Толқын ұзындығын табыңдар
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылы, Краснояр орта жалпы білім беретін мектебі
Физика пәнінің мұғалімі: Елемесова Гаусар Нағидоллақызы
Сабақ тақырыбы
Дыбыс. Дыбыстың сипаттамалары
Мақсаты
Білімділік
- Дыбыс толқындары туралы түсінік беру.
- Дыбыстың негізгі сипаттамаларын түсіндіру.
- Музыкалық дыбыстарды қарапайым мысалдар арқылы көрсету.
Тәрбиелік
- Ұлттық өнерге баулу.
- Дыбыстың адам өміріндегі маңызын ашу.
Дамытушылық
- Пәнге қызығушылық пен қабілетті дамыту.
- Білімді өмірмен байланыстыра отырып, танымды кеңейту.
Сабақ әдістері
Түсіндіру, баяндау.
Көрнекілік құралдар
Слайд, камертон, интерактивті тақта.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру
- Оқушылардың құрал-жабдықтарын тексеру.
- Зейінді сабаққа аудару.
- «Атом–молекула» ойыны арқылы оқушыларды топқа бөлу.
II. Үй тапсырмасын тексеру
1) «Стикердегі диалог»
Оқушылар екі топқа бөлінеді. 5 сұрақ беріледі: бір топқа сұрақтар, екінші топқа жауаптар таратылады. Оқушылар өз жұбын тауып, қатар тұрады.
- Тербелістердің серпімді ортаның бір бөлшегінен екінші бөлшегіне таралу процесі механикалық толқын деп аталады.
- Бөлшектердің тербелісі толқынның бағытына перпендикуляр бағытта жүзеге асатын толқын көлденең толқын деп аталады.
- Бойлық толқын — бөлшектердің тербелісі толқынның таралу бағыты бойымен жүзеге асатын толқын.
- Толқын ұзындығы — периодқа тең уақыт аралығында толқын таралатын қашықтық.
- Толқын жылдамдығы — толқын ұзындығының тербеліс периодына қатынасы арқылы анықталатын физикалық шама.
III. Қызығушылықты ояту
Оқушыларға әртүрлі музыкалық аспаптардың үні және жануарлар дыбыстары бар аудиожазба тыңдатылады. Тыңдалым негізінде оқушылар бүгінгі сабақтың тақырыбын анықтайды.
IV. Жаңа сабақ
Статикалық тепе-теңдік (мысал: домбыра)
Домбыра төрде ілулі тұрғанда немесе оны шертпей жай ғана қолға алғанда, оның барлық бөліктері өзара тепе-теңдікте болады. Ал ішекті шерткенде белгілі бір үн естіледі.
- Тепе-теңдікте тұрған ішекті шертіп, тербеліс тудырамыз.
- Ішектің тербелісі ауа арқылы құлаққа жетеді.
- Көзге көрінбесе де домбыраның беттік тақтайы күрделі тербеліске ұшырайды.
Дыбыстың пайда болуы
Дыбыс ауада таралып, тербеліс тудырады. Демек, денелердің тербелісі — дыбыстың пайда болуының негізгі себебі.
Адам еститін диапазон
Жиілігі 16 Гц-тен 20 000 Гц-ке дейін болатын механикалық толқындар адамда дыбыс әсерін туғызады. Мұндай толқындар дыбыс толқындары немесе акустикалық толқындар деп аталады.
- 20 000 Гц-тен жоғары — ультрадыбыстар.
- 16 Гц-тен төмен — инфрадыбыстар.
Дыбыстың таралуы
Ауада тарайтын дыбыс толқындары бойлық толқындар болып табылады. Дыбыс әртүрлі ортада тарала алады және әр ортада белгілі бір жылдамдықпен таралады.
Жарық (ауада)
300 000 км/с
Найзағай жарқылы бірден көрінеді.
Дыбыс (ауада)
330 м/с
Күн күркіреуі кейінірек естіледі.
Түйін
Найзағайды алдымен көріп, кейін есту — жарық пен дыбыс жылдамдықтарының айырмасына байланысты.
Музыкалық дыбыс және шу
Музыкалық дыбыстар
Камертон немесе басқа да гармониялық тербеліс жасайтын денелер шығаратын дыбыстар.
Шу
Әртүрлі жиіліктегі дыбыстардың ретсіз қабаттасуы.
Дыбысты сипаттайтын физикалық шамалар
Дыбыс қаттылығы
Дыбыс шығаратын дененің тербеліс амплитудасымен анықталады.
Тонның биіктігі
Тербеліс жиілігімен анықталады.
Тембр
Адам дауысына немесе аспап үніне өзіндік «бояу» беретін дыбыстың сапасы.
V. Жаңа сабақ бойынша түсінігін тексеру
5.1) Тест жұмысы (5 минут)
-
Жиілігі 16 Гц-тен төмен дыбыстар қалай аталады?
- A) инфрадыбыстар
- B) акустикалық дыбыстар
- C) ультрадыбыстар
- D) толқындық дыбыстар
-
Адам құлағы қабылдайтын дыбыс толқындарының жоғары жиілігі қандай?
- A) 20 000 Гц
- B) 200 000 Гц
- C) 200 Гц
- D) 2 Гц
-
Дыбыс қаттылығы немен анықталады?
- A) осциллограф
- B) дыбыс зорайтқыш
- C) камертон
- D) генератор
-
Дыбыс қаттылығы қандай шамаға тәуелді?
- A) тонның биіктігіне
- B) тербеліс амплитудасына
- C) тербеліс жиілігіне
- D) таралу жылдамдығына
-
Дыбыс қаттылығының өлшем бірлігі қандай?
- A) метр
- B) герц
- C) м/с
- D) децибел
-
Ауадағы дыбыстың таралу жылдамдығы:
- A) 330 м/с
- B) 50 м/с
- C) 1480 м/с
- D) 5600 м/с
-
Ұшақтың көтерілу кезіндегі дыбыс қаттылығы:
- A) 100 дБ
- B) 50–60 дБ
- C) 120 дБ
- D) 10 дБ
5.2) Есептер шығару
26-жаттығу: №2, №3
- Жиілігі 510 Гц дыбыс көзінен толқын ауада 340 м/с жылдамдықпен таралады. Толқын ұзындығын табыңдар.
- Бақылаушы найзағайдың жарқылын көрген мезет пен күннің күркіреуін естіген мезет арасындағы уақыт 10 с. Найзағай бақылаушыдан қандай қашықтықта жарқылдаған? Ауадағы дыбыс жылдамдығын 343 м/с деп алыңдар.
Қосымша есептер
- Толқын ұзындығы 2 м, бөлшектердің тербеліс периоды 0,2 с. Толқын қандай жылдамдықпен тарайды?
- Бөлшектердің тербеліс жиілігі 0,6 Гц, толқынның таралу жылдамдығы 12 м/с. Толқын ұзындығын табыңдар.
VI. Сабақты бекіту
Домбырамен және күйсандықтан бір нотаны орындату.
Сұрақ
Осы аспаптардың шығаратын дыбыс жиіліктері бірдей ме?
Жауап
Жиіліктері бірдей болуы мүмкін, бірақ тембрі әртүрлі болады. Тембріне қарай музыкалық аспапты немесе сөйлеп тұрған адамды ажыратуға болады. Яғни, дыбыс көзі тембр арқылы анықталады.
VII. Үйге тапсырма
Үй тапсырмасы мұғалімнің нұсқаулығына сәйкес беріледі.
VIII. Оқушыларды бағалау
Бағалау критерийлері бойынша қорытынды баға қойылады.