Әріптерден сөз құрау
Сабақ туралы мәлімет
Мұғалім
Қызылорда облысы, Әйтеке би кенті, №17 Ғани Мұратбаев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ділекеш Сәуле Жеткергенқызы.
Тақырып
Ж дыбысы мен әрпі
Сабақтың мақсат-міндеттері
Мақсаты
- Оқушыларды Ж дыбысымен таныстыру.
- Сөздерге дыбыстық талдау жасату және талдауды орындауға үйрету.
- Ж әрпін таныстыру, әріп элементтерін дұрыс жазуға және сауатты жазуға үйрету.
Дамытушылығы
Оқушылардың сөздік қорын молайту, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелігі
Ізденімпаздыққа, ұқыптылыққа, жауапкершілікті түсіне білуге тәрбиелеу.
Ресурстар және ұйымдастыру
Көрнекілігі
- Кесте, суреттер
- Дыбыстық талдау картасы
- Буындар, кеспе әріптер
Әдіс-тәсілдер және сипаттама
- Әдісі
- Түсіндіру әдісі, ойын арқылы оқыту.
- Пәнаралық байланыс
- Дүниетану.
- Типі / Түрі
- Жаңа сабақ / Аралас сабақ.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сабаққа назар аударту.
- Психологиялық дайындық: жақсы тілектер айту және жағымды көңіл күй қалыптастыру.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- Мәтінді оқыту.
- «Әліппе серігі» кітабы бойынша жұмыс.
- Өткен әріптерге байланысты тақпақтарды қайталау.
III. Жаңа сабақ
Кіріспе: аңыз әңгіме
Ертеде орманда бір жолбарыс өмір сүріпті. Бір күні ол аяңдап келе жатып, ағаштың қасында жирафтың жайбарақат шөп жеп тұрғанын көреді. Жолбарыс бұрын жирафты көрмеген екен.
Өзін аң патшасы санайтын жолбарыс қорыққанын білдірмей, жөн сұрайды: «Ау, сорайған, сен кім боласың?»
Оқыс дауыстан шошыған жирафтың аяқтары дірілдеп, әрең тіл қатады: «Мен бе, ж-ж-ж-ж-жи-жи-жирафпын ғой…»
Жолбарыс оның сөзін қайталап: «Атың екен, ж-ж-ж-жи-жи-жираф…» — деп өз жөніне кетеді.
Жираф та аман қалғанына қуанып, демін шығарып: «ж-ж-ж-жуф» — деп тыныстайды.
Талқылау және жаңа дыбыс
Мұғалім сұрайды: «Жолбарысқа жираф не деп жауап берді?»
Оқушылар: «ж-ж-ж-жи-жи-жираф» — деп айтады.
Осыдан кейін сабақтың негізгі түйіні шығарылады: бүгін оқушылар Ж дыбысы және Ж әрпімен танысады. Дыбысты дұрыс айту үшін оны үш рет дыбыстатып, артикуляцияға назар аударылады.
Буын айту арқылы сөз құрау
- Жа-жа — жақсы
- Же-же — жеміс
- Жаз — (сөз ішінде дыбысты табу)
- Жу-жу — жуас
Оқулықпен жұмыс
- Бағандағы сөздерді хормен оқыту.
- Мәтінді мәнерлеп оқу.
Дәптермен жұмыс
- Көркем жазу: Ж әрпінің элементтерін дұрыс жазу.
- Дыбыстық талдау жасау.
Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары арқылы назарды қалпына келтіру.
Кестемен жұмыс: сөз құрау
Әріптерден сөз құрау және сол сөздермен сөйлем құрастыру.
Дидактикалық ойын: «Дыбыс қай жерде?»
Ж дыбысы сөздің қай бөлігінде тұрғанын анықтап, сөздерді тиісті «сандыққа» орналастыру (басында, ортасында, соңында).
Қорытынды
Сабақ соңында оқушыларға бекіту сұрақтары қойылады: бүгін қандай дыбыс және әріппен таныстық? Ж дыбысы дауысты ма, дауыссыз ба? Ол сөздердің қай бөліктерінде жиі кездеседі: басында, ортасында, әлде соңында ма?
Оқушылардың белсенділігі бағаланып, мадақтау айтылады. Үй тапсырмасы беріледі.