Ертегі құрастыр

Білім беру саласы мен бөлім

Білім беру саласы
Коммуникация, Әлеумет, Шығармашылық
Бөлімі
Драма
Тақырыбы
«Үйшік» (театрландырылған ойын)

Мақсаты

  • Ертегінің мазмұнын түсіндіру арқылы балалардың сөздік қорын, сөйлеу мәдениетін және ойлау қабілетін дамыту.
  • Сахналау барысында жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің бейнесіне еніп, олардың мінез-құлқын дәл бере білуге үйрету.
  • Дауыс күшін әртүрлі қолдану дағдысын жетілдіру, қимыл-қозғалысты үйлесімді дамыту.
  • Кейіпкер ерекшелігін жеткізу үшін мәнерлілік құралдарын қолдануға баулу.
  • Балаларды достыққа және татулыққа тәрбиелеу.

Дайындық және ресурстар

Алдын ала жұмыс

  • «Үйшік» ертегісін оқу.
  • Кейіпкерлерге арналған атрибуттарды дайындау.
  • Тіл ұстарту жаттығуларын қайталау.

Қолданылатын көрнекі құралдар

  • Ерден атай және Айару (ойыншықтар).
  • Атрибуттар, ертегі суреттері.
  • Әліппе-дәптер.

Сөздік жұмыс

үйшік, алаңқайда

Билингвальді компонент

  • тышқан — мышь
  • құрбақа — лягушка
  • қоян — заяц
  • түлкі — лиса
  • аю — медведь

ҰОҚ кезеңдері

1) Мотивациялық-қозғаушылық

Педагогтің іс-әрекеті

Балаларды шаттық шеңберіне жинап, Айарудың шақыруын жеткізеді. Амандасуға арналған өлең жолдарын мәнерлеп оқиды және балаларды үлкендермен сәлемдесуге баулиды.

Өлең

Күннің көзі ашылып, Көкке шуақ шашылып. Құтты қонақ келіпті, Төрімізге еніпті. Амандасу — үлкенге, Тәрбиенің басы ғой. Ал, қанекей, бәріміз, Сәлем дейік үлкенге: «Сәлеметсіздер ме?»

Балалардың іс-әрекеті

  • Шаттық шеңберіне жиналады.
  • Өлең ырғағымен амандасады.

2) Ұйымдастырушылық-ізденістік

Педагогтің іс-әрекеті

Ойын: «Сиқырлы қоржын»

  • Ерден атай мен Айарудың «сиқырлы қоржын» әкелгенін хабарлайды.
  • Қоржыннан ойыншық аңдарды шығарып, «Бұл қай аң?» сияқты сұрақтар қояды.
  • Түлкі туралы қандай ертегілер білетінін сұрайды, түлкінің жүріс-қимылын көрсетуді ұсынады.
  • Аңдардың жүрісін, қимылын және дыбысын салуды ұйымдастырады.

Дидактикалық ойын: «Ертегі құрастыр»

  • «Біреу жылап тұрған сияқты» деп назар аудартады.
  • Үстелдің астынан ойыншық бақаны шығарып, оның көмек сұрай келгенін айтады.
  • Шашылған суреттерден ертегіні құрастыруды тапсырады.
  • Талқылау сұрақтарын қояды: кейіпкерлер, аюдың үйшікті бұзу себебі, достарының жауабы.

Әліппе-дәптермен жұмыс (Айарудың тапсырмалары)

  1. Ертегіге берілген суретті қара. Ұнаған кейіпкеріңді таңдап, бейнеле.
  2. Тіл ұстарту жаттығуын орында.
  3. «Ау-у, үйшікте кім бар?» сөзін әр кейіпкердің дауысына салып айт. Бірінші және соңғы келген кейіпкерлерді ата.
  4. Өзіңе қандай үй ұнайды? Қиялыңдағы үйді сал.

Этюд: «Кім қалай жүреді?»

