Балабақшадағы балалардың еңбегі

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, №7 «Балдырған» балабақшасы

Кушикбаева Гүлбану

Мектеп жасына дейінгі баланы еңбекке баулу арқылы рухани-адамгершілікке тәрбиелеу

Бөлім

І. Кіріспе

Бөлім

ІІ. Балалардың еңбегі туралы жалпы мағлұмат

Бөлім

ІІІ. Балабақшадағы балалардың еңбегі

І. Кіріспе

«Адамды адам еткен — еңбек». Адам баласы өмірге келген күннен бастап еңбекпен тығыз байланыста болады. Себебі, өмір есігін ашқан сәттен-ақ ана сүтін ему, өзіне күтім жасату сияқты әрекеттердің бәрі — тіршілікке бейімделудің алғашқы еңбегі.

Еңбек — бойымыздағы күш-қуатты мақсатқа жұмсау. Адамдар еңбек арқылы жетістікке жетеді: күнделікті ішіп-жейтін тағам да, киетін киім де — еңбектің нәтижесі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, жерге дән сеуіп, оны күтіп-баптап өсіру, өнімді сатып, еңбектің жемісін көру — өмірдің заңдылығы.

Негізгі ой

Еңбек — адамның өмір сүру дағдысын қалыптастыратын, жауапкершілік пен нәтижеге үйрететін құндылық.

ІІ. Балалардың еңбегі туралы жалпы мағлұмат

Балалардың еңбегі дегенде, күнделікті өмірде көзге көріне бермейтін, бірақ маңызды қарапайым әрекеттерді ескеру қажет. Мысалы, 2–3 жастағы баланың өздігінен тамақтануы, ойыншығын жинауы, киімін реттеуі — ол үшін үлкен еңбек. Өзін-өзі күту дағдылары да еңбекке жатады.

Еңбекке баулу арқылы баланың есте сақтау, көру, сезіну қабілеттері дамиды. Мысалы, шұлық, қолғап, бас киім, көйлек киерде оның қайсысы қай жерге киілетінін ажырату — ойлау мен есте сақтауды талап етеді.

Баланың әрбір жасаған еңбегін дер кезінде мақтап, қолдап отыру маңызды. «Жарайсың!», «Бәрекелді!», «Өте жақсы!», «Керемет!» сияқты жылы сөздер баланың еңбекке деген қызығушылығын арттырады.

Еңбек пен адамгершілік байланысы

Баланы еңбекке баулу — оны адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеудің бір жолы. Мысалы, жердегі нанды алып қою, киімін ұқыпты киіп күту — үлкендердің еңбегін сыйлау мен ізгі ниеттің белгісі.

ІІІ. Балабақшадағы балалардың еңбегі

Балабақшада балалардың еңбекке деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру — маңызды міндет. Бұл бағытта: өзіне-өзі қызмет етуге үйрету, бір-біріне кедергі жасамай еңбек ету мәдениетін дамыту, ортақ іске жауапкершілікпен қарауға баулу қажет.

Күнделікті дағдылар

  • Ойнап болған соң ойыншықтарды орнына жинау.
  • Ойын бұрышында кезекшілік атқару.
  • Жұмысты бастап, соңына дейін жеткізуге дағдылану.

Үлкендердің көмегімен орындалатын жұмыстар

  • Гүлдерді суару, ағаштарға су құю.
  • Оқу құралдарын тарату.
  • Ас ішу кезінде тәрелке, қасықтарды қойып шығу.

Еңбек мәдениетін қалыптастыру

  • Алдына мақсат қоя білуге және оған жетуге үйрету.
  • Арнайы жабдықтарды дұрыс пайдалану, қадірлеу, қайта орнына қою.
  • Бір-біріне көмектесуге, ұжымдық еңбекте татулық сақтауға баулу.
  • Еңбектің қажеттілігі туралы түсінік беру, үлкендер еңбегін құрметтеуге үйрету.

Ертегі мен әңгіме арқылы түсіндіру

Ертегі мен әңгімелердің кейіпкерлері арқылы балаларға «Еңбек түбі — зейнет» екенін түсіндіру тиімді. «Бір уыс мақта», «Бұзау бақтым», «Көйлекті маған кім берді?», «Қайдан келдің, бауырсақ?» сияқты шығармалар арқылы барлық заттың еңбекпен келетінін ұғындыруға болады.

Сонымен қатар балаларды еңбек түрлерімен және кәсіптермен таныстырып, ұжымда еңбек етудегі белсенділік пен ынтаны қолдау қажет. Өз қолымен жасаған жұмысынан қуаныш пен мақтаныш сезімін сезіну — еңбекке жағымды көзқарастың берік негізі.

Түйін

«Гүл өсірсең терлеп — бұның аты еңбек. Кесте тіксең зерлеп — бұның аты еңбек. Қиындықтың бәрін еңбек қана жеңбек».

Болашақ ұрпаққа «Еңбек түбі — береке», «Еңбек ер атандырады», «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген нақылдардың мәнін ұғындыру — баланы өмірге дайындаудың маңызды бөлігі.