Көңіл - күй аялдамасы

Сабақтың тақырыбы: «Балалар елі»

Жылдық қорытынды сабақ Ойын • Еңбек • Білім • Спорт • Өнер • Кітап

Мақсаты

  • Балалардың жыл бойы алған білімдерін жүйелеп, бекіту.
  • Тапсырмаларды орындау барысында нақтылыққа және аңғарымпаздыққа тәрбиелеу.
  • Білімге деген ынта-жігерін арттырып, дағдылары мен іскерліктерін қалыптастыру.

Ертегі түріндегі сабақ желісі

Бастау: Балалар елі

Ерте, ерте, ертеде «Балалар елі» деген бір ел болыпты. Бұл елдің алдына қойған нақты мақсаты болмай, жұпыны тіршілік кешкен көңілсіз күндері көп екен. Тіпті күнделікті өмірінде қызық та аз болыпты.

Ойын патшалығы келеді

Ойын

Күндердің күнінде Балалар елін Ойын атты патшалық бағындырып алыпты. Ойын келген бетте-ақ балалардың көңілі көтеріліп, ел бірден жандана түсіпті.

Шеңберге тұруға шақыру

Шеңбер болып тұрайық жылы жүзбен, Бізге келсін қуаныш, нұр іздеген. Шуақ толған жанымыз, жүрегіміз, Үлгі алсын көрген жан мына бізден.

Психологиялық ойын

«Көңіл-күй аялдамасы»

Ойынның шегі: Еңбек шақырылады

Еңбек

Уақыт өте келе балалар тек ойынға беріліп кетіпті. Тіпті кейбірі тамақ ішіп, бір ауық тынығып алу керектігін де ұмытады екен. Сонда ата-аналар ақылдасып, балаларға тепе-теңдік әкелетін күшті — Еңбекті шақырыпты.

Еңбектің өсиеті

Гүл өсірсең терлеп, Оның аты — еңбек. Кесте тіксең зерлеп, Оның аты — еңбек. Қиындықтың бәрін Еңбек қана жеңбек.

Сөздік ойын

«Тігеміз бе, байлаймыз ба, сүртеміз бе, қадаймыз ба?»

Еңбек:

Былғанса егер пальтомыз, қайтеміз?

Балалар:

Ысқылаймыз, жуамыз, тазартамыз, сүртеміз.

Еңбек:

Үзіліп қалса түймеміз, не істеуді білеміз?

Балалар:

Қайта орнына қадаймыз, дайын жіп пен инеміз.

Еңбек:

Тарқатылды бантигім, қиям ба екен артығын...

Қыздар:

Жоқ, қия алмаймыз — әдемілеп байлаймыз.

Еңбек:

Жыртып алдым жейдемді, байлауға ол келмеді.

Балалар:

Амалын біз білеміз: бүгеміз де тігеміз.

Еңбек: Бәрекелді! Әрлеңдер, көнермесін салтымыз. Балаларды сендердей ісмер, — дейді халқымыз.

Жетіспегені — оқу: Білім келеді

Білім

Ойын мен еңбек пайдалы болғанымен, ел өміріне бір нәрсе жетіспейтіндей көрінеді. Балалар ойнап шынықса да, еңбекпен бейімделсе де, өмірдің сырын терең түсіне бермейді. Ата-аналар ақылдаса келе, жетіспейтін нәрсе — оқу екенін ұғыпты.

Оқуға шақыру

«Кел, балалар, оқылық» — Ы. Алтынсарин.

Білім балаларды оқуға, жазуға, санауға және есептеуге үйрететінін айтып, өз патшалығына шақырады.

Дидактикалық ойындар

  • «Жануарларды өз вагонына орналастыр»
  • «Арманға сөйлем құрастыруға көмектес»
  • «Кроссвордтың шешімін тауып жаз»
  • «Криптограммалардың шешімін тап» (жеке жұмыс)

Сергіту сәті: Спорт

Спорт

Білім алып, ой еңбегінен шаршаған балаларды сергіту үшін мейірбан жан келіпті. Оның аты — Спорт.

Спорттың үндеуі

Спортпен айналыс, Сұлулық сыйлаған. Сол бізге пайдалы іс, Сауық пен кинодан.

Спорт балаларға жаттығу жасаудың денсаулықты нығайтып, көңіл күйді сергек ұстайтынын түсіндіреді. Сергіту ретінде «Қара жорға» буын биі биленеді.

Шығармашылық әлемі: Өнер

Өнер

Спортпен тұрақты айналысқан баланың денсаулығы мықты, көңіл күйі сергек, денесі сымбатты болады. Мұны көрген Өнер де балаларды баулуға белсене араласып кетіпті.

Өнер патшалығында балалар сөз өнеріне, сурет салуға, қағаздан түрлі бұйым жасауға үйренеді.

Қыз бен ұл айтысы

Ұл

Домбырам басы ырғайды, Қыздар қолын бұлғайды. Шақырғанда бармасаң, Көк шешек деп қарғайды.

Қыз

Домбырам басы ырғайды, Ұлдар қолын бұлғайды. Бұлғаса да бармаймын, Әлде не деп қарғайды.

Ұл

Ол қарғысың өзіңе, Екі қара көзіңе. Қыз қарғысы өтпейді, Маған тіпті жетпейді.

Қыз

Бала, бала, қырт бала, Аузымдағы құрт бала. Сол құртыңнан бермесең, Тесіп шықсын ұртыңнан.

Ұл

Қыздар, қыздар, құртыңнан, Қуып келдім жұртыңнан. Сол құртыңнан бермесең, Тесіп шықсын ұртыңнан.

Қыз

Кәмпитімнен бермеймін, Енді саған ермеймін. Жалынсаң да мың рет, Маңайыңа келмеймін.

Өнер: Мен енді сендерді шеберханама шақырамын. Өз өнерлеріңді көрсетіңдер!

Балалар шеберханада сурет салады, оригами мен коллаж жасап, шығармашылық бөлім бойынша үйренгендерін ортаға салады.

Қорытынды: Кітаптың келуі

Кітап

Бір кезде балалармен амандасып, Кітап келеді. Ол өзін қайырымды қарт ретінде таныстырып, ел аралап жүретінін айтады. Кітап арқылы өмір қызықты болатынын түсіндіреді. Өйткені кітап — өнер, спорт, еңбек, оқу, ойынмен бірге ажырамас дос.

Ойын

«Кім көп біледі?»

Балалар өнер, еңбек, спорт, білім, ойын және кітап туралы мақал-мәтелдер айтып жарысады.

Сабақ соңында Кітап балаларға кітап сыйлап, оқу мен ізденіске жаңа қадам жасауға жігер береді.