақтың салт-дәстүрлері туралы білімін кеңейту; сөйлеу мәдениетін жетілдіру; мәнерлеп оқуға және сахналау өнеріне дағдыландыру.
- Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты үйрете отырып, Наурыздың қазақтың ұлттық мейрамы екенін ашып көрсету.
- Халықтық педагогикаға сүйене отырып, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар, нақыл сөздердің мәнін балаларға ұғындыру.
Көрнекілігі
- Сахнаны мерекеге сай безендіру
- Оқушылардың Наурыз тақырыбындағы суреттері
- Нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, қабырға газеті
- Ұлттық тағам түрлері, құрақ көрпе
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Наурыз — қазақ халқының шын мәніндегі ұлттық мейрамы. 22 наурыз күні күн мен түн теңеліп, қыс өтіп, көктем келеді. Тіршілік қайта түлейді, береке-бірлік артады. Бұл — малдың қыстан аман шығып, төлдеп, елдің аузы аққа тиетін кезеңі. Сондықтан халқымыз Наурызды Жаңа жылдың бастауы, ұлы мереке деп білген.
Негізгі ой
Көктемнің келуі — тіршіліктің жаңғыруы, молшылық пен татулықтың нышаны.
Халқымыздың салтында ойын-күлкінің көркі болған Қожанасыр мен Алдар көсе де бұл күні елдің көңілін көтеріп, ынтымаққа шақырған. Ендеше, «Наурыз — берекем, Наурыз — мерекем!» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Оқушылардың құттықтау жырлары
О, жарандар, жараңдар,
Бәрің мұнда қараңдар.
Наурыз той басталды,
Текке қарап тұрмаңдар.
Әуелесін армандар,
Үміті от боп жанғандар.
Бақ дарып, Қызыр қонып,
Мерекеден қалмаңдар.
О, жарандар, жараңдар,
Тамашадан қалмаңдар.
Құс қанатты көңілмен,
Жер әлемді шарлаңдар.
Оятып шың мен асқарды,
Ерітіп мұз бен ақ қарды,
Нұрландырған даланы —
Наурыз, көктем басталды!
Барлығы бірге:
Наурыз мерекесі баршаңызға құт-береке әкелсін!
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Құрметті ұстаздар, қонақтар, ата-аналар! Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз — көнеден келе жатқан мереке. Бүгінде ол көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналған. Бұл күн — жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, ел қастерлейтін мерейлі мезет.
2-жүргізуші
Уа, халайық! Бұл — Ұлыстың ұлы күні, ақ түйенің қарны жарылған күн. Наурыз — күн мен түн теңелер шақ. Қар еріп, жер көктеп, тіршілік атаулы жаңаратын мезгіл. Бұл — ата-бабамыз үй-үйді аралап, Наурыз көжеден дәм тататын күн.
Тілек
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын! Өткенге салауат айтып, келер күннен береке тілейтін қасиетті Наурыз мерекесі құтты болсын, ағайын!
Кел, балалар, ойнайық, Наурыз тойын тойлайық. Баянды боп мереке, қыр гүліндей жайнайық! Бүгін 3 «Ә» сыныбында өтетін «Наурыз — берекем, Наурыз — мерекем!» атты мерекелік думанға қош келдіңіздер!
22 наурыздың мәні және «шашу» дәстүрі
22 наурыз — аспан денелері өз бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін шақ. Бұл кезде жан-жануар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиіп, ел ішінде шаттық орнайды.
Шашу:
Шашу, шашу шашайық,
Ән-думанға басайық.
Наурыз келді далама,
Жаңа жыл келді ауылыма.
Ниет
Шашу — берекені шақыру, несібенің молаюын тілеу, келер жылға аман-есен жетуді мақсат тұтқан игі дәстүр.
Бұл әлемде мереке көп — қуанышты, әдемі. Ал біз үшін ең қымбаты — Наурыз мейрамы!
Өнер шашуы: ән мен би
Ән
Абай атамыз «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй…» деп жырлағандай, ортаға әнші қызымыз Утепберген Динара шығып, «Дастархан» әнін орындайды.
Би
Ал, халайық, тұрмайық — әндетейік, шырқайық! Енді қазақ биін тамашалаңыздар. Қол соғып, қошеметпен қарсы алыңыздар.
Көрініс: Наурыздың келуі
Наурызым, міне, келді жайраңдаған,
Ынтымақ пен достық бір сайраңдаған.
Мол дастархан, ақ ниет, ырыс толған,
Көктемнің бұл күніне қайран қалам.
Наурыз
Сәлем, анам — алтын Күн,
Сәлем, қарты халқымның!
Уақытыма риза боп,
Бақытыма шалқыдым.
6-оқушы: Күн мен түн теңелді, жер шуаққа кенелді. Соны тойлар ел енді. Наурыз тойы — салтымыз, көгерсін деп халқымыз, көшеге тал егеміз.
Көрініс: Күн мен Түн
Күн
Сәулесі мол Күнмін.
Түн
Жұлдызы көп Түнмін.
Екеуі бірігіп
Бүгін біздер бірдей боп, теңелеміз.
Түн: Ал ертең күн ұзарақ.
Күн: Түн қысқарар, бірақ.
Ұйқы қанбай қалып, жүрмеңдер тек бірақ.
7-оқушы: Сәнді көктем — Наурыз, Наурыз тойы — жырымыз. Көңіл гүлдей жайнасын, құлпырсын Күн мен Ай. Құтты болсын Наурыз той!
Ұлы күні сәлемдесу дәстүрі
Наурызда амандасу мен тілек айту — ежелден қалыптасқан өнегелі дәстүр. Кәне, соны тамашалайық.
8-оқушы
Амансыз ба! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда болса жол болсын.
9-оқушы
Ұлыс береке болсын, бәле-жала жерге енсін.
10-оқушы
Ұлыс бақытты болсын, төрт түлігің ақты болсын.
11-оқушы
Ұлыс бақты болсын, әр күніміз жақсы болсын. Достығымыз берік болсын, білім-өнер серік болсын!
Көңілді көрініс: Қожанасыр мен Алдар көсе
Қожанасыр
Ассалаумағалейкүм, халқым! Алдар көсені көрмедіңдер ме? Мені алдап кетті. Қайда жүр екен? Қазір кездессін бәлем! Алдар! Алдар! Қайдасың? Жаңа шапанымды алдап киіп кетіпті!
Алдар көсе
Ей, Қожеке, не болды сонша айқайлап? Неге шақырдың? Өзің бердің ғой сол шапанды.
Кешіріңіз, Қожеке. Келіңіз, татуласайық, ренжімеңіз.
Татуласу және мерекелік тілек
Арайы бар даланың,
Амансың ба, Жаңа күн!
Сәлем, халқым — тірегім,
Сендермен бірге жүрегім.
Орындалсын ойларың,
Құтты болсын тойларың!
Дереккөз
Автор туралы
Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Игілік ауылы, Т. Әубәкіров атындағы жалпы орта мектеп КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі — Полатова Айгүл Жамантайқызы.
Материал
«Наурыз — берекем, Наурыз — мерекем!»
Ескерту: Мәтін редакцияланып, тыныс белгілері мен емлесі түзетілді.