Көріп қабылдау

Қарағанды облысы • Жаңаарқа ауданы • С. Сейфуллин атындағы орта мектеп

Мектеп психологы Шакенов Айбол Төлеубайұлы Қарағанды қаласында өткен «Дарынды балаларға – талантты ұстаз!» атты облыстық байқауда V дәрежелі дипломмен марапатталды.

«Қабылдауда – алданба» тренингі

Бұл тренинг оқушылардың қабылдау үдерісін (көру, есту, сөз арқылы түсіну) тәжірибе арқылы байқатып, күнделікті өмірде иллюзия мен қате түсіндірмелерге еріп кетпеуге дағдыландыруға бағытталған.

Мақсаты

Қабылдаудың түрлерін түсіндіру және қабылдауда алданбау дағдыларын қалыптастыру.

Көрнекіліктер

  • Слайд және иллюзиялар топтамасы
  • «Батыр – Баян» фильмінен үзінді (видеоролик)
  • Қоржындағы үш асық: жасыл, ақ, қызыл
  • «Күн» ойыншығы

Тренинг барысы

Кіріспе

Сәлеметсіздер ме! Бүгінгі «Қабылдауда – алданба» тренингіне қош келдіңіздер.

Танысу жаттығуы

Әр оқушы жүрегіне қолын қойып, өз есімін айтып, бойындағы бір жақсы қасиетін қосып таныстырады: «Менің атым Айбол – адамгершілмін» немесе «Менің атым Мадина – мейірімдімін».

Негізгі бөлім

1) Қабылдау туралы қысқаша түсіндірме

Қабылдаудың түрлері мен оның адам өміріндегі рөлі туралы баяндама оқылады. Мақсат — ақпаратты қандай арна арқылы қабылдап тұрғанымызды ажырата білу және қате әсерлерді уақытында байқау.

2) «Үш асық» ойыны

Қоржындағы үш асық арқылы қабылдаудың әртүрлі қырын тәжірибе жүзінде сезінеміз: көру, есту және вербалды қабылдау. Әр кезеңнен кейін талқылау сұрақтары қойылады.

Жасыл асық

Көру арқылы

Интерактивті тақтадан «Батыр – Баян» фильмінен үзінді көрсетіледі.

Талқылау сұрақтары

  • Көз алдарыңызда не болды?
  • Қалай қабылдадыңыздар?

Қорытынды: бұл — көзді ашып, көру арқылы қабылдау.

Ақ асық

Есту және ішкі елестету

Мұғалім үшке дейін санайды. Оқушылар көзін жұмып, мәтінді тыңдай отырып табиғат көрінісін ішкі елестету арқылы қабылдайды.

Тыңдалым мәтіні (Ш. Уәлиханов):

Қатарынан тізіле шөгіп, күйіс қайырып жатқан түйелер бусанып, зорға дем алады. Тершіген денелерінен сыздықтап көгілдір бу шығады. Бұталардың арасында тұсаулы аттар әр шөптің басын бір шалып, қарғып-аттап жүр. Батар күннің қызыл арай сәулесіне ағаш жапырақтары да, ұшып-қонып жүрген қаздар, қоңыздар мен шыбын-шіркейлер де жалт-жұлт етіп, жүз құбылады. Ыстық аптабы қайтып, мүлгіген табиғат серги бастады. Мың-мыңдаған түрлі шыбын-шіркейлердің ызынынан ауа ығы-жығы болып, тал арасында сайраған шымшықтардың даусы естіледі. Маңайдағы егіннен қиқу салған қаз бен үйрек, бытпылдаған бөдене үні шығады.

Ш. Уәлиханов, «Шығыс Түркістанға саяхат күнделігі», Таңдамалы. Алматы: Жазушы, 1980. 209-бет.

Талқылау сұрақтары

  • Көз алдарыңызға қандай көрініс келді?
  • Қалай қабылдадыңыздар?

Қорытынды: бұл — көзді жұмып, есту және ішкі түсіну арқылы қабылдау.

Қызыл асық

Вербалды қабылдау

С. Сейфуллиннің «Тау ішінде» өлеңі оқылады. Тыңдау арқылы сөздің әсері, ырғақ пен мағына қалай қабылданатыны талданады.

Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп, өлеңдетіп.
Астымда ақ боз атым сылаң қағып,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп.

Ақ боз ат — менің тұлпарым,
Шалқыған көңіл сұңқарым,
Көкірек керіп жұттым мен
Ауаның жазғы жұпарын!

Талқылау сұрақтары

  • Өлең сізге қалай әсер етті?
  • Қандай сөздер немесе бейнелер есте қалды?

Қорытынды: бұл — оқу процесіндегі сөз арқылы (вербалды) қабылдау.

3) «Иллюзиялар» слайдтары

Келесі бөлімде иллюзиялар көрсетілген слайдтар ұсынылады. Мақсат — адамның қабылдауы кейде шатастыратынын байқап, алданбау үшін дәлел іздеу, асығыс қорытынды жасамау және бақылауды күшейту қажеттігін түсіну.

Тапсырма

Ортаға үш оқушы шығады. Олар кезекпен тақтада не бейнеленгенін нақтылап айтып, өз пайымын негіздеуге тырысады. Соңынан жалпы талқылау жүргізіледі: қай сәтте қате қабылдау болды және неліктен?

4) «Келесі кездескенше» қорытынды жаттығуы

Жүргізушінің қолында «ғажайып күн» ойыншығы болады. Ол бүгінгі күнге шуақ шашып, жылылық, қуаныш және бақыт әкелетін символ ретінде беріледі.

Оқушылар «күнді» бір-біріне ұсынып, тренингтен алған әсерлерін бөліседі және топ қатысушыларына жылы тілектерін арнайды.

Тренинг аяқталуға жақын. Біз келесі тренингте қайта кездесеміз деген үмітпен қоштасамыз. Келесі кездескенше — күн жақсы!

Талдау сұрақтары

Рефлексия кезеңінде оқушылар төмендегі сұрақтарға жауап беріп, өз тәжірибесін нақтылайды:

  • Бүгінгі тренинг сізге не берді?
  • Қандай жаңа ақпарат немесе түсінік алдыңыз?
  • Болашақта нені қолданар едіңіз?