Конституциясы - Қазақстанның Ата заңы

Мақсаты

  • Балаларға Қазақстан Республикасының Конституциясы және адам құқықтары туралы түсінік қалыптастыру.
  • Оқушыларды өз құқықтары мен міндеттерін білуге үйрету, дербес шешім қабылдау дағдыларын дамыту.
  • Құқықтық сауаттылықты арттыру және Отанын сүйетін, елжанды ұрпақ тәрбиелеу.

Әдісі

Сайыс-сабақ

Кіріспе әңгіме

Сен шыр етіп дүниеге келдің. Сен сияқты қаншама адам өмірге келіп жатыр. Сол адамдардың барлығы ортақ қағидаларға, ортақ тәртіпке бағынады.

Әр елдің, әр мемлекеттің өз азаматтарына арналған Негізгі заңы бар. Ол — Конституция. Айбыны асқақ, атағы әлемге мәшһүр, күн санап өсіп-өркендеп келе жатқан жас мемлекетіміз — Қазақстан да осы құқықтық іргетасқа сүйенеді.

Қазақ елі талай сыннан өтті: ғасырлар бойы шапқыншылық та, алмағайып өзгеріс те аз болған жоқ. Соған қарамастан ата-бабамыз екі құндылықты мәңгілік сақтап қалды: Сөз құдіреті және Заң құдіреті.

Ел басқарудың озық үлгілері қазақ тарихында бұрыннан бар. «Қасқа жол», «Ескі жол», «Жеті жарғы» — соның айқын дәлелі.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданды. Ал қазіргі Конституция 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы бекітілді. 30 тамыз — мемлекеттік мереке, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып жарияланды.

Сабақтың құрылымы

  1. I Тәуелсіз елдің тұғыры — Ата Заң
  2. II Ата Заңым — мақтанышым, қорғаным
  3. III «Құқығыңды білесің бе?» — сұрақ-жауап
  4. IV «Қазағым, қанша айтсам да, таусылмайды ғажабың» — мақал-мәтелді жалғастыру
  5. V «Тамсантып тілін, тұлпарым, білімге ұмтыл, ұрпағым» — жағдаяттық сұрақтарға жауап

Негізгі ойлар

Конституция — тәуелсіздіктің айғағы

Ата Заң — еліміздің азаттығының айнымас айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ол — мемлекеттігіміздің алтын арқауы, жетістіктеріміздің бастауы.

Түйін:

Конституция — асқақ абырой, кемел келешектің кепілі.

Мемлекетті қалыптастырған маңызды кезеңдер

  • Ата Заңның қабылдануы
  • Мемлекеттік рәміздердің бекітілуі (Ту, Елтаңба, Әнұран)
  • Ұлттық валюта — теңгенің енгізілуі

Қоғамдық келісімнің негізі

Қазақстанда әрбір азамат өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қоғам қалыптасты. Бұл тәжірибе бүгінде әлем жұртшылығына үлгі болып отыр.

теңдік татулық тұрақтылық

Құрылымы мен мәні

Қазіргі Конституция — Қазақстанның төртінші Ата заңы (1937, 1978, 1993, 1995). Ол кіріспеден, 9 бөлімнен, 98 баптан және көптеген тармақтар мен тармақшалардан тұрады.

Конституция — барлық заң салаларының негізі. Ол қоғамдық және мемлекеттік құрылыс қағидаларын, мемлекеттік органдар жүйесін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

Ортақ жауапкершілік

«Қазақ елі» монументі — бабаларымыздың Мәңгілік ел орнату идеясын айшықтайтын белгі. Ол өткен мен бүгінді, мұрат пен арманды жалғайтын символ ретінде ел санасында орнықты.

Конституция тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Сондықтан ортақ парызымыз — негізгі заңға құнттылықпен қарау, оны өз Отанымызды, өз тарихымызды құрметтегендей құрметтеу.

Әрбір қазақстандық үшін Конституцияның мәнін бағалай білу маңызды: ол мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, әр адамның өзі, отбасы және балалары үшін де өмірлік бағдар. Тәуелсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылық — басты құндылықтар; оларды қорғау — баршамыздың міндетіміз.

Пікір алмасу

Бүгінгі тәрбие сағатында оқушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, Конституцияның қоғам өміріндегі орнын, құқық пен міндеттің үйлесімін талқылайды.

Ата Заңнан бірнеше бап

7-бап, 1-тармақ
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі.
9-бап

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — Туы, Елтаңбасы және Гимні бар.

Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.

14-бап
Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
27-бап

1) Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.

2) Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.

3) Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.

Ата Заң — қоғамдағы тәртіп пен әділеттің тірегі. Оны білу — құқықты қорғаудың, міндетті адал атқарудың және саналы азамат болып қалыптасудың маңызды шарты.