Сый табақ
Сабақтың тақырыбы
Үшбұрыштың ауданы
Білімділік мақсаты
Үшбұрыштың ауданын есептейтін формулаларды қолдану және оларды есептер шығаруда тиімді пайдалану білігін қалыптастыру; тақырып бойынша алған білімді тереңдету.
Дамытушылық мақсаты
Үшбұрыштың ауданын есептеу және оның элементтерін табуға арналған есептерді шығару дағдыларын дамыту; шығармашылық ізденіске, икемді ойлауға ынталандыру.
Тәрбиелік мақсаты
Отансүйгіштікке, патриоттық пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу; қиындықты жеңе білуге, шапшаңдыққа, ізденімпаздыққа, тиянақтылыққа, жауапкершілікке баулу; өз мүмкіндігіне сеніп, үлкен жетістікке ұмтылуға бағыттау.
Сабақтың сипаттамасы
Сабақтың типі
Қайталау, жинақтау, есептер шығару.
Сабақтың әдістері
Топтық және жеке жұмыс, ойын, шығармашылық тапсырмалар.
Сабақтың түрі
Қайталау және пысықтау.
Көрнекіліктер
Интерактивті тақта, слайдтар, суреттер, парақшалар.
Сабақ құрылымы
-
I. Ұйымдастыру
Мотивациялық кезең
Оқушыларды түгендеу, сабаққа ынталандыру. Үшбұрыш түрлерін пайдаланып, сыныпты 4 топқа бөлу.
I топ
Тікбұрышты үшбұрыш тобы
II топ
Теңбүйірлі үшбұрыш тобы
III топ
Теңқабырғалы үшбұрыш тобы
IV топ
Үшбұрыш түрлері бойынша құрастырылған топ
Топтық көңіл күйді көтеру тапсырмасы
Мұғалімнің нұсқауы: әр оқушы алақан суретінің әр саусағына өз тобындағы сыныптасына сабаққа сәттілік тілеп, қысқа тілек жазады. Топ басшысы тілектерді алақанның ортасына қорытындылап жазады. Осы жақсы тілектермен ашық сабақты көтеріңкі көңіл күйде бастаймыз.
Сабақтың тақырыбы мен мақсаттары таныстырылады.
-
II. Үй тапсырмасын тексеру
№272
Тікбұрышты үшбұрыштың катеттері: a = 1,6 см, b = 4,5 см. Үшбұрыштың ауданын табу.
-
III. «Сый табақ» тапсырмасы
Сұрақ: үйге қонақ келсе, үй иесі қандай әрекеттер жасайды?
- А Төрге шығарамыз.
- Ә Дастарханға шақырамыз.
- Б Ет асып, табақ тартамыз.
Осы дәстүрге ұқсас түрде, әр топқа «табақ» беріледі: ортасына «Үшбұрыш» сөзі жазылады, ал шетіне үшбұрыш туралы білетіндерін — анықтамасын, қасиеттерін, теоремаларын — жазады.
Уақыты: 5 минут.
-
IV. «Абажур» стратегиясы: үшбұрыш ауданының формулалары
Әр топқа түрлі түсті қағаз таратылады. Қағаз 4 бөлікке бүктеліп, әр бөлігіне үшбұрыштың ауданын табу формуласы жазылады. Қажет кезде осы «абажурды» тірек-сызба ретінде қолдануға болады.
Уақыты: 3 минут.
-
V. «Шашылған ережелерді жинақтау»
Бірінші бағанда ереженің басы беріледі, ал екінші бағаннан оның дұрыс жалғасын табу қажет. Тапсырма мақсатты түрде негізгі ұғымдарды жүйелеуге көмектеседі.
-
VI. Сергіту сәті: «Домино»
Ойын форматыӘр топқа домино құрастыру тапсырмасы беріледі. Домино бөлшектерін дұрыс сәйкестендіру арқылы жасырылған сөйлем құрастырылады.
I топ
«Ел бірлігі жылы — Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы».
II топ
«Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз» — М. Әуезов.
III топ
«2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығы».
IV топ
«Ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмыт қалмайды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы».
-
VII. Оқулықпен жұмыс
Тақырып бойынша есептер шығару арқылы формулаларды қолдану білігін бекіту және нәтижені дәлелдеуге үйрету.
-
VIII. Білімді бағалау және үй тапсырмасы
Оқушылардың жұмысы критерий бойынша бағаланады. Үй тапсырмасы түсіндіріліп беріледі.
-
IX. Қорытынды
Сабақ соңында негізгі ұғымдар жинақталып, үшбұрыш ауданы формулаларын қай жағдайда қолдану тиімді екені қорытындыланады.