Балаларды ертегі кейіпкерлеріне айналып, аңдардың қозғалысы мен дауыстарын келтіруге жетелейді (аю — теңселіп жүреді, ырылдайды; түлкі — құйрығын бұлғаңдатып, жіңішке дауыспен сөйлейді; қоян — секіреді, жылдам сөйлейді және т.б.).

Сергіту сәті: «Бақалар биі»

Бақа, бақа, балпақ, (Бастарын ұстап, тізелерін бүгіп, алға қарай жүреді) Басың неге жалпақ? (Орындарында басын ұстап айналады) Темір-терсек көп киіп, (Алғашқы қимылды қайталайды) Басым содан жалпақ. (Екінші қимылды қайталайды)

Тіл ұстарту жаттығуы

Ян-ян-ян — ұзын құлақ қоян. Кі-кі-кі — жылмыңдайды қу түлкі. Ыр-ыр-ыр — көкжал қасқыр. Ю-ю-ю — қорбаңдаған аю. Ін-ін-ін — ағашта жүр тиін.

Қойылымға кіріспе

Педагог бүгін «Үйшік» ертегісін сахналайтындарын хабарлайды және қоржыннан театрлық баскиімдерді (рөлдік атрибуттарды) шығарады.

Балалардың іс-әрекеті

  • Қоржындағы аңдарды атап, сұрақтарға жауап береді.
  • Түлкі туралы білетін ертегілерін еске түсіреді, қимылын көрсетеді.
  • Қоян сияқты секіреді, аю (және басқа аңдар) жүрісін бейнелейді.
  • Қиылған суреттерден «Үйшік» ертегісін құрастырады, бөліктерді сәйкестендіреді.
  • Талқылауға қатысады: кейіпкерлерді атайды, аюдың үйшікті бұзу себебін айтады, «Жаңадан үй тұрғызамыз» деген шешімге келеді.
  • «Бақалар биі» қимылдарын орындайды.
  • «Ау-у, үйшікте кім бар?» сөзін әртүрлі дауыс күшін қолданып айтады (жуан, жіңішке).
  • Қиялындағы үйдің суретін салып, бояйды.
  • Кейіпкерлер суреттеріне қарап, рөлдерге бөлінеді.

Негізгі сұрақтарға жауап үлгілері

  • Кейіпкерлер: тышқан, құрбақа, қоян, түлкі, аю.
  • Аюдың себебі: өзі үлкен болғандықтан есіктен сыймай, үйшікті бұзып алды.
  • Шешім: бәрі бірігіп жаңадан үй тұрғызуға келіседі.

Маңызды ұғымдар

Сөздік

үйшік, алаңқайда

Дауыс

Жуан/жіңішке, қатты/жай

Қимыл

Жүріс, секіру, ырғақ

Құндылық

Достық, татулық

3) Рефлексиялық-түзетушілік

Педагогтің іс-әрекеті

  • Қорытынды жасайды, балаларды марапаттайды.
  • Сахналау барысында қиындық болған-болмағанын сұрайды.
  • Өзін-өзі бағалау ұсынады: «ұнады» — жасыл қоржын, «ұнамады» — қызыл қоржын.

Балалардың іс-әрекеті

  • Сұрақтарға жауап береді, әсерімен бөліседі.
  • Қоржын таңдау арқылы өз бағасын білдіреді.

Күтілетін нәтижелер

Жасайды

Жан-жануарлардың дыбыстарын салып, қимыл-әрекеттерін қайталайды.

Түсінеді

Әр жануардың өзіне тән ерекшеліктерін ажыратады.

Қолданады

Өз ойын еркін айтады және өзгелердің пікірін тыңдай біледі.

Ақпарат

Мекеме

ШҚО, Аягөз ауданы, Ақтоғай кенті
№3 «Ақтоғай» балабақша-бөбекжайы

Тәрбиеші

Рузьева Гулнур Курманжанқызы