Жүру барысы
Менің отбасым
Бұл ой-толғаудың мақсаты — отбасындағы сыйластықты, адамгершілікті, инабаттылықты нығайту. Үлкенді үлгі тұтып, кішіні мақтан етіп, отбасы бірлігін сақтауға, ата-ана алдындағы парызды өтеуге, елінің жақсы азаматы болып өсуге, жанұяның мақтаны болуға тәрбиелеу.
Психологиялық дайындық
Қайырлы күн!
Үлкенге де — сіз,
Кішіге де — сіз.
Ата-ананы құрметтеп,
Бас иеміз біз!
Әнұран-үндеу
Армысыз, мейірімді Жер-Ана!
Бәріміз дос болайық!
Бәріміз тату болайық!
Бүгін біз ғажайып бір әлемге саяхат жасаймыз. Ол — кішкентай ғана шағын мемлекет. Оның аты — Отбасы.
Бұл мемлекет қандай болады? Әдетте адамдар: бақытты, тату, өнерлі, үлгілі деп сипаттайды.
Тәрбиеге бастайтын шағын әңгіме
Саябақта әкесі мен баласы серуендеп жүреді. Әкесі баласынан: «Балам, мынау ненің дауысы?» — деп сұрайды.
Бала: «Құстың дауысы» — деп жауап береді.
Сәлден соң әкесі қайта сұрайды. Бала тағы да сол жауапты қайталайды. Әкесі үшінші рет сұрағанда, бала шаршап әрі ренжіп: «Құс, құс! Өзім шаршап келе жатқанда, неге сұрай бересіз?» — дейді.
Сонда әкесі: «Балам, сен кішкентай кезіңде мен жұмыстан шаршап келсем де, сенің “Анау не?”, “Мынау не?” деп күніне жүз рет сұрағаныңда, бетіңді қайтармай, әр сұрағыңа жауап беретінмін» — дейді.
Ойлануға арналған сұрақтар
- Әке баласына не үшін ренжіді?
- Сен әкеңе қалай жауап берер едің?
- Кейде «әкемді (не анамды) ренжітіп алған жоқпын ба?» деген ой мазалай ма?
Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейірім мен шапағаттың бір қайнары — әке. Халқымыз: «Әке — асқар тау» дейді.
Ата мен әже — отбасының тірегі
Тақпақ
Сандуғаш:
Әжемдей данадан,
Ертекке қанамын.
Шақырса даладан —
Жүгіріп барамын.
Тақпақ
Шахислам:
Атам айтса «Ұлым» деп,
Әжем айтар «Күнім» деп.
Екеуінен қаймығып,
Әкем айтар «Інім» деп.
Хор
«Анажаным»
Ата-ана туралы ой
Тақпақ
Әсел:
Кім сендерді, балалар, үйрететін,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетін?
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең бейбақ дамылсыз жүретін.
Тақпақ
Нұрдәулет:
Кім сендерді, балалар, тербететін,
Еркелетіп, ойнатып сергітетін?
Жалқау болсаң, жаман болсаң —
Қамқор анаң көз жасын көлдететін.
Тақпақ
Дина:
Кім сендерді сағынар, шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең?
Ұмытпа, ең кемі айына бір рет,
Хат жазып тұр — мерейі көкке жетсін.
Тақпақ
Мейірбек:
Кім сағынар сендерді, келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтып келгенде адам болып —
«Еш арманым болмас» дер өмірше.
Хор
«Әже туралы»
Отбасы туралы мақал-мәтелдер
- Өз үйім — өлең төсегім.
- Үй ішінен жау шықса, тұра қашып құтылмассың.
- «Сіз» бен «біз» деген жылы сөз ағайынға жарасар.
- Қазаны басқа — қайғысы басқа.
- Ата — баланың қорғаны.
- Атаға баланың алалығы жоқ.
- Балам — балам, баланың баласы — жаным.
- Атаның көңілі — балада, баланың көңілі — далада.
- Балалы үй — базар, баласыз үй — қу мазар.
Жұмбақтар
Ала таяқ ұстаған,
Жол тәртібін нұсқаған.
Өміріңді күзеткен,
Ысқырығы күшті екен.
Жауабы: Полицей
Арқан байлап беліне,
Шымырлықпен бекіне.
Өрмелейтін қай өрең —
Шыңның шырқау шегіне.
Жауабы: Альпинист
Өнерге тән жаратқан,
Көкірегі кең аспан.
Барша жұртты қаратқан,
Бейнегер кім тым асқан?
Жауабы: Бейнегер (суретші)
Ол жетсе ауылға —
Самсаған жұлдыз торабы
Нұр шашып тұрады.
Жауабы: Электрик
Шеңберге тұру әні
Ортаға келіп тұрайық,
Шеңберді біз құрайық.
Көріскенше күн жақсы,
Сау-саламат болайық!
Үш тірек: білу, түсіну, іске асыру
Білу керек
Ата мен әже — отбасының тірегі. Оларды сыйлау — әр баланың міндеті.
Түсінуге тиіс
Ата, әже, әке, ана, ұл, қыз — бәрі бірігіп отбасы ұғымын құрайды.
Істей білу керек
Біздің кішкентай жүрегіміз бәрін жақсы көреді. Сол мейірімді сөзбен, іспен көрсете білейік.
«Жұмбақтың шешуі — ана»
Бірде көп балалы ана ұлдарына былай дейді: «Мен сендерге жұмбақ жасырайын. Егер бір адам сендерді тоғыз ай бойы “абақтыға” жауып қойса, содан соң аузыңа өкпе тықса, арқаңды ағашқа таңса — оған не істер едің?»
Тұңғыш баласы
«Оның басын балтамен шабар едім».
Екінші баласы
«Оны мылтықпен атар едім».
Үшінші баласы
«Оның мұрнын бұзар едім».
Кенже баласы
«Жоқ, ана. Бұларың — ақылсыздық. Мен ол адамды аялап, өлгенше алақаныма салып бағар едім. Өйткені ол — мені жаратушы, жарық дүниеге әкелуші адам. Сіз бізді тоғыз ай көтердіңіз, өмір сыйладыңыз. Таза жатсын деп ағаш бесікке бөлеп өсірдіңіз. Бұл жұмбақтың шешуі — ана».
Халқымыз: «Ана — сая бағың, әке — асқар тауың» дейді. Демек, жанұяның қос тірегі — әлпештеген әке мен аялаған ана. Оларды құрметтеу — ең асыл парыз.
Қорытынды
Жанұяның қуанышы — бала. Ал жанұяның бәйтерегі — ата, әже, әке, ана. Бала — солардан тәлім-тәрбие, өнеге алатын ұрпақ.
«Жүректен жүрекке» шеңбері
Шеңберге тұрып, әрқайсымыз өз отбасымыздың жақсы қасиеттерін айтып, шеңбер бойымен жүрейік. Айтылған ізгі тілектер әр отбасыға дарысын. Отбасыларыңның шамшырағы болып жана беріңдер.