Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майдакөл ауылы, 98 орта мектептің мұғаліміИзтлеуова Замзагүл Сағынам атты М. Ералиеваны еске алуға арналған ән кешіСахна тақырыпқа сай безендірілген
Кеш туралы
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майдакөл ауылы, №98 орта мектепте қазақ халқының сүйікті әншісі Мәдина Ералиеваны еске алуға арналған «Сағынам» атты ән кеші ұйымдастырылды. Сахна тақырыпқа сай безендіріліп, Мәдина Ералиеваның суреті ілінді, жанында кештің атауы көрсетілді.
Жүргізуші сөзі
Армысыздар, құрметті өнер сүйер қауым!
Хош келдіңіздер, ауыл тұрғындары!
Арнау
Ертерек сөнді, мезгілсіз ақты бір жұлдыз,
Маңдайға симай Мәдина кетті — бұл бір қыз.
Қараша айда қайғырып тұрды қара аспан,
Сүп-суық болып қабағын түйді сұп-сұр күз.
Өшті-өшті Мәдина үні мәңгі енді,
Нәзік әнсіз атырамыз ба таңды енді?
Таспадан енді тыңдармыз,
Мәдина үні естіле тұғын әндерді.
Иә, тағдырдың салған әніне не істерсің… Өзі «Жаным, не істерсің?» деп шырқағандай, біз де бүгін жерлесіміз Мәдина Ералиеваны еске алу үшін осы кешке жиналдық.
Өнердегі болмысы
Мәдина жұлдыздай жарқырап, Шашубай, Нартай бабалары мен Майра апасы секілді қолына баян, гармон ұстап, сыбызғыдай сызылған үнімен, тау суындай мөлдір, бұлақ суындай сыңғырлаған әндерді орындап, халқының жүрегін жаулап алды.
«Ақбаян» арқылы танылуы
Мәдина жергілікті композитор Бексұлтан Байкенжеевтің «Ақбаян» әнін орындап, ән әлеміне «Ақбаян» болып енді.
Тазалық пен даралық
Ол өнердегі тазалықты сақтап, «тойдың әншісі» емес, ойдың әншісі болды. Даусы ешкімге ұқсамайтын, еліктеуді білмейтін сыңғыр үн еді.
Ән
«Сағым жылдар»
Өмір жолы мен еңбегі
- 1954 жыл, 2 тамыз — Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Мұратбаев колхозында дүниеге келді.
- 1974 жыл — Қызылорда педагогикалық училищесінің музыка бөлімін тәмамдады.
- 1978 жыл — Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка факультетін бітірді.
- 1978–1984 жылдар — Қазақстан Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарып, аспирантурасын аяқтады.
- 1990 жыл, 20 сәуір — «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» атағына ие болды.
- Шетелдерде болып, халқымыздың ұлттық ән өнерін дәріптеді.
Арнау жолдары
Еліктейтін ерке едің,
Көрікті едің-ау ертеңің.
Әлі талай жайылатын,
Жайылмады-ау өркенің.
Сырдың әсем ақ құсы едің,
Ән боп атың кетті сенің.
Сағыныш боп сыңғырлаған,
Үнің қандай тәтті сенің.
Ән
«Есіңе мені алғайсың»
Сахнадағы сымбат және рух
Мәдина сахнаға шыққан сәтте-ақ әдемілік пен сән-салтанаттың, талғам мен сезімтал сұлулықтың үйлесімін танытатын тұтас бір галерея жасайтын. Бірде үкілі кәмшат бөркі мен бүрмелі көйлегі желбіреп, шашбауы сыңғырлаған ерке қыз болып көрініп, халықтың көркем салтын әспеттей сақтаса, енді бір сәт қазақы дастарханға шақырған ізетті келіндей иіліп, сыйластық дәстүрін тарту ететін.
Өнер жолының сынағы
Иә, өнер адам құдіретінің бір қыры — туа біткен дарынын қажымай-талмай дамытып, ел игілігіне бағыштай алуында. Мәдинаның өмірі тақтайдай тегіс болған жоқ: бұралаңы мен бұлтарысы көп еді. Абай айтқандай, бұл — «соқтықпалы, соқпағы жеткілікті» нағыз өнер жолы.
Ол он үш жасында анасынан айырылып, сегіз жасар сіңлісін жетектеп жүріп, жолы жайсаң жандардың қамқорлығымен кәмелетке жетті. Ән әлеміне келуінің өзі — ерлікпен бара-бар.
Дауысқа лайық жазылған әндер
Бір кезде туған «Ақбаян», «Қырғыздың», «Сағындым», «Қиялдағы қалқа» секілді әндер оның табиғи үніне лайықталып жазылды. Мәдина ән бесігінде армансыз тербелгендей еді.
Қорытынды арнау
Әнінен аласарып қыран шыңы,
Шыңылдап ең бір таза тұрар шыңы.
Табиғат қалай қиып бере салған,
Соншама жаны нәзік ұлы әншіні.
Басылған өміріне өнер мөрі,
Жұлдызды тағы сондай көрер ме еді?
Даланың бұлбұлына даңқ сыйлаған,
Қол созып үлкен сахна көрермені.
Алдың жарық болсын, ән әлемінің Ақбаяны.