Балаңызға қалай сөйлейтініңізді ойланып көріңізші

Балаңыздың жетістікке жетуіне сөз арқылы қалай ықпал етесіз?

Балаңызға қалай сөйлейтініңіз туралы ойланып көріңіз. Бұл өте маңызды, өйткені баланың қандай тұлға болып қалыптасуы көбіне соған байланысты: ол өз әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын, батыл азамат бола ма, әлде айналасындағы адамдардың пікіріне жалтақтайтын, өзіне сенімсіз адам болып өседі ме — көп жағдайда күнделікті сөздеріңізден басталады.

Кішкентай тест

Сіз балаңызға күнделікті қандай сөздерді жиірек айтасыз?

Өзін-өзі бағалауды төмендететін сөздер

  • «Сенің қолыңнан ештеңе келмейді!»
  • «Сен қорқақсың, ал көршінің баласы батыл.»
  • «Сен өте жалқаусың.»
  • «Сен адам болмайсың.»
  • «Сенен ештеңе шықпайды.»

Сенімді күшейтетін сөздер

  • «Оқасы жоқ. Қиындыққа мойымасаң, міндетті түрде жеңіске жетесің.»
  • «Бұл сенің қолыңнан келеді.»
  • «Мен сенің қайратыңа және сана-сезіміңе сенемін.»

Бала кезіндегі сөздер — өмірлік сценарийдің іргетасы

Бала өзінің шағын ортасындағы көзқарастар мен құбылыстарды өте жылдам қабылдайды. Сол әсерлердің негізінде оның «өмірлік сценарийі» қалыптасады. Кейін дәл осы бойына сіңген көзқарастар жүйесі өмірдің күрделі кезеңдерінде шешім қабылдауға тікелей ықпал етеді.

Бір ата-ана «Сен өскенде президент боласың» десе, енді бірі «Сенен адам шықпайды» дейді. Сіз қайсысына жақынырақсыз? Естен шығармаңыз: бұл сөздер баланың дамуына және тағдырына тікелей әсер етеді.

Өзін-өзі бағалау қашан қалыптаса бастайды?

Кішкентай сәби ата-анасы оны қалай бағаласа, өзін солай сезінеді. Сондықтан баланың өзін-өзі бағалауы ересектердің ықпалымен қалыптасады.

Маңызды дерек

Баланың өзін-өзі дұрыс бағалауы шамамен бір жарым жастан бастап қалыптаса бастайды.

Көп ата-ана байқамай-ақ баласының өзін-өзі бағалау деңгейін төмендетіп жібереді. Себебі жиі қайталанатын жағымды немесе жағымсыз сөздер мен әрекеттер баланың санасында бекіп, кейін мінез-құлық пен таңдаулар арқылы «іске асады».

Өзін-өзі бағалауды бәсеңдететін күнделікті тіркестер

Ойланып көріңіз: сіз балаңызға «Сен ештеңе түсінбейсің!», «Тым болмаса үшінші орынды алсаңшы!», «Үш болса да — күш», «Бізге осы да жетеді» сияқты сөздерді жиі айтып, оның сенімділігін төмендетіп жүрсіз бе?

Сенімділікті түсіретін сөздердің мысалдары

  • «Мен саған мың рет айттым.»
  • «Киіміңді былғама.»
  • «Қайтадан құладың ба? Аяғыңның астына қарасаңшы.»
  • «Қашан сенде жауапкершілік пайда болады?»
  • «Егер мені тыңдасаң ғой.»
  • «Емтиханнан төмен балл жинадың ба? Бізге бола береді.»
  • «Көршінің баласындай пысық болу саған қайда!»
  • «Ағаң сенен гөрі математиканы (физиканы т.б.) жақсы оқыған.»
  • «Егер тырыссаң, әпкең сияқты жақсы оқитын (көпшіл, белсенді...) болар едің.»
  • «Қателестің бе? Әй, сен осындайсың ғой.»

Барлық ата-ана баласына жақсылық тілейді, оның бақытты болғанын қалайды. Бірақ сонда неге көптеген бала өзін қорғансыз, бақытсыз сезініп өседі? Мүмкін, ойланбай айтылған ескертулер мен қате әрекеттер баланың өзіне деген сенімін жойып, оны ұяң әрі тұйық қылып жіберетін шығар. Немесе біз бала тәрбиесіндегі маңызды жайттарды әрдайым біле бермейтін шығармыз.

Аңыз: «Өз мақсатыңа берік бол!»

Ерте-ерте ертеде көл жағасына кішкентай бақалар жиналыпты. Олар өзара жүгіруден жарыс ұйымдастырады. Басты мақсат — мұнараның шыңына шығу. Бұл әрекетті біреу маңызды санамаса да, қызық үшін көп көрермен жиналады.

Жарыс басталды. Көрермендердің ешқайсысы бақалардың мұнараның шыңына жететініне сенбеді. Көпшілік арасынан мынадай сөздер естілді:

  • «Бұл өте қиын!»
  • «Олардың шыңға шығуы мүмкін емес!»
  • «Бәрібір құлайсыңдар!»
  • «Мұнара тым биік!»

Кішкентай бақалар бірінен соң бірі құлай бастады. Тек күш жинағандары ғана өрлей берді. Бірақ көрермендер тоқтамады: «Бұл мүмкін емес! Біреуі де шыға алмайды!»

Бақалардың көбі шаршап, құлай берді. Тек олардың біреуі ғана берілмеді. Ақырында сол жалғыз бақа мұнараның ең шыңын бағындырды.

Бәрі таң қалып, «Ол күш-қуатты қайдан алды?» деп сұрады. Сөйтсе, жеңімпаз бақа саңырау екен. Ол көпшіліктің кертартпа пікірін естімеген.

Түйін

Балаңызды өзгелердің кертартпа сөзі мен пікіріне шамадан тыс құлақ салмауға, өзіне сенуге және мақсатына берік болуға үйретіңіз.