Қасым хан Жәнібектің баласы

Сабақтың мақсаты мен ұйымдастырылуы

Білімділік

Қазақ мемлекетінің басқару жүйесін, ел билеушілерін және аты аңызға айналған қазақ хандары туралы мәлімет беру.

Дамытушылық

Оқушыларды қазақ хандарымен таныстыра отырып, жүйелі ойлауға, талдауға, жан-жақты ізденуге, еркін сөйлеуге және ойын нақты жеткізуге үйрету.

Тәрбиелік

Ұлтжандылық сезімін қалыптастыру; Отанды қастерлеуге, бағалауға, құрметтеуге және қасиет тұтуға тәрбиелеу.

Сабақ сипаттамасы

Түрі
Жаңа сабақты меңгерту
Типі
Дәстүрлі
Әдісі
Оқулықпен жұмыс, терминдермен және қосымша әдебиеттермен жұмыс, ауызша баяндау

Қамтамасыз ету

Көрнекілік
Слайдтар, толғау, кестелер
Пәнаралық байланыс
Дүниежүзі тарихы, қазақ әдебиеті, құқық, экономика, музыка

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Оқушылармен амандасу, сабаққа қатысуды түгендеу.

II. Өткен тақырыппен байланыс

Ауызша сұрау және бекіту сұрақтары арқылы қайталау.

  1. 1. Есім хан қай жылдары ел биледі?
  2. 2. «Қатаған қырғыны» неліктен осылай аталды?
  3. 3. Тұрсын хан мен Есім хан арасындағы қақтығыстың шығу тарихын қалай түсіндіресің?
  4. 4. Бұхар–қазақ қатынастары неліктен жиі шиеленісіп отырды?
  5. 5. Есім хан ел экономикасын нығайту үшін қандай әрекеттер жасады?

Қазақ хандары: қысқаша деректер

Кезеңдер мен негізгі еңбектерді шолу

Хан Тегі / байланысы Билік жылдары Негізгі дерек
Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының негізін қалаушылар 1465–1466 Шу, Сарысу бойында Қазақ хандығын құрды.
Қасым хан Жәнібектің ұлы 1511–1518 «Қасым ханның қасқа жолы» заңдарын жасады; халық саны шамамен 1 млн-ға жетті.
Хақназар хан Қасым ханның ұлы 1538–1580 Сыртқы саясатта ықпалын арттырды, қарсыластарға қауіп төндірді.
Тәуекел хан Шығай ханның ұлы 1582–1598 1598–1599 жж. өзбек хандығынан біраз жерді алып, қазақ құрамына қосты.
Есім хан Тәуекел ханның інісі 1598–1628 «Есім ханның ескі жолы» заңдарын қалыптастырды.
Салқам Жәңгір Есім ханның ұлы 1628–1652 1643 ж. Орбұлақ шайқасында 600 сарбазбен 50 мың жоңғарға тойтарыс берді.
Тәуке хан Жәңгір ханның ұлы 1680–1715 «Жеті жарғыны» жасатты; құқықтық жүйені күшейтті.

Сұрақ–жауап және «семантикалық карта»

Оқушылардың мәліметті ажырата білуін тексеру үшін «мағынаны айыру» тапсырмасы орындалады: деректерді тиісті ханмен сәйкестендіру.

  • Тапсырма үлгісі: «Қазақ хандығының негізін қалады» → Керей, Жәнібек

  • Тапсырма үлгісі: «Орбұлақ шайқасында тойтарыс берді» → Салқам Жәңгір

III. Жаңа сабақ: Қазақ хандығындағы басқару жүйесі

Қазақ хандығында басқарудың ұлттық жүйесі қалыптасты. Басқаруда бұрыннан келе жатқан ру-тайпалық тәртіп берік сақталды. Хандық құрылым дәстүрлі түрде жеті сатыдан тұрды.

