Жігіттің қылығын қалай бағалайсыңдар
Сабақ барысы
Сәлеметсіздер ме, балалар! Сендермен кездесуге қуаныштымын. Бүгінгі күн біз үшін қызықты да, қуанышты да болады деп сенемін.
Ұйымдастыру кезеңі
Сабақ басталар алдында сыныпта тыныштық пен ішкі жинақылық қалыптастырылады.
Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестету
Күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі бар. Ол нұрдан баяу ашылып, балғын әрі таза әсем гүлге айналады. Гүл әр ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңызды және тілек-ниетіңізді тазартып, жүрегіңіздің қауызын ашады.
Нұрдың таралуы
Нұр денеңізге ақырын тарайды да, біртіндеп күшейе түседі. Оймен нұрды қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз сәуле шашып, тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға да тарайды: олар сізді жақсылық жасайтын жақсы жерлерге апарады.
Сөз бен тыңдау мәдениеті
Нұр аузыңызға, тіліңізге тарасын: тіліңіз тек шындықты және ізгі сөзді айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз: құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді естиді.
Көзқарас пен ой тазалығы
Нұр көздеріңізге де жетсін: көздеріңіз тек жақсыны көріп, әр нәрседен жақсылық табады. Басыңыз түгелдей нұрға толып, санаңызға ізгі, сәулелі ойлар келеді.
Нұрды тарату
Нұр бірте-бірте қарқын алып, денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсінбеушілік болып, ренжісіп жүрген адамдарға да нұр жолдаңыз: олардың жүрегі нұрға толсын.
Нұр бүкіл әлемге — барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тіршілік иесіне таралсын. Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз.
Ойша айтыңыз:
«Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын.»
Нұр, махаббат және тыныштық күйінде біраз отырыңыз. Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы әлем жүрегіңізде сақталсын. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.
Шаттық шеңбері
Оқушылар таныс «достық шеңберіне» тұрып, өзара сенім мен қолдауды сезінеді. Бұл кезеңде әркім өз бойындағы қасиеттерге назар аударып, өзін бағамдап, өзгеге жылы сөз айтуға ниеттенеді.
Әңгімелесу
Әдеп, әдеп сақтау, әдептілік ұғымдарының мәнін ашып, олардың адам өміріндегі маңызы талқыланады. «Ойланайық, пікірлесейік» бөліміндегі сұрақтар арқылы пікір алмасу ұйымдастырылады.
Талқылау сұрақтары
- Әдеп, әдеп сақтау, әдептілік деген не?
- Әдептілік адамның іс-әрекетінде қалай көрінеді?
- Адамның әдепті екенін қалай білуге болады?
- «Әдептілік — әдемілік» дегенді қалай түсінесіңдер?
Мәтінмен жұмыс
«Тістелген алма» (ел аузынан)
Мәтін бөліктерге бөлініп, әр топ өз бөлімі бойынша сұрақтар құрастырады. Соңында оқушылар негізгі мазмұнын қысқаша баяндап береді.
Топтық талқылау
- Жігіттің қылығын қалай бағалайсыңдар?
- Бақ иесінің жігітті ұнату себебі неде?
- Жігіт пен бақ иесінің қызының қандай ортақ қасиеттері бар?
Ойын: «Бір-бірімізді мадақтайық»
Оқушылардың сыныптағы құрбыларымен жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту үшін ойын ұйымдастырылады. Бұл ойында әр бала өзгелерден жақсы сөз естіп, қолдау мен құрметті сезінуге мүмкіндік алады.
Дәйексөзбен жұмыс
Оқулықтағы дәйексөз талданып, оның сабақтың негізгі ойымен байланысы анықталады.
Адамда жақсы қасиет болмаса,
Оған бақ та, бақыт та қонбайды.
Тапсырма
Нақыл сөзді оқып, негізгі ойды анықтаңдар. Оны бүгінгі өмірмен байланыстырып, қорытынды жасаңдар. Мақсат — логикалық ойлау тәсілдерін қолдана отырып, ізденісті күшейту.
Нақыл сөз
Ізгі мінез, түзу құлық болғанда,
Пайда түгіл екі бірдей жалғанда.
Екінші — ұят, сосын шындық — үшінші,
Үшеуімен ел көгерер, түсінші.
Биязыны халық сүйіп, ұғады,
Ісі түзу кісі төрге шығады.
Түйіндеме
Мұғалім сабақ бойы қарастырылған ойларды жинақтап, жүйелейді. «Назар аударайық» айдарындағы негізгі ақпарат талданып, оқушылар өз түсініктерін нақтылайды.
Дәптермен жұмыс
Оқушылар дәптерде «Менің түйгенім» тапсырмасын орындап, сабақтан алған білімін қорытындылайды және өз ойларын жинақтайды.
Үй тапсырмасы
«Әдептілік — әдемілік» тақырыбында эссе жазу.
Соңғы тыныштық сәті
Баяу музыка қосылады. Көзімізді жұмып, тыныштықта бүгінгі сабақты еске түсіреміз. Бүгін меңгерген қасиеттерді жүрегімізге жеткізіп, сақтаймыз. Енді көздеріңді ашсаңдар да болады.
Жүректен жүрекке
Сабақ соңында мұғалім оқушылармен бірге шеңберге тұрып, А. Асылбековтің «Мен әдепті боламын» өлеңін хормен айтады. Бұл сәт бірлік пен ізгі ниетті нығайтып, күннің негізгі құндылығын бекітеді.