Қандай дыбыстар

Сабақ тақырыбы: «Әріптер сыры»

Бұл сабақ — балалардың жыл бойы сауат ашу пәнінен меңгерген білімін жүйелеп, мектепке дайындығын көрсетуге арналған қайталау сабағы. Оқушылар тапсырмаларды орындау арқылы тақтадағы құпия сөздің шешуін табады.

Сабақтың мақсаты

  • Жыл бойы алған білімдерінің сапасын анықтау.
  • Өткен дыбыстарды қайталау; дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажырату.
  • Сөзді буынға бөліп, тұтас оқуға жаттықтыру.
  • Байланыстырып сөйлеу қабілетін дамыту.
  • Сөзге дыбыстық талдау жасау дағдысын қалыптастыру; ой-өрісті дамыту.
  • Шығармашылықпен өз бетінше жұмыс істеуге баулу.
  • Зейінділікке тәрбиелеу, тез ойлау қабілетін дамыту.

Көрнекіліктер

  • Үлестірмелі материалдар
  • Суретті тапсырмалар
  • Карточкалар, ребус, сөзжұмбақ
  • Дыбыстық текшелер (дауысты/дауыссызды белгілеуге)

Әдіс-тәсілдер

әңгімелеу сұрақ-жауап ойын жеке және топтық жұмыс

Сабақ құрылымы тапсырмалар арқылы бірізді түрде құрылады: дыбыс → буын → сөз → сөйлем.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру

Балалар, бүгін біз жыл бойы сауат ашудан үйренгенімізді қайталап, мектепке дайын екенімізді көрсетуіміз керек. Ол үшін мен сендерге бірнеше тапсырма дайындадым. Әр тапсырманы дұрыс орындасаңдар, тақтадағы жазулы құпия сөздің шешуін табамыз.

Ертегі: «Дыбыстар болған екен…»

Баяғыда бір үйшікте көптеген дыбыстар өмір сүріпті. Ол үйшік — біздің ауыз қуысымыз. Үйдің төбесі — жоғарғы таңдай, едені — төменгі таңдай, есігі — еріндер. Есіктің берік болуы үшін «сүйек шарбақтар» — тістер де бар екен.

Бәрі жақсы болар еді, бірақ үйдің ішіне ашулы айдаһар кіріп, кейбір дыбыстарды емін-еркін өткізіп жіберіпті. Олар қызыл киім киіп алыпты. Ал басқа дыбыстарға кедергі жасапты: есікті жауып қояды немесе қоршау жасап тастайды. Олар еркін шыға алмағандықтан көк көйлек киіпті.

Сұрақ

Мен не туралы айтып тұрмын?

Жауап: дыбыстар, сөз, сөйлем туралы.

2) 1-тапсырма: Адасқан әріптердің «үйін» табу

Дымбілмес бір күні орманға серуенге барады. Орманға жақындағанда жағымсыз дауыстар естиді. Дыбыс шыққан жаққа барса, қызыл және көк көйлек киген әріптер өз үйлерін таба алмай жүр екен. Олар Дымбілместен көмек сұрайды. Ал Дымбілмес «мен білмеймін, білетін балалардан сұрап келейін» дейді.

Ендеше, біз әріптерге көмектесіп, оларды өз «үйлеріне» жеткізейік: әріптің қандай дыбыс екенін анықтаймыз.

Талқылау сұрақтары

  • Дыбыс дегеніміз не?
  • Дыбыстар неше топқа бөлінеді?

Нәтиже

Балалар тапсырманы орындап болған соң, құпия сөздің 1-әрпі ашылады.

Дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбыс бірігіп айтылғанда, ауыздан қысылмай, еркін шығады. Байқап көрейік:

ма ша ла ра пи ре ме ке ға

Қорытынды сұрақ

Екі дыбыстан не құрап айттық?

Жауап: буын. Буын — сөзді бөліктерге бөліп айту.

3) 2-тапсырма: Буындарды оқып, сөз құрастыр

«Жарқыра, күн!» ойынын ойнаймыз. Көзімізді жұмамыз, қайта ашқан кезде күннің суреті көрінеді. Күннің бетінде және сәулелерінде буындар жазылған. Сол буындардан сөз құрастырайық.

Тапсырма орындалған соң құпия сөздің 2-әрпі ашылады.

4) 3-тапсырма: Сөзге дыбыстық талдау жаса

Алдарыңдағы тапсырмада заттық суреттер берілген. Әр заттың атауы қай әріптен басталатынын тауып жазасыңдар. Нәтижесінде сөз шығады. Содан кейін дыбыстың түрін дыбыстық текшелермен белгілейсіңдер.

Тексеру сұрақтары

  • Сөзде неше дыбыс бар?
  • Қандай дыбыстар бар (дауысты/дауыссыз)?
  • Сөз неден тұрады?

5–6 оқушыға жазған сөзін оқытылып, талдатылады. Тапсырма орындалған соң құпия сөздің 3-әрпі ашылады.

Қосымша жұмыс: сөздердің бас әріптерін жазып, сөздерді оқимыз (тақтада орындау).

5) 4-тапсырма: Сөйлем құрастыр

Сұрақтар

  • Балалар, сөзден не құрап айтамыз?
  • Сөйлем дегеніміз не?

Ойын

«Кім шапшаң сөйлем құрайды?» Оқушыларға жеке карточкалар таратылады. Әр бала сөйлем құрап оқиды.

Тапсырма орындалған соң құпия сөздің 4-әрпі ашылады.

Сергіту сәті

А деген — ана ғой,

Ана деген — дана ғой.

Б деген — бала ғой,

Жұмсаса, анаң бара ғой.

Бала, бала — баламыз,

Бақшамызға барамыз.

Күні бойы қызыққа

Батамыз да қаламыз.

Өте жақсы! Енді ойынды жалғастырайық.

6) 5-тапсырма: Ребусты шеш

Ребусты шешкенде халық туралы нақыл сөз шығады. Оқушылар ребусты шешеді.

Тапсырма орындалған соң құпия сөздің 5-әрпі ашылады.

7) 6-тапсырма: Түсіп қалған әріпті тап

Үлестірмелі карточкалардағы сөздерді оқып, түсіп қалған әріпті табамыз.

Тапсырма орындалған соң құпия сөздің 6-әрпі ашылады.

8) 7-тапсырма: Сөзжұмбақты шеш

Оқушылар сөзжұмбақты шешеді.

Тапсырма орындалған соң құпия сөздің 7-әрпі ашылады.

9) 8-тапсырма: Тақпақты сурет арқылы оқы

Көктемде төрт түлік мал төлдейді, құстар жұмыртқалап балапан шығарады. Көктем — жаңа өмірдің бастауы. Ендеше, суретке қарап өлең жолдарын оқып көрейік.

Тапсырма орындалған соң құпия сөздің 8-әрпі ашылады.

Қорытынды: Құпия сөз — «АТАМЕКЕН»

Тақтада «АТАМЕКЕН» сөзі толық ашылады. Бұл сөздің мағынасы — Отан, туған жер.

Енді «атамекен» сөзіндегі әрбір әріптің де өз айтары бар. Кім оқып береді? (Бірнеше оқушыға оқытылады.)

Қорытынды сөз:

Сабаққа бәрің де белсенді қатыстыңдар. Көп рақмет!