Қуыршақтың киімін модельдеу
Сабақтың мақсаты
Білімдік
Қуыршаққа киімді модельдеу ұғымын түсіндіру, қуыршақ туралы мағлұмат беру, модельдеу тәсілдерімен таныстыру және таңдалған фасонды эскиз бойынша модельдеуге үйрету.
Дамытушылық
Модельдеу саласындағы білімді тереңдету, жұмыс дағдыларын дамыту, ойдағы фасонды қағаз бетіне түсіре білуге, қиялды жүйелі қолдануға дағдыландыру.
Тәрбиелік
Жұмыс тәртібін сақтау, еңбекті бағалау, еңбек және тұрмыс гигиенасы ережелерін ұстану, өзара көмек көрсетуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың дайындығын тексеру, құрал-жабдықтарды реттеу, жұмыс орнының тазалығы мен қауіпсіздігін қадағалау.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Өткен тақырып бойынша сұрақтар арқылы білімді бекіту:
- 1 Қоржын неше бөліктен тұрады?
- 2 Қоржын қандай бұйым?
- 3 Қоржынның қандай түрлері бар?
- 4 Қоржын қай кезде қолданылады?
Тақырыпты ашу: жұмбақ
Бөбектердей бүлдіршін,
Киініп тұр бір мүсін.
Ол қаз басып жүрмейді,
Сөйлемейді, күлмейді.
Жауабы: қуыршақ.
III. Жаңа сабақ: қуыршақ киімін модельдеу
Модельдеу — эскиз бойынша жасалатын бұйымның үлгісін құрастыру үдерісі. Киімді модельдеумен модельер-суретші айналысады.
Модельерге қойылатын талаптар
- Адамның дене бітімін және костюм бөлшектерінің үйлесімділік заңдарын білу.
- Тігін технологиясын жақсы меңгеру.
Көркемдік модельдеу
Сән үйлеріндегі суретші-модельерлер киімнің сыртқы бейнесін, стильдік ерекшелігін және образын қалыптастырады.
Техникалық модельдеу
Эскизді нақты пішімге айналдыру: бөлшектердің конструкциясы, өлшем, пішу және тігуге лайықтау.
IV. Модельдеудің негізгі принциптері
- 1 Киім адамның ішкі және сыртқы келбетіне сай болуы керек.
- 2 Арнаулы киім мақсатқа сай және қолдануға ыңғайлы болуы қажет.
- 3 Киімнің қолданылу аясына қарай материал дұрыс таңдалуы тиіс.
Сарамандық жұмыс
Тақтада көрсетілген көйлек үлгісін негізге ала отырып, үлгілерді сызып, қағаздан қиып аламыз. Жұмыс алдында қажетті құралдарды жұмбақтар арқылы анықтайық.
Бар екен бір жансыз зат сиыр тұмсық,
Матаның күнде жейді басын қыршып.
Матаның жеген сайын басын қыршып,
Артынан түбіт тұрар қыл-қыбыршық.
Жауабы: қайшы.
Қысқа таяқ діңі бар,
Шиырлаған ізінде,
Сайрап тұрар тілі бар.
Жауабы: қарындаш.
Сансыз ойлар бетінде,
Сайрап жатыр бар тілде.
Қажетпін мен әр күнде,
Өшпейді бір әрпім де.
Жауабы: қағаз.
Жұқа тақтай бөлшегі,
Ұзындықтың өлшемі.
Жауабы: сызғыш.
Тазалап ақ қағаз жүзін,
Жоқ етер қарындаш ізін.
Жауабы: өшіргіш.
Еңбек сабағындағы қауіпсіздік ережелері
- Қайшыны жолдасыңа бергенде, үшкір жағын өзіңе қаратып ұсын.
- Қайшының жүзін жабық күйінде ұстап, партаның оң жағына қой.
- Инені ауызға салуға және киімге түйреуге болмайды.
- Инені алушыға жібі сабақталған жағымен бер.
- Сынған инені жерге тастауға болмайды.
V. Сергіту сәті
Қысқа сергіту жаттығуларын жасап, көзге және қол бұлшықеттеріне демалыс береміз.
VI. Сабақты бекіту
Тақырыпты қорытындылау үшін төмендегі сұрақтарға жауап береміз:
- Модельдеу дегеніміз не?
- Модельдеу неше түрге бөлінеді?
- Қазақстандағы қандай сән үйлерін білесіңдер?
- Стильдің қандай түрлерін атай аласыңдар?
VII. Үй тапсырмасы
Практикалық бөлім
Салған суреттерің бойынша киім үлгілерін модельдеу.
Жазбаша бөлім
«Сән» және «модель» тақырыптарына қысқаша мәнжазба жазу.