Айтыстың түрлерін ата
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Сынып
3-сынып
Тақырып
Айтыс өнері дегеніміз не?
Сабақтың мақсаты
Айтыс өнерін тереңірек таныстыру, жаңа ақпарат арқылы оқушылардың музыкалық танымын кеңейту. Айтыстың өмірмен байланысын, эстетикалық-рухани байлығын және музыкалық маңызын түсіндіре отырып, қазақ музыкасына деген сүйіспеншілікті арттыру. Сонымен қатар «лига» музыкалық терминімен таныстыру.
Әдістер
- СТО бағдарламасы
- Топтастыру
- ДЖИГСО
- Семантикалық карта
Көрнекіліктер
- Интерактивті тақта
- Компьютер
- Күйсандық (Yamaha)
- Баян
- Суреттер
Музыкалық материал
- Б. Ғизатов — «Біздің ән» (дауыс жаттығуы)
- О. Әубәкіров — «Оқушылар айтысы» (үйрену)
- «Ақындар айтысы» (үзінді, тыңдау)
- «Жар-жар айтысы» (үзінді, тыңдау)
I. Қызығушылықты ояту
Топқа бөлу
Оқушылар музыкалық аспаптар жазылған үстелдерге отырып, топтарға бөлінеді:
- Домбыра
- Сырнай
- Қобыз
- Асатаяқ
- Дабыл
- Шаңқобыз
Жанрларды еске түсіру
«Қазақ музыка жанрларын атайық» тапсырмасы арқылы оқушылар білімін белсендіреді:
Осылайша бүгінгі тақырып нақтыланады: «Айтыс өнері дегеніміз не?»
Айтыс өнері туралы негізгі түсінік
Айтыс деген не?
Айтыс өнері — қазақтың ауыз әдебиеті мен музыкасына ортақ, көлемді әрі аса құнды салалардың бірі. Ол суырыпсалма ақындық өнерінің өзегін құрайды. Айтыста халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, дүниетанымы, эстетикалық-рухани және әлеуметтік көзқарасы айқын көрінеді.
«Айтыс» атауы «айтысу» сөзінен шыққан: өлең сөзбен жарысу, сайысу, дауласу, тартысу, сынасу мағынасында қолданылады. Айтысу қара сөзбен де, күй тарту арқылы да, суырыпсалма өлеңмен де болуы мүмкін.
Айтыстың түрлері
Бәдік айтысы
Айтыстың ең көне түрі. Белгілі бір аурудан малды емдеу мақсатында айтылатын арбау өлеңдеріне жақын.
Жар-жар айтысы
Қыз бен жігіттің үйлену тойы кезінде орындалады.
Ақындар айтысы
Атақты, белгілі ақындар арасындағы сөз сайысы.
Қыз бен жігіт айтысы
Көбінесе ойын-сауық, той-думандарда айтылады.
II. Мағынаны тану (ДЖИГСО)
Жұмыс барысы
- Оқушылар 1, 2, 3, 4 деп саналып, төрт топқа бөлінеді.
- Әр топқа мәтін үлестіріледі.
- Мәтінді мұқият оқып, маңызды деректерді жазып алады.
- Бастапқы тобына оралған соң, алған білімін өз тобына түсіндіреді.
Талқылау және бағалау
«Бүгінгі сабақта айтыс туралы не білдік?» сұрағы бойынша әр топ өкілі жауап береді. Қалған топтар сұрақ-жауап арқылы толықтырып, өзара бағалауға қатысады.
Абай: «Құлақтан кіріп, бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй, көңілге түрлі ой салар…»
Дауыс жаттығуы
- До мажор гаммасын лигато және стаккато түрінде орындау.
- Б. Ғизатов — «Біздің ән» (жаттығу ретінде орындау).
«Біздің ән» (үзінді)
Үйренсең нотаны, Ән де саласың. Барлығын оп-оңай Жаттап аласың. Сен де қосыл, жасқанба, Әнің жетсін аспанға.
Жаңа ән: О. Әубәкіров — «Оқушылар айтысы»
Әнді мұғалім орындап көрсетеді, содан кейін бірлесіп үйренеді.
1-оқушы
Айтып қойшы, қарағым, Қандай болып жүр сабағың? Жайын біліп қояйын, Сендей салақ баланың.
2-оқушы
Сөзін тыңда, қарағым, Мен секілді баланың. Сен осында қаласың, Мен лагерьге барамын.
1-оқушы
Қайда барсаң, онда бар, Семіргенің жөн болар. Тәртібіңнен, алайда, Болмай тұр-ау оң хабар.
2-оқушы
Айналайын, көкешім, Тәртіпті айтып не етесің? Сендердегі Серікбай Неге жарды шекесін?
1-оқушы
Қай өнегең асып жүр, Қай тәртібің тасып жүр? Сендердегі Сембай да Сабағынан қашып жүр.
Музыкалық ұғым: «Лига»
Әнді орындау кезінде сөздегі буындар созылып айтылады, себебі ноталардың арасында доға тәрізді белгі тұрады. Бұл белгі лига деп аталады: дыбыстарды бірінен соң бірін сабақтастырып, байланыстырып орындауды білдіреді.
III. Толғаныс
Сұрақтар
Бір-бірімізді тыңдап, жауапты қайталамай, толықтыра отырып жауап береміз:
- Қазақ музыка жанрларын ата.
- Айтыс деген не?
- «Көш-көш» деп қандай жағдайда айтылады?
- Айтыстың түрлерін ата.
- Қазіргі уақытта айтыстың қай түрі көбірек дамыған?
- Өзің білетін ақындарды ата.
- Батыс өңірінің айтыскерлерін ата.
- Айтыскерлер нені жырлайды? Қандай тақырыптарды қамтиды?
- «Біржан мен Сара айтысы» қандай айтысқа жатады?
Семантикалық карта
Жауаптар негізінде төмендегі кестені толтырамыз:
| Тақырыбы | Жанры | Орындау мақсаты | Орындау ерекшелігі | Кейіпкерлері |
|---|---|---|---|---|
| Бәдік | — | — | — | — |
| Жар-жар | — | — | — | — |
| Ақындар | — | — | — | — |
| Қыз бен жігіт | — | — | — | — |
Бағалау
Сабаққа белсенді қатысып, жауап берген оқушылар бағаланады.
Үй тапсырмасы
- «Оқушылар айтысы» әнін жаттау.
- Өлең шумақтарын өз ойыңнан құрастырып, кейіпкер аттарын сыныптастарыңның аттарымен алмастыру (қалауыңша).
Қорытынды ой
Айтыс — өлеңнің майданы секілді, Тілді сынға салмай, найза қылмай болмайды. Берекесіз көп сөздің жұғымы жоқ, Іріп кеткен айран секілді. Нәрлі сөз нұрланып, бойды балқытсын, Таңғы қой сүтінің айранындай.