Әке мен бала әңгімесін көрсете отырып, түсіндіру
Технологиялық карта
Білім саласы: Қатынас. Бөлімі: Сауат ашу. Тақырыбы: Ғ дыбысы және әрпі.
Мақсаты
- Білімділік: Ғ дыбысы және әріп таңбасымен таныстыру. Ғ дыбысы бар сөздерге дыбыстық талдау жасауға, буынға бөліп оқуға жаттықтыру.
- Дамытушылық: Ойлау және есте сақтау қабілеттерін дамыту. Сауатты, көркем жазуға баулу.
- Тәрбиелік: Еріншектікке жол бермеуге және қанағат ете білуге тәрбиелеу.
Сөздік жұмысы
Қызығушылықты ояту
Жарқырап күнде ашылды,
Айналаға нұр шашылды.
Қайырлы күн! Біз көңілді баламыз!
Қайырлы күн! Біз бақытты баламыз!
Сабақ барысы
1) Ой қозғау
Оқушылар таңдаған сандарының артында жасырынған суретті атайды және тақтаға шығып жазады: ата, ана, апа, нан.
2) «Әке мен бала» әңгімесі
Әңгіме көрінісі арқылы мазмұны түсіндіріледі, негізгі ойы талданады.
3) Сұрақ-жауап
- Әкесі баласына не деді?
- Тағаны кім алады?
- Тағаны кімге береді?
- Ақшаға не сатып алады?
- Бала жол бойы не теріп жейді?
Мақал
Азды қанағат етпесең,
Көптен құр қаласың.
4) Ғ дыбысын таныстыру
Мұғалім сұрақ қояды: «Мынау не, балалар?» Оқушылар: «Таға».
«Таға» сөзін буынға бөлеміз: та-ға. Екінші буынды айтқанда Ғ дыбысы естіледі.
Ғ дыбысы кедергі арқылы айтылады. Сондықтан ол дауыссыз дыбыс. Дыбысты белгілеуде көк текше қолданылады.
Оқушылар «таға» сөзін текшелер арқылы тақтада құрастырып көрсетеді.
5) Суретпен жұмыс: Ғ дыбысының орны
Ғ дыбысының сөз ішінде басында және ортасында келетінін анықтау.
6) Сергіту сәті
Солға, солға түзу тұр.
Оңға, оңға түзу тұр.
Алға қарай бір адым,
Артқа қарай бір адым.
Жоғары, төмен қарайық,
Орнымызды табайық.
7) Оқулықпен жұмыс
- Ғ дыбысының сөздің басында және ортасында кездесетінін нақтылау.
- Сөздерді буынға бөліп оқу: торғай, ғарыш, қарға.
- Берілген сөздерді хормен және жеке оқыту.
- Оқушыларға сөздермен сөйлем құрату.
8) Дәптермен жұмыс: Ғ әрпін жазу
Дыбысты айттық, естідік. Енді Ғ дыбысының таңбасын жазуды үйренеміз. Мұғалім баспа және жазба түрін көрсетеді.
Әріпті алдымен ауада жазып көреміз, содан кейін дәптерде үлгі бойынша жазамыз: Ғғ.
9) «Ойлан тап» ойыны
Әр оқушыға әртүрлі сөздер жазылған карточкалар таратылады. Оқушылар сөздерді оқып, ішінде ғ дыбысы бар сөздерді тақтадағы Ғ әрпінің айналасына топтастырады.