Бабалар ерлігі - ұрпаққа үлгі
Өнеге сағаты
Бұл өнеге сағаты батыр бабалардың ерлігін ұлықтауға, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдан мен тылдағы жанқиярлық еңбекті еске алуға арналады.
- Тақырыбы
- Бабалар ерлігі – ұрпаққа үлгі
- Сабақтың түрі
- Театрландырылған сабақ
- Көрнекілігі
- Отан, ерлік, батырлық туралы нақыл сөздер; шарлар; гирляндалар.
Мақсаты
Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр бабаларды және туған жер топырағынан аттанып, Отанын қорғаған ардагер майдангерлерді еске алу.
Оқушыларды Отанды сүюге, қорғауға тәрбиелей отырып, елжандылыққа және адамгершілікке баулу.
Кіріспе
Құрметті балалар! Биыл 1941 жылдың маусымында басталған сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталып, елімізде бейбіт күн орнағанына 70 жыл толып отыр.
Жеңіс — сан миллиондаған адамдар төрт жыл бойы минуттап, сағаттап сарғайып күткен ұлы күн.
Ақыры олардың үміті мен сенімі ақталды, тілегі орындалды. Бірақ бұл Жеңіс оңай келген жоқ.
Жеңіс жолында Отан үшін талай миллиондаған асыл азамат мерт болды. Жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетті. Ана жарынан айырылып жесір атанса, бала әкесінен не анасынан айырылып жетім атанды.
Фашистік тұтқын лагерлерінде қаншама ана мен бала айуандықпен азапталып өлтірілді. Ал тылда қалған қарттар, аналар, бесіктен белі шықпаған балалар соғыстың қайғы-қасіретін арқалай жүріп, бірде аш, бірде тоқ тынбай еңбек етті.
Бірақ ешкімнің сағы сынбады. Отаншылдық рух, қолына қару алып сапқа тұрған сан ұлт өкілдерінің бірлігі мен ерен ерлігі Жеңіс сағатын жақындата түсті.
Туған жерден аттанғандар
Қазақстанда соғыс оты шарпымаған шаңырақ кемде-кем. Біздің туған ауылымыздан да қаншама азамат Отанын қорғауға аттанды. Атап айтар болсақ:
Майдангерлер
- •Манабаев Тәжібай
- •Батырбеков Оразалы
- •Қарынбайұлы Боқай
- •Жолдасбаев Омарбек
- •Тоқтасынов Айтақын
- •Әбдіраманов Шәми
- •Сымайылов Әшір
Тыл еңбеккерлері
Қарынбаева Мейрамхан, Сенкібаева Бейқұт сынды көптеген апаларымыз тылда еңбек етіп, Ұлы Жеңіске өз үлестерін қосты.
«Дәл осынау жадыраңқы жай күні,
Болса-дағы қай ғасырдың қай жылы.
Ұлы Отаным, басымды иіп бір минут,
Есіме алам сол бір апат-қайғыны».
Үнсіздік сәті
Бүгін арамызда аман-есен жүрген ардагер ата-апаларымызға тағзым етіп, қан майданда мерт болған, осы ұлы күнді ұрпағына аманат еткен батырлардың рухына бас иейік.
Тарихтан бір үзік
1941 жылдың 22 маусымы күні таң алдында неміс фашистері елімізге тұтқиылдан соғыс ашты. Сол сәттен бастап совет халқы адам айтқысыз қиын-қыстау кезеңге душар болды.
Қасық қаны қалғанша жаумен жан аямай шайқасқан аталарымыздың ерлігін ешкім де, ешқашан да ұмытпауы керек. 28 панфиловшы батырлар, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев, Әлия мен Мәншүк сияқты қаһармандардың ерлігі — ұрпаққа мәңгілік үлгі.
Қорытынды сөз
1-жүргізуші
Жетпіс жыл болды — бейбіт көктем таң атқалы,
Жетпіс жыл, міне — шуақты күн таратты әнін.
Есімде сонан бері жетпіс мәрте,
Ашылды Жеңіс күннің парақтары.
Бабалар ерлігі — ұрпаққа үлгі.