1) Ауыл

Қазақ қоғамының ең алғашқы қоғамдық ұйымы. Туыстас, қандас жақын адамдардан немесе бірнеше отбасынан құралды. Ауылды басқарған адам ауылбасы деп аталды.

2) Ата аймақ

Жеті атадан қосылатын бірнеше ауылдың бірлестігі. Басқарушысы — ақсақал. Ата аймақта ақсақалдың ақыл-кеңесі мен шешімі міндетті түрде орындалды.

3) Ру

Әдетте он немесе он бес аймақтан құралды. Руды басқарған адам рубасы аталды. Рубасы тәжірибелі, беделді, білікті тұлға болған.

4) Арыс

Бірнеше рудан құралады. Басқарушысы — би. Қауым би шешімін орындауға міндетті болды.

5) Ұлыс

Бірнеше арыстан құралды. Ұлыс билеушісі — сұлтан. Сұлтандар көбіне хан әулеті мен ақсүйектерден шықты.

6) Жүз

Бірнеше ұлыстан құралды. Қазақ жүздері XV–XVI ғасырларда тайпалар одағы негізінде қалыптасты. Жүз билеушісі — хан, әр жүз өз ханын сайлады.

Ұлы жүз

Жалайыр, албан, суан, дулат, сарыүйсін, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, шанышқылы, қаңлы.

Орта жүз

Арғын, найман, уақ, керей, қыпшақ, қоңырат.

Кіші жүз

12 ата Байұлы, Жетіру, Әлімұлы бірлестіктерінен құралды.

7) Хандық

Үш жүзден құралды. Ең жоғарғы әмірші қаған деп аталды. Хандарды ақсүйек-шонжарлар арасынан сайлау — қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр.

Түсіндіру барысында тәуелсіз Қазақстан Республикасының басқару жүйесімен салыстыра талдау жасау ұсынылады.

Ханды сайлау дәстүрі

XVI ғасырда қазақ хандары халықтың қоғамдық әдет-ғұрпына сай сайланды. Ханды сайлауға рудың атақты, сыйлы адамдары қатысқан. Хандыққа лайық деп танылған тұлғаны ақ киізге отырғызып көтеру — рәсімнің негізгі бөлігі болды.

«Ханталай» ұғымы

Рәсімнен кейін жиналғандар хан отырған киізден және хан сайланғанға дейін киген киімдерден естелік ретінде үлес алып, кейде ханның мал-мүлкін бөлісу дәстүрі болған. Бұл ғұрып «ханталай» деп аталады.

Қазақ хандығының әлеуметтік құрамы

XVI–XVII ғасырларда Қазақ хандығындағы әлеуметтік құрылым феодалдық қоғамның жіктелуін көрсетті. Халық негізінен екі үлкен топқа бөлінді: феодалдар және қараша (қарапайым халық).

Билер кеңесі және құқықтық тәжірибе

Қазақ хандығында жазалау құқығы ханның, билердің және ру-тайпа басшыларының қолында болды. Кейбір дауларды талапкер мен жауапкер тұратын ауылдың билеушілері шешті. Куәгерлер болмаған жағдайда ант беру талап етілді.

IV. Қорытынды

Қазақ хандығының құрылуы XV ғасырдың 50–60 жылдарына сәйкес келеді. Алғашқы негізін қалаушылар — Керей мен Жәнібек хандар. Қазақ мемлекетінің көрші елдерге танылуы, Қасым мен Хақназар хандар тұсында хандықтың күшеюі халқымыздың халық болып қалыптасу үдерісінің аяқталғанын көрсетеді.

V. Бағалау

Бағалау оқушының сабақ барысындағы белсенділігіне және тапсырмаларға қатысуына қарай жүргізіледі.

Оқушының аты-жөні Өткен тақырып бойынша қатысуы Тақырыпқа байланысты ой қозғауы Жалпы әрекеті
1
2
3
4

VI. Үй тапсырмасы

§41. Қазақ хандығының басқару жүйесі.